Сенбі, 12 шiлде, 04:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51,2464
12.07.2025
PDF мұрағаты

Коммуналдық салада толайым істер бар

12.07.2025

45 0

Биыл Қызылорда қаласында жол құрылысы ерекше қарқынмен дамуда. Бұрынғы ой-шұқырлы көшелердің тақтайдай тегіс. Таяуда ғана «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылы да жаңа келбетке ие болды. Мұндай іргелі жобалар жалғасын тауып келеді. Салаға бөлінген қаржы да қомақты. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев журналистермен жүздесуде айтты.

– Жол-көлік инфрақұрылымын дамы­ту мақсатында биыл 16,8 млрд теңгені құрайтын 17 жоба қолға алынып, соның ішінде 7,5 млрд теңгесі игерілген. Бұл қаржы республикалық, облыстық және қалалық бюджет есебінен бөлінген. Атап айтқанда, «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылы бойындағы «Қызылжарма» ка­налы арқылы өтетін автокөпір құры­лысына 199,8 млн теңге қаралып, нысан маусым айында пайдалануға берілді. Сондай-ақ даңғылды кеңейту жұмыстары аяқталып, жобаның жалғасы ретінде Әбілқайырхан мен Саламатов көшелерін жалғайтын жаңа жолдың құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмысқа «УАД» ЖШС мердігер мекемесі жауапты. Бұдан бөлек, ескі базар аумағында және қала ішіндегі бірқатар көшелерде де жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, 11 көшеге 831,4 млн теңге бөлінген. Атап айтқанда, Әйтеке би, И.Тоқтыбаев, Училищная және И.Журба көшелерінің бөлігі қамтылған – дейді Жеңісбек Файзуллаев.

Жиында Қызылөзек ауылдық окру­гіндегі «Қожақ» каналы үстінен өтетін кө­пірді күрделі жөндеу жұмыстары бастал­ғаны да айтылды. Жобаның құны – 292,3 млн теңге. Сонымен қатар қаладағы 49 ша­қырымды құрайтын 77 көшеге күрделі жөн­деу, 8 шақырым болатын 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған.

– Көгалдандыру саласында да нақты істер бар. Мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған «Қызылорда қала­сының аумағын көгалдандыру және абат­тандыру» жобасы да сәтті жүзеге асуда. Бұл жобаның 5 жылға арналған жалпы құны 18,6 млрд теңгеге жетеді. Бұл жұмыстарды «ҚазСтройКапитал» компаниясының 250 қызметкері атқаруда. Қала аумағына 800 мың дана гүл көшеті, 13,5 мың көпжылдық гүл, 10 мың шаршы метрден астам көгал төселді. Сонымен бірге 45 шақырымға автоматты суару жүйесі орнатылып, 5000-нан аса спринклер мен ротор іске қосылды, 25 дана ұңғыма мен насос станциялары салынды. Абаттандыру бағытында биыл 3 демалыс орны жаңғыртылып, қаладағы мәдени және демалыс саябақтары да жаңару­да. Атап айтқанда, «Тұңғыш Пре­зидент» саябағы мен Қорқыт ата атын­дағы саябақтарда ауқымды жұмыстар жүргізілуде, – дейді бөлім басшысы.

Брифингте қаладағы 18 көпқабатты үйдің ауласын, ойын алаңдарын, шағын футбол, жаттығу және демалыс орында­рын абаттандыру үшін 1,3 млрд теңге қаражат қарастырылғаны да айтылды. Сонымен қатар 20 үйдің қасбеті жөнделіп, бұл бағыттағы жұмысқа 1,4 млрд теңге бөлінген.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: