Сенбі, 21 желтоқсан, 20:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Константин Ким, Ж.Нұрманов атындағы №198 мектептің 10 сынып оқушысы:Білімді болу жетістікке жетелейді

21.12.2024

61 0

Бірнеше тіл білу – заман талабы. Қаламыздағы Жанәбіл Нұрманов атындағы №198 мектептің 10 сынып оқушысы Константин Ким бірнеше тілді жетік меңгерген. Қазірдің өзінде Константиннің ағылшын тілін білу деңгейі сыныптастарынан әлдеқайда жоғары. Дарынды жас тіл білімі жарыстарында алтын медаль иегері атанды. Сонымен қатар ол волонтерлікпен де айналысады.

– Константин, тіл байқауларында алтын медаль жеңіп алдыңыз. Үш тілді қалай меңгердіңіз?

– Достарым түрлі ұлт өкілі болғандықтан, тіл үйренуге қатты қызықтым. 5 сыныптан бастап мектептегі барлық лингвистикалық жобаларға белсенді қатысып келемін. 10 жасымда Абайдың қара сөздерін жатқа оқып, байқауда жүлделі орындарға ие болдым. 7-9 сыныпта тарих, орыс тілі, қазақ әдебиеті пәндері бойынша байқауда бірнеше рет жүлделі орын иелендім. Былтыр «Ағылшын тілі» пәні бойынша қалалық және облыстық кезеңдерде алтын медаль иелендім. Қазіргі уақытта ағылшын тілін білу деңгейім «С1», бұл тіл білу деңгейінің ең жоғары көрсеткіші. Келесі жылдың наурыз айында халықаралық емтихан тапсырып, бұл деңгейімді растауды жоспарлап отырмын.

– Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрсіз. Қоғамдық жұмыс пен сабақты қатар алып жүру қиын емес пе?

– Қоғамдық жұмыстың сабағыма кедергісі болған емес. Алтын медальға үміткермін. Оқу мен үшін ешқашан қиын емес, өйткені тәртібім, алға қойған мақсатым оқуды жеңіл түсінуге көмектеседі. Ұстаздарым әрбір жетістігіме қуанып, мақтан тұтатыны мені жігерлендіре түседі. Биылғы мамыр айында мектеп тарихында алғаш рет мен «Жыл оқушысы» атағына ұсынылдым.

–  «Y-PEER» еріктілер желісіне қосылуға не түрткі болды?

– Қазіргі уақытта ерікті болу мен үшін маңызды. Биылғы ақпанда Instagram әлеуметтік желісінен «Y-PEER» еріктілер желісінің парақшасын көзім шалып қалды. Жастар мен жасөспірімдерге денсаулық және құқық тақырыбы бойынша мен де көмек көрсеткім келді. Еріктілер жобасына қызығып, еш ойланбастан қосылдым. «Y-PEER»-де 9 ай ішінде жалпы 700 адам құрайтын 30-дан астам тренинг өткізуге атсалыстым. Нәтижесінде «Айдың үздік волонтері» атанып, Қызылордадағы «Y-PEER»-дің координаторы болдым. Қазіргі уақытта мақсатымызды жүзеге асыру үшін командамен бірге көп нәрсеге қол жеткіземін деп сенемін.

–  «Y-PEER» халықаралық жастар желісінің мақсаты қандай?

– «Y-PEER» – халықаралық жастар еріктілер желісі, 45-тен астам елде белсенді жұмыс істейді. «Y-PEER» жастар желісі 1999 жылы БҰҰ Тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қоры (UNFPA) қолдауымен құрылып, Қазақстанда 2003 жылы құрылды. Бұл ұйым ЮНФПА-ның (БҰҰ Халық қоныстану қоры) материалдық және әдістемелік қолдауына ие. Ақпарат беру арқылы қауіпсіз және салауатты қоғамды қалыптастырып, әрбір жас салауатты өмір салты, репродуктивті денсаулықты қорғау, АИТВ/ЖИТС, нашақорлықтың алдын алу, гендерлік теңдік, адам құқықтары мәселелері бойынша ақпарат алып отырады. Бүгінде Қазақстанның 300 мыңнан астам жасөспірімдері осы ұйымға мүше. Біздің «Жазғы көшбасшылық мектеп» атты жобамыз денсаулық сақтау министрлігінің бағалауымен ең үздік жоба деп танылды.

–  Қандай мамандық таңдадыңыз?

– Болашақта мен «Әлеуметтану» немесе «Коммуникациялар және БАҚ» мамандығын таңдауды жоспарлап отырмын. Еліміздегі Назарбаев университетін таңдадым, онда «Әлеуметтану» факультеті бар. Оқуды жалғастыру үшін Венгрияға немесе Америкаға барып, беделді университет­тердің бірінде білім алуды жоспарлап отырмын. Бұл мамандықты мен өз қызығушылығыма, дағдыларыма және армандарыма негіздеп таңдадым. Оқуды аяқтаған соң, елге оралып, осы саланы дамытуға өз үлесімді қосқым келеді.

– Достарыңызға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ізденісті тоқтатпау керек. Айналаңызда жетістікке жеткен адамдар көп болсын. Олар сені жақсыны үйренуге ынталандырады. Білімді болу жетістіктерге жетелейді.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Қазіргі уақытта «SAT», «IELTS» және «NUET» емтихандарына дайындалып жатырмын. Сонымен қатар университетте қолданылатын әртүрлі бағдарламаларға қатысудамын. Болашақта мен БҰҰ-да жұмыс істеп, жаһандық деңгейде де көмек көрсетуді армандаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: