Сейсенбі, 27 қаңтар, 01:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№7 (2219)
27.01.2026
PDF мұрағаты

Конституциялық комиссия түзетулер жобасын талқылауға кірісті

27.01.2026

33 0

Астанада Конституциялық комис­сия­ның екінші отырысында Ата заңға ен­гізуге ұсынылған түзетулерді жан-жақты қаралды. Бұл түзетулер қоғам өкілдерінен, саяси партиялардан және сарапшылар қауымдастығынан келіп түскен көптеген ұсыныстардың барлығы ескеріле отырып қалыптастырылды.

ҚР Конституциялық Сотының төрайы­мы Эльвира Азимованың хабарлауынша, Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге біріктірілді.

«Азаматтар мен сарапшылардың бел­сенді қатысуы конституциялық реформа­ның жоғары қоғамдық маңызын растайды. Мұндай диалог форматы негізгі қағидатты айқындайды: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», – деді Эльвира Азимова.         

Отырыс барысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның баян­дамалары тыңдалды.

Атап айтқанда, Әділет министрі түзе­тулерді Конституцияның Үкіметтің, Конституциялық соттың, прокуратура органдары мен сот билігінің жекелеген функцияларын, құқық қорғау тетіктерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды, жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын, сондай-ақ Консти­туцияға өзгерістер мен толықты­рулар енгізу тәртібін реттейтін бөлімдері мен баптарына енгізу ұсынылып отырғанын айтты.

Оның айтуынша түзетулердің жеке­леген блогы болашақ бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты болады. Мысалы, төрағаны тағайын­дау тәртібі, депутаттық корпусты қалыптастыру және өзге де рәсімдік мәселелер регламенттеледі.

Үкіметтің функцияларын реттеу бөлі­гінде мемлекеттік бағдарламаларды бекі­ту, сондай-ақ мемлекеттік комитеттерге қатысты өкілеттіктерді алып тастау ұсынылады.

Сонымен қатар, Конституцияда сот билігінің әкімшілік сот ісін жүргізу арқы­лы жүзеге асырылатыны тікелей көрсетілуі ұсынылады. Бұл құқық үстемдігі қағидатын нығайтуға және мемлекет пен азамат арасындағы нақты теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, ұсы­­ны­лып отырған өзгерістер мемлекеттік жүйе­нің тиімділігін кешенді түрде арттырады.

«Қоғам үшін бұл мемлекеттің сыртқы немесе ішкі жағдайларға қарамастан, дәйек­ті әрі құқықтық алаңда әрекет ететіні­не деген болжамдылық пен толық сенімді білдіреді. Әлеуметтік міндеттемелер орын­далады, экономикалық үрдістер жалғасады, халықаралық міндеттемелер сақталады», – деді әділет министрі.

Өз сөзінде Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров бір палаталы Парламентке көшуге байланысты Конституцияның тиіс­ті баптарына көптеген өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Ұсынылатын тәртіпке сәйкес, Құрыл­тай Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі арқылы сайланатын 145 депутаттан құралады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.

Нұрлан Бекназаров сондай-ақ Конс­титуцияға Халық кеңесінің өкілет­тіктері туралы жеке бөлім енгізу оның айрықша маңызын айқындайтынына назар аударды.

«Халық кеңесі – Қазақстан халқы­ның мүдделерін білдіретін жоғары кон­сультативтік орган, оның құрамы Қазақстан Республикасының азаматтарынан қалып­тас­тырылады. Халық кеңесін құру тәртібі, оның құрамы, өкілеттіктері және қызметін ұйымдастыру мәселелері Конституциялық заңмен бекітіледі», – деді ол.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституциялық комиссия мүшелеріне бірінші отырыстың қорытындысы бойынша әзірленген түзетулердің салыстырмалы кестесін таныстырды.

Оның айтуынша, жинақталған ұсы­ныстар Қазақстанның конституциялық құрылысының негіздерін нақтылау мен нығайтуға, жекелеген нормалардың құқық­тық айқындығын арттыруға және құқық қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған.

Ерекше назар Преамбуланы күшейту­ге, құқықтық және зайырлы мемлекет қағи­даттарын бекітуге, адам қадір-қасиетін, өмір сүру құқығын, жеке бостандық пен қол сұғылмаушылықты, сондай-ақ жеке өмір мен дербес деректерді қорғауға аударылды.

«Ұсынылып отырған өзгерістер конс­титуциялық нормалардың іс жүзінде қолданылуын күшейтуге және оларды тү­сіндіруде бірыңғай тәсілдерді қалып­тастыру­ға бағытталған», – деп түйіндеді Снежанна Имашева.

Конституциялық комиссияның мүше­лері жекелеген жұмыс секциялары шең­берінде негізгі заңға ұсынылған түзетулерді талқылауға кірісті.

gov.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: