Сенбі, 31 қаңтар, 01:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№8 (2220)
31.01.2026
PDF мұрағаты

Конституциялық реформа: Мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры

31.01.2026

40 0

Осыған дейінгі үш отырыста комиссия мүшелері Конституция преамбуласының түбегейлі жаңа редакциясын, бірқатар баптарды және бөлімдерді қарастырды. Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова атап айтқандай, Конституциялық реформа жыл бойы қоғамдық талқылаудан өткен. Электронды платформаға азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылардан, заңгерлерден, басқа да азаматтардан 2 мыңнан аса ұсыныс келіп түскен.

Ауқымды өзгерістер қамтылуда

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшін­ші отырысында білім беру, адамдардың еңбек, жеке бас құқығын қорғау салалары бойынша мәселелер қаралды. Отырыста сөз алғандардың бірі – «Келешек» жастар кеңесінің басшысы Гүлзира Атабаева сөз бостандығы және зияткерлік меншікті қорғаудың кепілдіктерін күшейту жөніндегі бастаманы қолдайтынын айтты.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­ция­сының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев комиссия жұмысы қоғамның заманауи сұраныстарына жауап беретін Ата заңды дайындауға бағытталғанын атап өтті.

– Бүгінде біз қолданыстағы негізгі заңға түзетулер енгізу бойынша ғана емес, сонымен қатар әділетті Қазақстанның сұраныстарына жауап беретін жаңа Конституциясын іс жүзінде қалыптастырып жатырмыз. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген билік архитектурасын жүйелі түрде қайта құру деген сөз. Ол бүкіл реформаның нақты логикасын айқындайды. Бүгінгі Конституциялық комиссияның жұмысы парламенттік реформадан бастау алды, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, конституциялық өзгерістердің үлкен бір бағыты парламенттің болашағына байланысты. Барлық фракция жетекшілері парламенттік реформаның жұмыс тобының қызметіне белсене атсалысқан. Жарты жыл бойы болашақ парламент құрылымы мен құзіреті төңі­регінде нақты нормалар әзірлеп, ұсыныстар берген.

Сонымен қатар мәжіліс депутаты Серік Егізбаев қоршаған ортаны қорғау мәселесін Ата заң арқылы міндеттеуді ұсынды. Оның айтуынша, 31-бапқа азаматтардың табиғатты сақтау міндетін енгізіп, мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау мақсатын айқындауды, ал лауазымды тұлғалардың экологиялық деректерді жасырғаны үшін жауапкершілігін күшейту қажет.

– 61-бап бойынша құрылтайға қоршаған ортаны қорғау заңда­рын реттеу құзіретін беру біздің экологиялық саясатымызға консти­туциялық күш береді деп білемін. Бұл ұсыныстар келер ұрпақ алдын­дағы біздің жауапкершілігімізді айқындайды, – деді Серік Егізбаев.

Комиссия отырыстарында айтылғандай, болашақта құрылтай депутаттарының өкілеттілігі 1,5 есе артады. Бұл мәселе бойынша мәжіліс дептутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым пікір білдірді.

– Меніңше, Конституцияның 53-бабы болашақ құрылтайдың жұмысымен байланысты ең мазмұнды түбегейлі өзгерістерді көздейді. Бұл – қоғамымызға қажетті, қоғам бізден күтіп отырған өзгерістер. Еліміздегі мемлекеттік басқару архитектурасы мен жүйесін байыпты түрде өзгертіп, тұрақтандырады, билік тармақтары арасындағы қажетті теңгерімді қамтамасыз етеді, өкілдік, атқарушы және сот билігі арасындағы тежеу мен теңгерім тұжырымын іске асырады. Ал салыстырмалы кестеде ұсынылған жаңа редакцияда, 23 тармақ бар екеніне назарларыңызды аударғым келеді, яғни өкілеттіктер көлемі бір жарым еседен астам артады. Бұл жаңа өкілеттіктердің барлығы жалпыұлттық референдумда мақұлданған жағдайда тиісті конституциялық заңдар аясында нақтыланып, жүзеге асады, – деді ол.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Консти­туция заңдармен ғана шектелмей, білімге, ғы­лымға, инновацияға, мәдениет пен ұлттық рухқа да бағдар беретіндей болуы керек екенін атап айтты.

– Преамбула мәтінінде «мәдениет және білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға ала отырып» деп жазылуы Конституцияның саяси-құқықтық және бағдарламалық құжат екенін дәйектей түседі. Осылайша, білім мен ғылым – адам әлеуе­тін дамытуға, инновация-технологиялық тәуел­сіздікті қамтамасыз етуге, мәдениет пен рух – халықты біріктіруге қызмет етеді, – деді Үнзила Шапақ.

Қорыта айтқанда, конституциялық рефор­малар жөніндегі комиссияның алғашқы үш оты­рысында Ата заңға енгізілетін өзгерістердің басым бөлігі талқыланды. Ал комиссия төрағасы Эльвира Әзімова комиссияның төртінші оты­рысында ұсыныстарды жоба мәтініне айналдыра отырып, қарастыруды ұсынды.

Ата заң мәтінінің 84% пайызы өзгереді

Конституциялық комиссияның төртінші оты­рысында Конституциялық сот төрағасының орын­басары Бақыт Нұрмұханов Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды. Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түс­кен барлық ұсыныстың негізінде әзірленген.

Жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. Сонымен қатар «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерген.

– Өзгерістер мен толықтырулар Ата заң­ның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ын құрайды. Ұсынылған өзгерістер маңыз­ды әрі ақылға мұқият салынған қадам, олар тұжырымдамалық тәсілдерді өзгертіп, құқықтық дәлдікті нығайтып, Конституцияның сапасын арттырады. Мамандар Конституцияның нормаларын дұрыс жазу, мағыналық сәйкес­сіздіктер мен қарама-қайшылықтарды, сондай-ақ түсініксіз тұстардың алдын алу бойын­ша ауқымды жұмыс атқарды. Жиынтық жоба­да ұсынылған новеллалар Қазақстанның конституциялық негіздерін қамтып, оның келбетін түбегейлі өзгертеді. Бұл түзетулер көз­делген институционалдық және құрылымдық реформалар үшін үлкен әлеуетке ие. Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру және қорғау кепілдіктері күшейтіліп жатыр. Президенттік басқару формасын сақтай отырып, мемлекеттік билік құрылымы айтарлықтай өзгереді, – деді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.

Конституцияның преамбуласы толық  жаңартылады

Қоғам мен мемлекеттің даму бағытын айқын­дайтын Конституцияның преамбуласы толық­тай жаңартылады.  Ол жаңа ұлттық құндылық­тарды және қазіргі заманның талаптарын ескере отырып дайындалған. Сондай-ақ мем­лекет пен діннің өзара ықпалдастығы нор­маларын жетілдіру ұсынылады. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, преамбулада Конституцияны қабылдаудың негізгі мақсаты, қағидаттары, құндылықтары және себептері бекітілген. 

– Жобада мемлекеттің мәртебесі анықтал­ған – Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет, ал оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ретінде танылған. «Конституциялық құрылым негізде­рі» бөлімінде мемлекеттің ұйымдастырылуын, Қазақстанның егемендігін, аумақтық тұтастығын және басқа да маңызды қағидаттарды бекітетін негізгі ережелер көрсетіледі, – деді Бақыт Нұрмұханов.

Сонымен қатар  қазіргі замандағы мәселе­лерді ескере отырып, қоғамдық бірлестіктердің қызметін және олардың мемлекетпен өзара іс-қимылын реттейтін конституциялық ережелерде нақтыланған.

Халық кеңесі ел мүддесін қорғайды

Конституциялық комиссия мүшелері осыған дейінгі отырыстарда Қазақстан Республикасы Ата заңының негізгі бөлімдеріне түзетулерді дайындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарды.

Конституциялық сот төрағасының орын­ба­сары Бақыт Нұрмұханов атап айтқандай, «Президент» бөлімінің ережелері тұжырым­дамалық тұрғыдан қайта қаралды. Оның ішінде президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының құрылтаймен, үкіметпен және басқа да мемлекеттік орган­дармен өзара іс-қимылы аясындағы өкі­лет­тіктері, сондай-ақ кадр мәселелері мен норма шығару функциялары бар. Сонымен қатар вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа бап енгізілген.

– Бір палаталы парламентке көшу аясында «Құрылтай» бөліміне кең ауқымды түзетулер жобасы дайындалды. Атап айтқанда, екі пала­талы парламент және оның осындай жүйедегі қызметі туралы ережелер алынып тасталды. Заң шығарушы органның өкілеттіктері мұқият қайта қаралды. Құрылтайдың сес­сиялары мен қызметін ұйымдастыруға қа­тысты барлық бап жаңартылды. Заң шығару бастамасы құқығы бар субъектілердің тізімі кеңейтілді. Құрылтай қабылдаған заңдармен реттелетін негізгі қо­ғамдық қатынастардың тізімі кеңейтіл­ді. Заң жобаларын қарау және қабылдау рәсім­дерін реттейтін ережелер қайта қаралды, – де­ді Конституциялық сот төрағасының орынбасары.

Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, рес­публи­ка азаматтары арасынан құрылған Халық кеңе­сі­не қатысты ережелер жеке бөлімде шоғырлан­ған. Жаңа жоғары кеңес органы Қазақстан халқы­ның мүдделерін білдіру және заң шығару бастамасы құқығына ие болатыны бекітіледі. Одан бөлек, сала­лық конституциялық заңда көрсетілген Конституциялық соттың құқықтық мәртебесі туралы ережелер де енгізілген.

Неке мен отбасы құндылықтары және қоршаған ортаны қорғау заң тұрғысында күшейтіледі

Елімізде неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі. Төр­тінші отырыста конституциялық сот төраға­сының орынбасары Бақыт Нұрмұханов жаңа өзгерістерді мәлімдеді. Ол ұсынылған өзгерістерге ерекше тоқ­талды. 

– «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты бөлімнің жаңа атауы қарас­тырылған мәселелерді толық қамтиды. Бұл өмір сүру құқығын абсолюттік дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық пен «Миранда ережесінің», цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту деген сөз, – деді Бақыт Нұрмұханов.

Қазіргі кезде Конституцияның 7-бөліміндегі сот әділдігі қағидаты ретінде қарастырылып отырған кейбір нормалардың адам құқықта­рын қорғау кепілдігі ретінде осы бөлімге көшірі­ліп, жеке бапқа біріктіріледі. Сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндік құқығына жаңа мән-мағына беріліп, демократиялық және құқықтық мемлекетте жеке тұлғаның еркін дамуы­ның маңызды шарты саналатын зияткерлік мен­шікті қорғау кепілдіктерінің бөлек түр­лері белгіленген.

Сонымен қатар Конституцияда қоршаған ортаны қорғау міндеттемелері күшейтіледі.

Комиссия отырысында Ата заңға енгізілетін тақырыптардың ауқымы кеңейіп, мәні тереңдей түсуде.

Бала құқығын қорғау күшейтіледі

Конституциялық реформа жөніндегі комис­сияның жұмысы қарқынды жүруде. Бесінші отырыста Ата заңға енгізілетін өзгеріс пен толықтырулар талқыланды.

Комиссия төрағасы Эльвира Әзімова Ата заңның негізгі құрылымы айтарлықтай өзгергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Конс­титуцияның жаңашылдығы, түзетулердің көптігінде ғана емес, ең алдымен оның жаңа тұжырымдамалық мазмұнында. Баптар мен бөлімдер тек редакциялық өзгерістерге ғана ұшырамаған. Конституция мәтіні жаңаша, жаңа мазмұнда, жаңа мағынада қайта жазылған. 

– Жаңа преамбулада, біріншіден, адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мем­лекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды; екіншіден, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім мемлекеттілігіміздің негізі ретінде айқын­далды; үшіншіден, соңғы жылдары қоғам­дық сананың ажырамас бөлігіне айналған Әділеттілік, Заң мен тәртіп, табиғатты аялау сияқты құндылықтар алғаш рет бекітіледі; төртіншіден, алғаш рет Консти­туцияның кіріспесінде мемлекетті­лігіміздің тарихи жолы мен өркениет бастаулары айқын көрсетілді. Яғни преамбуланың кейбір сөйлемдері ғана ауысып, үтір-нүктесі ғана өзгерген жоқ. Жаңа преамбула өткен тарихи тамырымызды құндылық ретін­де айқындап, бүгінгі уақыттың негізгі қағи­даттарын нақты белгілеп, болашаққа бағдар болатын ұстанымдарды бекітіп отыр,  – деді Эльвира Әзімова.

Конституция жобасында отбасы мен бала құқығын қорғау нормалары күшейтілген. Одан бөлек, неке институтын нығайтуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға, баланың құқығын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа ережелер енгізілмек. Бұл туралы еліміздегі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді.

– Конституция жобасының 27-бабында қолданыстағы редакциядағыдай, неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені, ал балаларға қамқорлық жасау мен оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті екені бекітілген. Бұл нормалар декларативті тұрғыда емес, нақты қолданбалы сипатқа ие. Олар мемлекеттік саясаттың негізіне айналып, бала құқықтарын қорғау саласындағы күнделікті жұмысымызға арқау болып отыр. Балаларды қорғау мәселесінде шешім қабылдағанда немесе ұстанымымызды қорғағанда біз дәл осы Конституциядағы түбегейлі қағидаттарға сүйенеміз, –деді Д.Зәкиева.

Бесінші отырыста талқылауда болған мәсе­лелерден түйгеніміз, Жаңа Конституцияда сөз бостандығымен қатар шығармашылық еркін­дік қорғалады. Ата заң құрылымының негіз­дері қайта қаралып, президенттік басқару нысаны сақтала отырып, бірыңғай мемлекеттік билік жүйесінің ұйым­дастырылуы өзгереді. Азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысу нысандары кеңейтіліп, адам мен аза­маттық құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіледі. Комиссия мүше­лері айтқан қорытындыларға сүйенсек, жаңа Конституция қазіргі заман талаптарына, қоғам сұранысына және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына сай келеді.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: