…1995 жылдың жазы болатын. Бесін ауа балуандарға соқтым. Тер иісі сіңген күрес залы даладан бетер қапырық. Қазақ құрамасының бас жаттықтырушысы Дәулет Тұрлықанов жігіттерін терезенің алдына таяу дөңгелентіп, жинап алыпты. Өзінің үсті-басы қара тер. Түшпарадай жентектелген құлағының өзегі қанталап тұр. Өңі сұсты. Жанары отты. Бір нәрсеге қатты бекінген сыңайлы. Шәкірттеріне жағалай қарап, үнсіз отыр.
– Алдағы Азия чемпионатында командалық бірінші орынға таласамыз! – деді Дәулет салмақпен. – Он жылдан бері ешкімнен жеңілмеген Оңтүстік Кореяны осы жолы ұтуға тиіспіз. Ол үшін бізден төрт жігіт чемпион болуы керек. Яғни 68 келідегі Руслан Жұмабеков 74 келіге ауысады. 74 келідегі Бақтияр Байсейітов 82 келіде менің орнымды басады. Мен 90 келіде белдесемін. 90 келідегі Сергей Матвиенко 100 келіде күреседі. Осы төртеуден бір адам сүрініп кетсе, алдағы әлем чемпионатының есігі жабық деп білсін. Түсіндіңдер ме?! – Зал іші құлаққа ұрған танадай. Себебі бұл ешкім күтпеген шешім еді. – Тәуекелге басу оңайға соққан жоқ. Маған әрқайсыңның амандығың қажет. Біреуіңді жазатайым мертіктіріп аламын ба деп, бір жағы қауіптеніп отырмын. Тәуекел дейміз бе, жігіттер!
Балуандар қырандай дүр сілкінді: – Тәуекел! – Келістік, аға! Тәуекел!
Бас бапкердің жүзі әп-сәтте жадырап сала берді.
…Тас-түйін жиналып, Филиппин астанасы Манилаға жеттік. Қазақ құрамасының тізімін қолына алған Оңтүстік Корея құрамасының бас жаттықтырушысы Ким Ен Намның өңі сұп-сұр боп кетті… Тұрлықанов сенім артқан жігіттер ерледі. Руслан Жұмабеков, Бақтияр Байсейітов және Сергей Матвиенко қарсыластарын бет қаратпай ұтып, Азия чемпионатының алтын тұғырына табан тіреді.
Командалық бас бәйгенің тағдыры Дәулет Тұрлықанов пен корей Ун Син Анның арасындағы бәсекеге тірелгені – біздің бапкердің есебінің тура шыққанын білдіріп еді. Осы белдесуге дейін Кореяның еншісінде төрт алтын, бізде үш алтын медаль бар болатын. Бірақ біздің корейлерден бір қола жүлдеміз артық. Яғни 90 келіде кім жықса, командалық жеңіс сол жаққа бұйырады. Корей балуаны жоны жалпақ, еңсегей бойлы дәу. 95 келідей тартады. Бойы – 193 сантиметр. Дәулеттің салмағы 81-82 келі, бойы – 178 сантиметр.
Белдесу тізгіні Дәулеттің, ал қазылық тізгіні корейлердің қолында. Атойлаған Тұрлықановты төреші қайта-қайта төрттағанға салумен болды. Есеп – 2:1. Азия ойындарының жеңімпазы Ун Син алда тұр. Әбден сілесі қатқан Дәулеттің қолы қарсыласының мойнына оралған сайын еріксіз орнымыздан тұрып кетеміз. Ун Син Дәулеттің сол жамбасына ілігуден қорқып, қашқақтап жүр. Тұрлықанов көкжал қасқырдай тап-тап береді. Ун Син басын кегжитіп, шегінуге мәжбүр.
Мұндайда сағат тілі де зыр қағады емес пе?! Белдесу бітуге жиырма тоғыз секунд қалғанда Дәулет электронды таблоға жалт қарады да, қарсыласына қабыланша атылды. Қас пен көздің арасында Ун Синннің жуан мойнын үзіп жіберердей қуатпен жұлқи тартқан. Сол жамбастан зәредей қорқатын Ун Син кеудесін тіктеп, шалқая берді. Тұрлықанов қас-қағымда қарағайдай корейді белден іліп, тік көтеріп әкетті. Кілем шетіндегі Ким Ен Намның көзі атыздай. Төрт жарым минут бойы осы сәттің орайын күткен Дәулет ұзынтұра корейді бір-екі толғап алып, шалқая бере кілемге атып ұрды. Жер түбінен барған ат төбеліндей қазақ аспанға қарғыдық. Корейдің бас бапкері Ким Ен Нам шекесін сығымдаған күйі тастай қатып, отырып қалды. Азия күрес федерациясының басшысы Ким мырза жағын таянған бойда жанарын төмен сала берді. Кілемдегі төрешінің үш саусағы шошайды, есеп – 4:2!
Төреші Дәулеттің қолын көтерген сәтте дүниежүзілік күрес федерациясының президенті Милан Эрциган қария қуанышын жасыра алмай, баппен қол соқты. Мерейі өскен қазақ жанкүйерлері Маниланың спорт сарайын көшіріп жіберуге шақ қалдық. Сол кеште тарихта тұңғыш рет Азияның командалық бас жүлдесін ұтқан қазақ құрамасының құрметіне Әнұранымыз Манила аспанында тым биікте, дауылдата шарықтады. Азия күресінің майталмандары мен қалың жанкүйер осы жеңіске дуылдата қол соғып тұрған сәтте Дәулеттің жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті…
Қыдырбек РЫСБЕК,
спорт журналисі, зерттеуші
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!