Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе, – деп Қасым Аманжолов жырлағандай, қазақ ән мен күй десе ішкен асын жерге қойған халық. Қасиетті қара домбыраның көмейінен төгілген күйдің құдыреті иісі қазақты баурап алады. Бүгінде киелі өнер атадан балаға мирас болып, көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің шыңы – қазақтың күйі. Құрманғазы, Тәттімбет бабамыздан, Дина анамыздан ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып, музыкалық сауаты жоқ кезде дүниеге келген ән-күйлер өмірмен бірге жасасып, ауыздан-ауызға, қолдан-қолға көшіп, біздің заманымызға жетті. Қазақ халқы өзінің көңіл-күйі мен арманын, қоғамға деген көзқарасын домбыраның қос ішегі арқылы жеткізе білді. Суырып салма ақындар мен бармағынан бал тамған күйшілер арқылы бізге жеткен назды әндер, ғажайып күйлер халқымыздың музыка мұрасы ғана емес, мәдени байлығы, рухани азығы.
Осындай ұлық өнерді дәріптеп, Сыр өңіріндегі атадан жеткен қасиетті өнердің шырақшысы болып, күй сандықты асыл мұрамен толықтырып, өнер саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген, күйшілердің еңбегін насихаттап, жарыққа шығарып жүрген жанның бірі – ҚР «Мәдениет саласының үздігі», «Қорқыт ата» медалінің иегері, ҚР Композиторлар және Журналистер одағының мүшесі, өнер зерттеушісі, доцент, күйші-композитор Балтабай Нұржанов.
Талант иесі 1945 жылы маусым айында Сырдария ауданы, Талсуат ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Ақтөбе қаласындағы республиқалық мәдени-ағарту училищесінің оркестр бөлімін ойдағыдай аяқтап, Ақтөбе қаласындағы облыстық филармонияда жұмыс істейді. Әскери борышын өтеген соң әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық институты қабырғасында «Мәдени-ағарту» мамандығын алып, ұстаздық жолын Қызылорда қаласындағы №1 балалар музыка мектебінде домбыра сыныбынан дәріс беріп бастайды. Мұнан соң №140, 212, 10 орта мектептерде ұстаздық етіп, «Жауқазын», «Айгөлек» ән-би ансамблін құрып, жетекшілік жасайды. Тәрбиелеген шәкірттері талай өнер байқауларында топ жарды.
1975 жылы облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасына қарасты мәдениет үйінің директорлық қызметін атқарып, қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалап, оның дирижері, әрі көркемдік жетекшісі болды. Өнер ұжымы Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды қалаларында өткен респуликалық байқауларда бірінші орын иеленіп, диплом, мақтау қағазбен марапатталып, бағалы сыйлықтар алады.
Айта кету керек, сол кездегі оркестр құрамында қазіргі өнер тарландары композитор Рамазан Тайманов, жезтаңдай әнші Мәдина Ералиева, жырау-термеші Алмас Алматов, композитор Нұрмаш Алғашбаев болған еді. Балтабай Нұржанов басқарған өнер ұжымы 1977 жылы Шымкент қаласында өткен бірінші бүкілодақтық шығармашылық фестивалінде лауреат атанды. 1977-1987 жылдары I-II бүкілодақтық халық шығармашылық фестивалінің лауреаты атанды. 1989 жылы Батыс Қазақстан темір жол басқармасына қарасты № 1 мектеп-интернат оқушыларынан ұйымдастырған «Атамұра» этно-фольклорлық ансамблі Мәскеуде өткен халық шығармашылық фестивалінде дипломат болды.
Өнер иесі 1990-2008 жылдар аралығында Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің «Музыкалық аспаптар» кафедрасының доценті болып, домбыра сыныбынан, аспап танудан дәріс берген. Ұзақ жыл «Сыр сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне жетекшілік етті.
Кәсіби өнер саласын меңгерген талант иесі білікті музыка маманы ретінде Сыр өңіріндегі Әлшекей, Құрақтың Досжаны сынды дүлдүлдердің күйлерін нотаға түсіріп, олардың шығу тарихын кітап етіп шығарып, өнерсүйер қауымның алғысына бөленді.
«Қорқыт сарыны» кітабын қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілінде жазып, күйлерін дискіге түсіріп, кітапқа қосымша мәлімет етіп берді. Баспадан жарыққа шыққан «Сыр сазы», «Әлшекей», «Құрақтың Досжаны», «Сырдың сырлы саздары», «Сен ғана», «Домбыраға арналған хрестоматия», «Қорқыт сарыны», «Ой толғанысы», «Сыр бойы күйлері», «Аңсау», «Домбыраға арналған этюдттер», «Оркестрге және фольклор ансамбліне түсірген күйлер мен әндердің партитуралары» кітаптары оқу орындары мен өнер мектебінде қосымша оқулық ретінде пайдаланылуда.
«Қорқыт тану-1», «Қорқыт тану-2» кітаптарына мақалалары енген. 60-қа тарта күйдің, түрлі тақырыптағы күй-поэмалардың, 40-қа тарта әндердің авторы. Күйлері «Шалқар» әуе толқынынан үнемі беріліп тұрады. Сондай-ақ Сыр елі энциклопедиясының жарыққа шығуына да өз үлесін қосқан.
Күйші-ұстаздан тәлім-тәрбие алған Алмас Кішкенбаев, Сәбит Қорабаев, Талғат Нағашыбаев, Нұрмаш Алғашбаев, Мереке Күзембаев, Сәкен Шынымов, Индира Елубаева бүгінде ел құрметіне бөленіп жүр.
Талант иесінің еңбегі еленіп, Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен, облыстық, қалалық мәслихаттың, білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымының, облыстық мәдениет басқармасының, қалалық мәдениет бөлімінің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ректорының алғыс хатымен марапатталған. 2017 жылы Қорқыт ата медалімен, 2018 жылы Қызылорда қаласына 200 жыл мерекелік медалімен, дәулескер күйші Әлшекей Бектібайұлы медалімен марапатталған. Бүгінде 80 жасқа келген тарлан талант иесі, күйші-композитор, ұстаз Балтабай Нұржанов 25-тен астам кітаптың авторы, ел сыйлайтын абыз қарт. Сыр елінің күй мен ән қоржынына олжа салып, өнерге қалтқысыз қызмет еткен мерейтой иесіне шығармашылық табыс тілейміз.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!