Күлгім келеді. Ой бір аспан күлгендей жарқылдап, көзімнен жас аққанша күлгім келеді. Айналадағылар маған қараса өмірдегі ең бақытты адамдай бүкіл қайғы-мұңы мен уайымын ұмытып кететіндей күлгім келеді. Сенесіз бе, кәдімгі есі ауысқан адамдай күлсем деймін. Көп болды, солай күле алмай жүрмін. Кейде бар ғой, «Шаншар» тәрізді азуын айға білеген алпауыт әзілкештердің әзіліне күліп, орындыққа отыра алмай бүк түсіп жатып күлетін көрермендерге қатты қызығамын. Сол менде орындалмай жүрген бір арман сияқты.
Қайсыбір жылы күлдім. Күлгенде де бір, сіздер үшін түкке тұрғысыз әзіл болар-ау, бірақ мен сол жағдайға қатты күлдім. Бала күннен бірге өскен, оның үстіне туысқандығы бар Пәтөш деген досым бар. Ана жолы екеуміз үзеңгілес болып, бір қала мен екінші қаланың ортасында он сағатқа жуық уақытты бірге өткіздік.
– Досым, – деді делдиген танауын бір тартып қойып. – Қалаға көшкелі жатырмын.
– Өй, әпенді, астыңнан су шықты ма? Шаңырақты тастап көшемің қалай? Әлде қатыныңа рөлді беріп, соңынан сүмеңдеген қандендей қалаға тартпақпысың? – дедім оның әңгімесінің түп-төркініне қарайлап.
– Балалардың болашағы бұлыңғыр. Қала көрсін, көзі ашылып, оқысын, жақсы білім алсын деген ойым еді. Біз осы ауылдан қандай білім алдық осы? – деді ол көзін дөңгелентіп.
– Өзің бір көксоққыр екенсің. Бізбен бір сыныпта оқыған Доқтырбайдың алдына қазір ұзынсонар кезек тұрады. Бұрыннан сол алдыңғы партада отырғыш еді, көрдің бе, қандай мықты болғанын. Мұғалімдер соны үйіне әкетіп оқытқан жоқ қой. Саған да, маған да, оған да бірдей қарады. Әлде Әтіркүлді бөліп-жарып оқытты ма? Ол оқудан соң оқу оқып, мәгістіратурәні да бітірді. Қазір пиәшти ма, пәшти ма доктыр. Астананың төрінде кәтежде тұрады дейді. Енді маған айтшы, сенің осы не мамандығың, не тұрақты жұмысың болмай, безілдеп анда бір, мұнда бір жүргеніңе мұғалімдер кінәлі ме? – деп қойып қалдым.
Әдепкіде иланғандай болған. Аузына ащысу кіргеннен кейін қайта ашыла бастады.
– Ол – тәрбиеден, – деп бастады қоқиланып. – Балам ашыла алмай жүр. Орыс мектебіне беремін. Сосын ойын еркін айтатын, именбейтін болады. Мен осы бастан оны қолдап, орыс мектебіне беретін болып шештім. Ойын ашық айтқаны жақсы ғой, – деп мәселені басқа бір қырынан түйрей салды.
Үндемедім. Ол тағы да делдиген танауын тартып, маңдайынан шып-шып аққан терді орамалымен сүрте түсті. Күшіне мініп, әлсін-әлсін едірейіп қарап қояды. Айта алмай отырғаны, ішіне бүккені бар сияқты. Бірақ орайын тауып, сырғытып жібермекші.
– Мен енді ғана түсініп отырмын. Сен мені топас дедің бе, сонда, – деді әлдеқашан айтылған әңгімеге қайта оралып.
– Жындыға жындысың деп айтсаң, мойындамайды, – дедім де тұспалдап нүктесін қойдым. Бірақ оның ашуы әлі де тарқамады.
Осылай он күн бойы күнде әлденені сипақтап, әңгіме қылып, ауылға жеткенде Пәтөштің күйі мәз емес еді. Әбден масайған оның түрі адам шошырлық болды.
Есікті қақтым. Үйден әйелі, оның арғы жағынан мектепке енді ғана баратын бала көрінді.
– Пьян што ли, – деді өмірлік жары мұрнын шүйіре қарап.
– Мам, не пусти, пусть на дворе ночует, – деді құйтақандай бала.
Ойын ашық айтады, баламды орыс мектебіне беремін деген досымның қалжыраған түріне қарадым. Адам аяйтындай күйде еді…
Содан бері баласын орыс мектебіне беріп, өз өмірін қиындатып жүрген қазақтарға қарап жаным ашиды. Қазақтан шыққан ұлы қайраткерлер де осы тілдің мейіріміне қанып өскен еді ғой.
Үйге келіп, теледидарды қостым. Жаңалықтар болып жатыр екен. Депутаттар министрге сұрақты қарша боратып жатыр. Ал ол сәл үнсіздіктен соң:
– Можно я на русском отвечу…
Сол жолы күлгеннен емес, күйгеннен күлгенмін…
Қошқарбай
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!