Сенбі, 21 ақпан, 01:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№14 (2226)
21.02.2026
PDF мұрағаты

«Күлкі шарының» қасіреті

21.02.2026

35 0

Қолында түрлі түсті шар. Себепсіз күлкі. Бірнеше секундтық әсер. Қазіргі таңда жастар арасында «күлкі шары» деген атаумен таралған бұл әдет алғашында зияны жоқ, қызық секілді көрінері анық. Алайда мамандар оның астарында адам денсаулығына төнген елеулі қауіп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Азот тотығы – медицинада қолданылатын газ. Бірақ соңғы жылдары ол ойын-сауық құралына айналып үлгерді. Жастар оны көңіл көтерудің «оңай» жолы деп ойлайды. Ал дәрігерлер бұл үрдісті есірткіге апаратын алғашқы баспалдақтардың бірі деп атайды. Мәселенің жай-жапсарын анықтап көрдік.

Күлдіре ме, жылата ма?

Азот тотығы медицинада жеңіл ота жасауда, соның ішінде босану кезінде ауырсынуды азайту мақсатында қолданылады. Бірақ медициналық тәжірибеде ол ешқашан таза күйінде берілмейді. Газды оттегімен араластырылып, белгіленген мөлшермен, дәрігердің нұсқауымен пайдаланылады.  Ал жастар тұтынатын «күлкі шарында» мұндай бақылау жоқ. Газ шарға толтырылады да, бірнеше секунд ішінде жұтады. Нәтижесінде адамда эйфория сезімі пайда болып, себепсіз күліп, адамның өн бойында ерекше әсер пайда болады. Азот тотығы орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Күлкі шарын пайдаланар сәтте мида (гипоксия) оттегі жетіспеушілігі болады. Яғни ағза жасанды күйге түседі. Оның әсері 10-15 минуттан аспайды. Кейін ағзада «күлкі шарына» деген тәуелділік артады. Мамандардың айтуынша, азот тотығын жиі пайдалану жүйке жүйесіне ауыр салмақ түсіреді. Бірнеше рет қолданудың өзі бас айналуға, қозғалыстың бұзылуына әкелуі мүмкін. Ал тұрақты тұтыну есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне, эмоциялық тұрақсыздыққа, тіпті естен тануға дейін жеткізеді. Ең қауіпті салдардың бірі – В12 дәруменінің ағзада жойылуына әкеліп соғады. Бұл дәрумен жүйке жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет. Оның жетіспеушілігі сал ауруына дейін апаратын ауыр неврологиялық асқынуларға себеп болуы мүмкін. Тағы бір алаңдататын жайт – азот тотығын алкогольмен немесе басқа да психоактивті заттармен бірге қолдану. Мұндай жағдайда улану қаупі бірнеше есе артады. Тек улану ғана емес, адам өміріне қауіп төнуі мүмкін. Алғашында жастар «күлкі шарын» қызық көріп қолдана бастайды.  Бірақ адам миында психологиялық тәуелділік тез қалыптасады.  Кей жағдайда «күлкі шарын» бір рет пайдаланғаннан кейін адам одан күштірек әсер іздей бастайды.

Әлем дабыл қағуда

Соңғы онжылдықта бірқатар елде азот тотығын теріс пайдалану көрсеткіші күрт артқан. Ғылыми зерттеулерде 2010 жылмен салыстырғанда кейінгі жылдары өлім-жітім жағдайлары бірнеше есе көбейгені айтылған. Сарапшылар мұны интернет арқылы сату көбейгенімен байланыстырады. Онлайн платформаларда газ баллондарын сатып алу оңай. Ал құқықтық бақылау көп елде кеш енгізілді. Ұлыбритания 2023 жылы азот тотығын есірткі заттарының қатарына қосты. Заңсыз сатқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Нидерланды толық тыйым салды. Ресей де заңсыз айналымын шектеді.

Қазақстанда ахуал қандай?

Қазақстанда азот тотығы ұзақ уақыт бойы нақты тыйым салынған заттар тізіміне енбеді. 2023 жылы ол күшті әсер ететін зат ретінде танылғанымен, заң­намалық шектеулер жеткілікті деңгейде болмады. Бүгінде газ толтырылған шарларды әлеуметтік желілер арқылы, түнгі клубтарда немесе жеке сатушылардан табу қиын емес. Бағасы қалтаға салмақ салмайды. Бір шар шамамен 2000 теңге, оны жасөспірімдерге дейін алу мүмкіндігі жоғары екенін аңғартады. Азот тотығының заңсыз айналымы қоғамда алаңдаушылық туғызған еді. Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Үкіметке депутаттық сауал жолдап, бақы­лауды күшейту қажеттігін көтерген еді. Нәтижесінде әсері күшті «күлкі шарының» айналымын қатаң реттеуге бағытталған заң қабылданды. Аталған заң 2026 жылғы 1 қаң­тардан бастап күшіне енді.

Депутаттың айтуынша, биылдан бастап азот тотығы заң жүзінде толық бақылауға алына­­ды. Оны заңсыз сақтау, сату және тарату әрекет­тері әкімшілік жауапкершіліктен қылмыс­тық жауапкершілікке ауыстырылады. Атап айтқан­да, ҚР Қылмыстық кодексінің 301 және 303-бапта­ры күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналы­мы, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзға­ны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Ал ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі­нің 440-1-бабына сәйкес, есірткі құралдарын, пси­хотроптық заттарды, олардың аналогтерін және күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында алдын алу жұмыстары күшейтілмек. Психологтардың айтуынша, жас­өспірімдер көбіне қызығушылықтан немесе қа­тарынан қалмау үшін тәуекелге барады. Ортасы маңызды рөл ойнайды. Кей жағдайда отбасындағы түсініспеушілік, эмоционалдық қолдаудың аздығы да әсер етеді. Сондықтан ата-ана баласымен ашық сөйлескені дұрыс. Қоғамда бұл құбылыс әлі толық зерттеліп, ашық талқыланбай жатыр. Дегенмен маман­дардың дабылы бекер емес. Егер алдын алу шаралары жүйелі жүргізілмесе, «күлкі шары» ертең үлкен әлеуметтік мәселеге айналуы мүмкін.

Тәртіп сақшылары тәртіпке келтіруде

Қызылорда қаласындағы түнгі клубтардың бірінде азот оксиді құйылған шарлардың ашық түрде сатылып жатқаны туралы белгілі болды. Аталған дерек негізінде облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері прокуратура органдарымен бірлесіп рейдтік іс-шара өткізді. Тексеру барысында түнгі клуб аумағынан 10 литрлік 4 газ баллоны және полиэтилен пакетке салынған 6 шар анықталған. Оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Аталған бап улы заттардың, сондай-ақ есірткі және психотроптық заттарды дайындауға, заңсыз сауда айналымына қатысты жауапкершілікке алынады. Бүгінде тәртіп сақшылары демалыс күндері қала ішінде рейдтік шаралар жүргізуде.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: