Маңдайын күн сүйген диқандар егін алқабында жүр. Көктемде жерге тастаған дәннен мол өнім алсақ деген үлкен үміт бар. Биылғы аяқсу мәселесі күріш көлемін қысқартуға себеп болды. Әйтсе де, оның орнын суды аз қажет ететін дақылдармен ауыстырып жатыр. Биыл өткен жылға қарағанда егілген күріш көлемі 355 гектарға кем.
– Биыл Қызылорда қаласы бойынша 8709 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 3 689 гектар, жаздық бидай 118 гектар, картоп дақылы 130 гектар, көкөніс дақылы 1 329 гектар, бақша дақылы 990 гектар, мал азықтық дақыл 2 453 гектарды құрайды. Ерте көктемде егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары аяқталып, бүгінгі күнге 985 гектарға жаңа жоңышқа, 531 гектарға жаздық бидай, 30 гектарға жаздық арпа, 15 гектарға қант құмайы, 13 гектарға судан шөбі егіліп, 1 318 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібеков.
Маржаны күнмен шағылысқан сұлу Сырдың бойында күріш дақылын егу жұмыстары сәуірдің 23-нен басталды. Бүгінге дейін 3454 гектары егіліп, суға бастырылды. Күріш дақылының егіс көлемі жоспарланған көлемінен 355 гектарға кем егілген. Ал 2449 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу жоспарланып, 130 гектар картоп, 1329 гектар көкөніс, 990 гектар бақша дақылы егілді.
– Ораққа түсетін 1318 гектар мал азықтық ескі жоңышқа шөбінің бірінші орымы басталып, 500 гектарынан 1000 тонна жоңышқа шөп дайындалды. Вегетациялық кезеңде су тапшылығының алдын алу мақсатында қолда бар 23 дана СНП-500 су қондырығыларын пайдалануға дайын. Қашыртқылар, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары бойынша шаруашылықаралық және ішкі каналдардың 199 мың текшеметр топырағы шығарылып, 4 дана гидробекет, 4 дана су құрылысы жөндеуден өткізілді, – дейді Мейрамбек Темірханұлы.
Мамандардың айтуынша, биылғы егіске 1080 тонна күріш тұқымы құйылды. Тұқымының 4 пайызы отандық сорттардан болса, 96 пайызы – ресейлік сорттардың еншісінде. Атап айтқанда, отандық сорттар бойынша «Сыр сұлуы» мен «Маржан» сорты әрқайсысы 20 тоннадан, ресейлік сорттардан 780 тонна «Лидер», 260 тонна «Янтарь» сорты егілді.
– Егінге барлық жағдай жасалды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 3278 тоннаны құрап, толығымен сатып алынды. Оның ішінде 2086,4 тонна аммоний сульфаты, 857 тонна карбамид пен 556,6 тонна аммофос бар. Ал арамшөптерге қарсы гербицидтердің қажетті көлемі 3025 литрі толығымен сатып алынды. Ал техникаға келсек, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 154 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Оның ішінде 97 дана трактор, 22 трактор тіркемесі, 21 соқа, 9 дән сепкіш, 5 жүк көлігі бар, – дейді бөлім басшысы.
Айтпақшы, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті 269,5 тонна дизель отынын жеткізіп беруші операторлар «РК Мұнай» және «Жібек жолы LTD» ЖШС белгіленді. Бүгінгі күнге шаруашылық құрылымдарының қажетті дизель отынының сұранысы бойынша жеткізіліп берілуде. Мұндағы баға да жеңілдетілген. Бір литрін 254 теңгеден беруде.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!