Бүгінде үйде отырып-ақ қалаған затыңызға тапсырыс беруге, еш қиындықсыз діттеген жерге жеткізуге болады. Бұрынғыдай арнайылап, барудың қажеті жоқ. Сіз үшін курьерлер зыр жүгіріп қызмет етуге даяр. Тек ықысын төлесеңіз болды. Жеткізу қызметі қазір әр тұрғын үшін тиімді. Өзіңізге керек кез келген затты дүкендерден, жергілікті сауда орындарынан, тіпті ыстық тағамнан бастап, азық-түлік пен дәрі-дәрмекке дейін тапсырыс беруге мүмкіндік бар. Бүгінде курьерлік қызмет қарқынды дамып келеді. Курьер болып жүрген жастар аз емес. Олардың арасында студенттер де, дипломды мамандар да бар. «Қызық кәсіп» айдарында бұл жолы курьердің бір күнін жазғымыз келген. Сол сәтте «Facebook» әлеуметтік желісінен курьер қызметін атқарып жүрген Төлжан Иманәлінің жазбасын оқып, өзіне хабарластық. Оның жасы 49- да. Курьерлік қызметті көбіне жастар таңдайтыны белгілі. Жүгіріп жүріп, жұмыс істеу оңай емес. Ал елуді еңсеріп қалған нәзік жанның курьер болып жүргені бізге қызық көрінді.
– Жұмыс іздеп жүргенмін. Мамандығым бойынша жұмыс табыла қоймады. Фейсбуктағы бір досым: «неге курьер болып көрмеске?» деп кеңес берді. Бір қызығы, ол адамды мен өмірде көрмегенмін. Ол өз оқиғасын айтып беріп, ақыл-кеңес берді. Бүгінде курьер болып бала-шағасын асырап отырғанын айтты. Тиімді тұсы, айлықты күнделікті береді екен. Жұмыс кестесін де өзің қоясың. Маған бұл ұсыныс бірден ұнады, – дейді Төлжан Иманәлі.
Курьерлік қызметке тіркелу аса бір қиындық тудырмайды екен. Алдымен курьер қызметі қосымшасына тіркелу үшін ресми сайтқа өтініш жазу керек. Әрі қарай тіркеліп, аккаунт ашу маңызды. Сонымен қатар зат тасуға арналған сөмке мен қосымша керек-жарағын сатып алып, сақадай сай болу керек.
Курьер болу Төлжанға қиындық туғызбаған сыңайлы.
– Мен Алматы қаласының сыртында, шамамен 15 шақырым жерде тұрамын. Жұмыс кестемді өзіме ыңғайлы етіп қойып алғанмын. Таңғы сағат 10-да жұмысқа шығамын. Бұл маған тиімді. Бірінші күннің өзінде 7 тапсырыс түсіп, 12 мың теңге алдым, – дейді ол.
Оның айтуынша, қалада адаспау үшін 2GIS қосымшасын жүктеп алған тиімді. Картаға қарап отырып-ақ діттеген жерге жетеді. Қазіргі таңда ол «Wolt» жеткізу компаниясында жұмыс істейді. Айта кетейік, Қазақстанда жеткізу қызметін ұсынатын негізгі платформалар қатарында Yandex, Glovo, inDrive, Wolt бар.
Қиындықсыз жұмыс болмайды
Курьерлік қызметтің қызығы да, қиындығы да қатар жүреді. Оңай жұмыс жоқ.
– Біріншіден, ауа райы өте қолайсыз. Бірде суық, бірде жаңбыр, бірде қар дегендей. Сонымен қатар жеткізу кезінде кейбір көпқабатты үйлерде лифт істемей қалады. 15-20 қабатқа дейін баспалдақпен көтерілуге кейде шамаң жетпей қалады. Автотұрақтың жоқтығы да қиындық тудырады. Бұл барша курьерге кедергі болатын жайт, – дейді Төлжан.
Тапсырыс берушілердің арасында дөрекілік танытатындар да бар екен. Әрине, адамның бәрі бірдей емес. Дегенмен еңбекті бағалау керек екенін кейде ұмытып кетіп жатамыз.
– Сол күні қар жауып тұрды. Дала суық, боран. Дәріханадан екі затқа тапсырыс түсті. Екеуінің мекенжайы бір жерде екен. Тапсырысты беру үшін тұтынушыға хабарлассам, ұялы телефоны өшірулі. Екі-үш рет қайта қоңырау шалуға мәжбүр болдым. Телефон алмаған соң, көлігімнен түсіп, қақпасын қақтым. Біраз күттім, тырс етпеді. Бір кезде ер адамның дауысы естілді. «Кімсің?» деп айқайлады. «Диана есімді қыз осы үйде тұра ма?» дегенім сол еді, «қызым ұйықтап жатыр, мазалама» деп ұрыса жөнелді. Қызының тапсырыс бергенін айтып, зат келгенін растау үшін құпия сөзді айтуын өтіндім. «Ұйқыдан тұрсын, сол кезде айтамын», деді. Қайтадан айқайға басып: «сен неге қақпаны ұрасың?» деп ашуланды. Шыны керек, жүрегім ауырды. «Мен де біреудің қызымын ғой. Бұл жұмыстан байып кетпеймін, дегенмен өзімді асырауға жетеді» деп өзімді қорғауға тырыстым. Міне, өмірде неше түрлі адамдар болады. Оның ойынша, мен қызының ұйқыдан тұрғанын қақаған аязда, сыртта күтіп тұруым керек екен. Ондай боларын білгенде тапсырыс бермеуі керек еді ғой. Бұл тек менің ғана мәселем емес, барша курьерлердің жанайқайы, – дейді ол.
Жаман ұлт болмайды…
Әрине, адамның бәрі бірдей емес. Жылы сөзбен демеп, қамқорлық танытатындар да бар. Мұндайда қуанып қалатынын айтты.
– Бірде әуежай жаққа тапсырыс түсті. Күн суық, сықырлаған аяз. Тапсырыс беруші орыс әйел екен. Жүзі жылы. Жаурап тұрғанымды көріп, «үйге кіріп, шай ішіңіз» –деп қайта-қайта қолқа салды. Сонда түсінгенім, жаман ұлт болмайды, жаман адам болады екен. Адамға жылы сөз жеткілікті. Танымайтын адам үйінің төрінен шай ұсынып, жаурап қалғанымды көріп, қамқорлық танытты, – дейді ол.
Намысты жинап қоюға тура келді
– Егер курьер боламын деп бекінсеңіз, намыстанудың қажеті жоқ. Жалпы адам өмірде бір жетістікке жетемін десе, «ел не дейді, жұрт не ойлайды?» деген пікірді ысырып қою керек, – дейді Төлжан.
Тағы бір кейіпкеріміз – қызылордалық Аслан Назаров (аты-жөнін өзгертуді қалады автор). Бүгінде оның курьерлік қызмет атқарып жүргеніне үш жыл болыпты. Күн сайын таңнан кешке дейін қала көшелерін шарлап, тұрғындардың тапсырысын уақытылы жеткізу міндетін адал орындап жүргенін айтты.
– Курьер болу – оңай жұмыс емес. Ептілік, шыдамдылық, жылдамдық қажет. Түрлі тапсырыс беруші бар. Олардың әрқайсысының мінезі де әртүрлі. Сондықтан шыдамдылық қажет. Кейде ауа райы қолайсыз болады, кейде тапсырыс саны көбейіп кетеді. Қалай болғанда жұмысты уақытылы орындау керек. Тапсырыс берушілердің пікірі де маңызды. Олар әрбір тапсырысты жеткізгеннен кейін, біздің жұмысымызға баға береді. Сол арқылы көрсеткіш деңгейі де артады. Дегенмен Қызылордада курьер болу басқа қалаларға қарағанда әлдеқайда оңай. Қала іші жақын, аса бір кептеліс жоқ. Діттеген жерге жарты сағаттың ішінде жетуге мүмкіндік бар, – дейді ол.
Асланның айтуынша, бұл салада уақытпен жарысу – үйреншікті жағдай. Әр тапсырыстың артында күтіп отырған адам бар. Сондықтан кешігу – тек уақыт жоғалту емес, сенімге селкеу түсіру. Үлкен қалалармен салыстырғанда жол кептелісі жоқ десек те, Қызылорданың жаз айларындағы аптап ыстығы, күз, көктем мезгілінде дауылға қарамай жұмыс істеу курьерлерге оңай тимесі анық. Мақала дайындау барысында курьер қызметі туралы тұрғындардың да пікірін білген едік.
– Қазір есік алдына шығуға ерінетін заман болды. Қарбалас өмір. Дегенмен курьер қызметінің болуы бізді қуантады. Уақытты үнемдейді. Қазір тағамға тапсырыс берсек те, дүкеннен киім алсақ та курьерге жүгінеміз. Біз үшін қолайлы, – дейді Ақжан Айтбай.
– Курьер қызметі арқылы кез келген тауарды алдыра аламыз. Үйде отырып-ақ тапсырыс беру өте тиімді. Барып келемін дегенше сол шығын кетеді. Курьер арқылы керек дүниені алдыртып, ақша мен уақытты үнемдеймін, – дейді Инабат Ермұратова.
Иә, курьер болу оңай емес. Дегенмен адам жұмысына намыстанбауы керек. Жұмысы жоқ болғанына намыстануы тиіс.
А.Бақытжанқызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!