Сенбі, 28 маусым, 15:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47,2160
28.06.2025
PDF мұрағаты

Лемара Иргайбаева «Qyzylorda» телеарнасының «Құдайы қонақ» бағдарламасының жүргізушісі: Бұл тек телевизиялық жоба ғана емес, өзіңді тәрбиелейтін өмір мектебі

28.06.2025

45 0

Алыстан ат терлетіп келген қонақты төрге шығарып, табақ тарту атадан балаға жалғасқан өнегелі дәстүрдің бірі еді. Қонағы үзілмеген, дастарханы жиылмаған қазақтың кең пейілін бүгінде сағынышпен еске алатындар көп. Ал қазір құдайы қонақты үйіне кіргізбек түгілі, көршісіне есік ашпайтындар көп. «Құдайы қонақ» ұғымы замана көшінде мәнін жоғалтқан жоқ па? Осы сауалдарға жауап іздеген «Qyzylorda» телеарнасы ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен «Құдайы қонақ» атты реалити-шоуды қолға алды. Аз уақыттың ішінде бұл бағдарлама көрермен көзайымына айналып, «Тұмар» сыйлығын иеленді. Осы тұста жоба жүргізушісі, тележурналист Лемара Иргайбаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.

– «Құдайы қонақ» жобасы қалай дүниеге келді? Мақсаты қандай?

– Бұл телеарна директоры Нұрбек Әмишаның бастамасымен жүзеге асқан жоба.  Жобаны тізгіндеу, көрерменге жол тарту әріптесім Дәулетхан Ақайдаров екеумізге бұйырды. Қалада туып өскен, ауыл өмірінен бейхабар мен үшін тың дүние болды. Жоба шынайылығымен, боямасыз болмысымен көптің көңілінен шықты. Қазақ халқының қонақжайлылығы әлі де сақталған ба? Осы сауалдың жауабын табу – басты мақсат. Біз ауылдың тыныс-тіршілігін көрсеткіміз келеді. Ұмыт қалған дәс­түрді қайта жаңғырту – парызымыз. Ауылдағы үлкендер жағы бізді көріп, қуана қарсы алады. Себебі бұл бағдарлама – ұлт­тың болмысына қайта үңілу. Жоба аз уақыттың ішінде халық ықыласына бөленіп, «Тұмар» сыйлығына ие болды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Көрерменнің көзайымы болудан артық бақыт жоқ. Ауылдағы қарапайым халықтың қонақ­жайлылығы мен дархан мінезі экран арқылы көрерменге жол тартып, жастарға тағылым болуда. Бұл тек тележоба емес, тамыры терең дәстүрді бүгінгі қоғамға қайта сіңірудің бір жолы.

– «Құдайы қонақ» жобасының түсірілімі кезінде қандай қиындықтар болды ?

– Ұжымдық жұмыс болған соң, әрине, түрлі сәттер болады. Бірақ біздің ұжым өте тату. Бір-бірімізге дауыс көтеріп, қабақ шытып, мінез көрсеткен емеспіз. Шығармашыл жұмыс болған соң, адамдармен тез тіл табысамыз. Әсіресе, Дәулетхан әріптесім – өте сыпайы, қыз баласына деген құрметі жоғары, түсінігі мол жан. Одан бөлек, түсірілім ұжымында операторлар, тіпті жүргізуші ағайымыздың еңбегі көрермен үшін орасан зор деп білемін. Жол үстінде де, түсірілім барысында да көтеріңкі көңіл күймен жүреміз. Басты мақсатымыз – көрерменнің жүрегіне жол табу. Мінген кемеміз бір, ал ескекті дұрыс бағыттау өз қолымызда. Қайтар сәтте ауылды қимай, жылы естеліктермен жол бойы бөлісіп, талқылаймыз. Әрине, кейде шаршап, тіпті үнсіз қайтатын кездеріміз де болады. Бірақ, соған қарамастан, жұмысты шын ықыласпен атқарамыз.

–  «Құдайы қонаққа»  ауыл тұрғындарының көзқарасы қандай?

– Түсірілім барысында камерадан қашу өте сирек кездесті. Басында «кімсіңдер, не үшін түсіріп жүрсіңдер?» деген сынды сұрақ жиі қойылды. Өйткені бағдарламаның көрерменге әлі жол тартпаған кезі еді. Бірақ жобаның мақсатын түсіндірген соң, келіседі. Қазір тұрақты көрермендеріміз бізді ауыл ішінде көрсе, қуанып қарсы алады. Ауыл тұрғындары өте қонақжай. Әрдайым есігі ашық, жүзі жарқын. Келген қонақты астан дәм татқызбай шығарып салмайды. Міндетті түрде шай қойып, бар жақсысын қонаққа тосады. Құдайы қонақты құдайдай көреді. Сағына күткен жақынындай төрге отырғызып, емен-жарқын әңгімесін айтады. Ал қалада, өкінішке қарай, мұндай көрініс сирек кездеседі. Тіпті күмәнмен қарайды. Ал ауылда әлі де баяғы ықылас, таза ниет есте сақталған.

–  Түсірілім барысында есте қалған қызық оқиға туралы айтсаңыз…

– Әрбір ауыл біз үшін ыстық. Әр ауылдың өз ерекшелігі бар. Бөліп жаруға келмейді. Түсірілім сайын ауылдарға қызыға да, тамсана да қараймыз. Мен өзім қалада өскендіктен, ауыл тіршілігіне етене жақын емеспін. Қазақы дәстүрді білгеніммен, ауыл тынысынан бейхабармын. Тіпті қой кезек дегенді де білмеймін. Әріптесім Дәулетхан маған әзілдеп «қой кезекте қойлар кезекке тұрады» деп күлетін. Алғашқы түсірілімде біз Жаңақорған ауданының Досбол би, Тартоғай, Бесарық ауылдарына барғанымызда алғаш рет сиыр сауып көрдім. Қалада туып-өскен мен үшін бұл үлкен жаңалық болды. Құдайы қонақ күткен ауыл тұрғындары бізге барын беріп, тіптен қалауымызды орындап жататын. «Сиыр сауып көрсем, нан илеп, пешке жауып көрсем» деген тілегіме қарсылық білдірмейтін. Қонақжайлық көрініс тапқан ауылдарды көргенде қуанасың. Бұл тек телевизиялық жоба ғана емес, өзіңді де тәрбиелейтін өмір мектебі іспетті.

– Ауылды таңдау қалай жүзеге асады?

– Біз алдын ала жоспарламаймыз. Қай ауылға бара­тынымызды бір күн бұрын жеребе арқылы шешеміз. Түсірілім тобы мен басшымыз ғана біледі. Бұл жобаның басты ерекшелігі – құдайы қонақ болу. Сондықтан ешқандай сценарий, дайындық болмайды. Шынайы, боямасыз дүние жасау – басты мақсат.

– Көптің көңілінен шыққан бағдарламада алдағы уақытта қандай өзгеріс болуы мүмкін?

– Бұрын біз бөтелке ішіне ақша салып, ауыл ішіне жасырып кететінбіз. Қазір бәрі цифрлануда. Сол себепті бөтелкеге QR-код енгізіп, тікелей байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз. Оны тапқан тұрғын хабарлама жіберіп, алғыс айтатын. Қазір бәрі цифрлануда. Сол себепті бөтелкеге QR-код енгізіп, тікелей байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз. Өйткені кейбір ауылдар бейнебайланысқа шыға алмай қалады. Ал біз көрерменмен кері байланыс орнатқымыз келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен  

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: