Сейсенбі, 03 наурыз, 01:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17 (2229)
03.03.2026
PDF мұрағаты

«Lotus Flowers» гүлдер дүкенінің флористі Нұрбек Мейрамұлы: Адамдардың бақытты сәттеріне себепкермін

03.03.2026

38 0

Біз әдемі гүл шоғын сатып аламыз.  Алайда оның артында қаншама еңбек пен жауапкершілік тұрғанын біле бермейміз. Гүлді әдемі етіп орап ұсыну кез келгеннің қолынан келе бермейді. Осы орайда флористтің еңбегін айта кеткен жөн.  Бір қызығы, флорист мамандығын көбіне жігіттер таңдайды екен. «Lotus Flowers» гүлдер дүкенінің флорисі Нұрбек Мейрамұлы гүлмен жұмыс істеудің қыр-сырын айтты. 

– Бұл саланы қалай таңдадыңыз?

– Студент кезімде жұмыс іздеп, қаладағы ірі гүл сататын дүкендерге түйіндеме қалдырдым. Қазіргі «Романтик», «Евробукет» секілді гүлдер дүкеніне бардым, бірақ кері байланыс болмады. Студенттерді жолатқысы келмеді. Кейін «тегін жұмыс істеймін, тек үйренгім келеді» деп хабарластым. Нөмірімді алып қалып, бір аптадан кейін хабарласты. Осылайша «Романтик» гүлдер дүкенінде жұмыс істей бастадым. Гүлдердің ортасында жұмыс істеу қызық екен.

– Флорист болу үшін арнайы білім қажет пе, әлде шығармашылық қабілет жеткілікті ме?

– Ең алдымен шығармашылық қабілет керек. Әр түрлі түстермен жұмыс істей білуқажет. Әр гүлдің өз мағы­насы бар. Сол мағынаны ескеріп, дұрыс композиция жасау маңызды. Ең бірінші, гүлдің кімге арналатынын ескереміз. Жасына, мерекеге сай гүл шоғын жасаймыз. Түстер үйлесімі өте маңызды. Мысалы, қызыл раушан – махаббатты білдіреді, ал ақ раушан – сыйластық пен тазалықтың белгісі.

– Тапсырыс берушілер көбіне қандай гүлдерді таңдайды? Соңғы уақытта қандай гүлдер трендте?

– Көбіне раушан гүлдері, пиона, гортензия гүлдеріне сұраныс жоғары. Бірақ әлеуметтік желінің дамуына байланысты әлемдік трендтер де тез тарайды. Мысалы, 14 ақпанда атап өті­летін «Valentine’s Day» мерекесінде айнадағы жазулы гүлдер трендке ай­налды. Ортадағы жазуларымен ерекше композициялар көп сұралды. Сонымен қатар гүлмен бірге ашық хаттар маңыз­ды рөл ойнайды. Биыл ашық хат­тар жылы десек те болады. Мысалы, «себепсіз, себеп – сіз» «мен сүйген гүл бақытты болу­­ға тиіс» деген тіркестермен ашық хат­тарды жазуды тұтынушылар көптеп сұра­тады. Негізінде әр айдың өз гүлі бар. Наурыз айында қызғалдаққа сұра­­ныс көп болады. Мамыр айында пион гүлі өтімді. Кейбір гүлдер тіпті ән арқылы трендке айналып жатады. Мыса­лы, «Апрельский сирень» әнінен кейін сирень гүліне қызығушылық артты.

– Тұтынушының көңілінен шығу оңай ма?  Есте қалған қызық оқиға…

– Тапсырыс берушінің  көңілінен шығу оңай емес. Әркімнің талғамы әртүрлі. Бірде бір кісі анасының туған күніне гүл сұрады, бірақ қандай болу керектігін нақты айтпады. Өз тәжірибеме сүйеніп, хризантемадан қарапайым, артық қағазсыз, жіппен бай­ланған гүл шоғын жасап бердім. Ол кісіге қатты ұнады. Біреуіне орамамен ұнай­ды, біреуіне табиғи қалпында ұнайды. Кей жағдайда жігіттер қауымы қызына 200-300 мың теңгеге  гүл алып, ұнатып жүрген қызы қабылдамай қой­ған жайттар жиі кездеседі. Сол сәтте дүкенге әкеліп, қайта өткізуді сұрайды. Дегенмен, гүл сырт­қа біршыққаннан кейін бастапқы қалпын жоғалтады. Сол себепті қайта алмаймыз. 

– Флористика – тек өнер ме, әлде уақытша табыс көзі ме?

– Флористика – ең алдымен өнер. Сонымен қатар табыс көзі. Бірақ жеке бизнес жүргізу оңай емес. Гүл – нәзік, ұзақ сақталмайтын тауар. Сондық­тан есеп пен жауапкершілік қажет.

– Сіздің ойыңызша, гүлдің адам өміріндегі орны қандай?

– Гүл – ең бірінші эмоция. Адамдар ерекше сәттерін гүлмен байланыстырады. Себепсіз гүл сыйлау арқылы жақыныңызды қуантасыз. Қазір гүл сыйлау мәдениеті жақсы қалыптасып келеді. Бұрын гүл тек мерекеде берілсе, қазір себепсіз де гүл алатындар бар. Әсіресе ерлер қауымы гүл сыйлауда жомарт болып келеді. Біздің жұмыстың бір ерекшелігі – адамдардың бақытты сәттерінің себепкері болу.

– Болашақта флористика саласын қалай дамытқыңыз келеді? Жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жас мамандарға айтарым – бұл салаға ертерек келген дұрыс. Жас кезде үйрену оңай. Энергия көп, қабылдау жылдам болады. Ең алдымен, шыдамдылық пен талғам керек. Бұл – тек гүл жинау емес, бұл – өнер. Үнемі үй­реніп, трендті бақылап, тәжірибе жи­нау маңызды. Ең маңыздысы жұ­мысты жақсы көру.  

 – Әңгімеңізге рахмет.                       

                                                                     Әңгімелескен Айдана БАҚЫТҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: