Жексенбі, 24 қараша, 08:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Мәдениет майталмандары құрмет төрінде

25.05.2024

209 0

«Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті» –
деп бекер айтпаса керек. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны», – деп атап айтты. Биыл – «Руханият жылы». Осыған орай өңірде мәдениет саласына қатысты тың жобалар мен жаңа бастамалар жүзеге асырылып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәдениет және өнер саласының төл мерекесіне орай Өнер орталығында салтанатты шара өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, есімі елге белгілі Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Биыл ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап, құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Руханият жылы» деп жарияланды. Осы атаулы жылға орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы мен мәдениет майталмандарының қатысуымен 1000 орындық «Өнер орталығы» ашылды. Наурыз айында халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді. Бұл – аймақтың Орта Азиядағы рухани, мәдени кемелденген өңір ретінде лайықты бағалануы», – деді облыс әкімі.
Биыл Руханиятты қолдау бағытында түрлі шаралар және Сыр өңірінің жазба мәдениетін насихаттайтын «Алаш әдебиеті» музейін ұйымдастыруды қолға алып, жазба жәдігерлерін реставрациялауға арналған архив лабораториясын іске қоспақ. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 1 маусымнан бастап Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы тәулік бойы жұмыс істемек. Одан бөлек өнерге құштар жастарды қолдау мақсатында жыл сайын облыс әкімінің 100 гранты берілсе, жыраулық қабілеті бар талапкерлерге Қорқыт ата университетінің «Дәстүрлі өнер» мамандығын бойынша 10 оқу гранты бөлінбек.
Сөз соңында мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосқан өнер иелеріне Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасы» мен «Тұран» сыйлығы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің марапаттары табысталып, 8 өнер ұжымына 60 домбыра тарту етті. Айта кетейік, өнер, әдебиет және мәдениет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығын алғашқылардың қатарында есімі елге белгілі ақын «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Дүйсенбек Аяшұлы, аға тілші Ғазиза Әбілдә да бар.

Мәдениет майталмандары құрмет төрінде
Мәдениет майталмандары құрмет төрінде


Н.МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: