Елімізге бірнеше жылдан бері енгізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру – халық денсаулығын қорғауға арналған маңызды жүйелердің бірі. Оның басты міндеті – азаматтарға сапалы әрі тиімді медициналық қызмет көрсету. Дегенмен, соңғы жылдардағы тексеру нәтижесінде «МӘМС үмітті ақтады ма? деген сұрақ әлі күнге дейін өзекті.
Қатаң бақылау қажет
Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы әлі күнге дейін халықтың көңілінен шықпай келе жатқан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатаң бақылау қажеттігін атап өтті. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысында заң бұзушылықтар мен қызмет бабын асыра пайдалану жайттары анықталғанын қадап айтты.
– Мемлекеттен қыруар қаржы жымқыру үшін көпе-көрнеу жалған деректер ұсынылған, өтірік мәліметтер енгізілген. Бүкіл ел экономикамызды өркендетіп, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін жұмылдырып, денсаулық сақтау саласын дамытуға қаржысын жұмсап жатса, әлеуметтік салаға бөлінген орасан зор қаражат талан-таражға түсуде. Медицина саласын дамытуға мемлекет 2024-2025 жылдардың өзінде 7,8 триллион теңге бөлді, – деді Президент.
Иә, расында МӘМС нәтижесінде қымбат медициналық тексерулер мен ем тегін болды. Алайда саладағы кейбір олқылықтар МӘМС-ті жетілдіру үшін қатаң бақылау қажеттігін көрсетті.
МӘМС жүйесіндегі олқылықтар
Мемлекет басшысының бюджет тәртібін күшейту жөніндегі тапсырмалар нәтижесінде Үкімет жеке медициналық ұйымдарды қаржыландыруда көптеген заңбұзушылықты анықтады.
Қаржы министрі Мәди Такиев келтірген ақпаратқа сүйенсек, жеке емханаларда жалған пациентерді тіркеу анықталған. Мәселен, жекеменшік емханаға бір күнде 1442 науқас қабылданған, ал бір күнде орташа есеппен 24 адамға дейін қабылдануы тиіс. Бір маманда бір айда 1713 емдеу жасаған жағдай тіркелген, жекелеген күндері – тәулігіне 300-400 тексеру жасаған. Тіпті қызық жайттар тіркелген. Ең сорақысы, 996 қайтыс болған пациентке медициналық қызмет көрсетудің 3640 оқиғасы анықталған. Мысалы, 2023 жылы қайтыс болған адамды 2025 жылы қабылдауға жазған. Скринингтік тексеру кезінде науқастың жынысына сәйкес келмейтін жалған тіркеулер кездеседі. Дәл осындай 769446 жағдай тіркелген. Мәселен, 768827 ер адам (жатыр мойны обырын алдын алу үшін) скринингтен, 619 ер адам маммограммадан өтті деп көрсетілген. Алматы облысындағы тек бір аудандық ауруханада осындай 11123 жағдай анықталған. Сонымен қатар балаларға арналған дәрілік заттарды жүйелі түрде жалған тіркеудің 68717 жағдайы анықталған.
Биыл қандай өзгерістер енді?
2026 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық пакеті кеңейтілді. Атап айтқанда, ауру түрлері жаңартылды. Мәселен, биылдан бастап бірқатар созылмалы аурулар, қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы, ревматизм, дәнекер тіндердің аурулары енгізілді. Сондай-ақ онкологиялық скринингтер енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық науқастар үшін тиімді болады. Ал 11 әлеуметтік маңызы бар ауру, оның ішінде туберкулез, АИТВ, онкологиялық аурулар, инсульт пен инфаркт бұрынғыдай тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде қаржыландырылады. Бүгінде елімізде 12 миллионнан астам адам жеңілдік санатына тіркелген. Олардың жарнасын мемлекет төлейді.
Енді, 850 мың теңгеден жоғары жалақы алатын азаматтар үшін МӘМС жарнасының көлемі артады. Яғни, табысы көп азаматтар төлемді көбірек жасайды. Сонымен қатар МӘМС жарналарын үздіксіз бес жыл төлеген азамат енді жұмыссыз қалса да, алты айға дейін дәрігерге қарала алады. Әлеуметтік осал топтағылар үшін де медициналық көмек толық қолжетімді болады. Атап айтқанда, ресми жұмыссыз деп тіркелген, көпбалалы ата-ана, аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандарды бағып отырған азаматтар және өмірлік қиындыққа тап болған адамдар үшін мемлекет жарна төлейді.
Әрбір адам өзінің МӘМС мәртебесін алдын ала тексеріп отыру маңызды. Оны eGov порталы, ӘМСҚ сайты немесе SaqtandyryBot Telegram-боты арқылы тексеруге болады.
Сақтандыру сапалы емге кепіл ме?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін үйлестіруге осы күнге дейін жүйелі қадамдар жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Денсаулық сақтау министрлігі де бірнеше маңызды шешім қабылдады. Бүгінде еліміздегі тұрғындардың 82 пайыздан астамы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Биылдан бастап сақтандырылған санатына 1 млн-ға жуық азамат қосылады.
Дамыған елдердің көпшілігі медициналық сақтандырудың оң нәтижесін көріп отыр. Басқа елдерде қорға жиналған қаражат есебінен тегін медициналық көмек алуға болады. 2026 жылғы өзгерістерге қарасақ, мемлекет халыққа ұтымды және жақсы мүмкіндік жасап отыр. Яғни, сақтандыру сапалы емнің кепілі деуге болады.
– Бүгінгі таңда халықтың жеңілдетілген санаттары үшін мемлекеттің МӘМС жарналары 2%-ды құрайды, 2027 жылдан бастап мемлекет жарналарын 2037 жылға қарай 2%-дан 4,7%-ға дейін кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Бұл жұмысшылар мен жұмыс берушілер үшін жарналарды ұлғайтпауға, ұзақ мерзімді перспективада медициналық көмекті қаржыландырудың тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Біз МӘМС жүйесін барлық қатысушылар үшін нақты, әділ және түсінікті ережелермен қалыптастырамыз. Бұл жүйенің негізгі бенефициары – пациент. Біздің міндетіміз оған уақытылы, сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету, – дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметов.
Қаржы министрлігіне берілді
«Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлесіне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарын беру туралы» қаулыға өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Денсаулық сақтау министрлігінің қарауындағы ұйымдар тізімінен шығарылып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қарамағына берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Үкіметтің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын қаржы министрлігіне беру шешімі дұрыс екенін айтқан болатын.
– Мен Үкіметтің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігіне беру туралы шешімін қолдаймын. Әлеуметтік сала басшыларының біліксіздігі мен мемлекет мүддесіне немқұрайлы қарауының салдарынан қорда осындай жағдай орын алып отыр. Бұл жағдайда патриотизм туралы сөз қозғаудың өзі артық. Сондықтан шенеуніктер адал болуға тиіс деген талап жалпы мемлекеттік ауқымдағы өзекті міндет болып қала береді. Шектен шыққан алаяқтар ұлттық қауіпсіздігімізге шындап қатер төндіруге айналды, – деп атап айтты Мемлекет басшысы.
Енді бұл саладағы қаржының тиімді жұмсалуы Қаржы министрлігінің тікелей бақылауында болады.
Қазіргі уақытта халық арасында «сақтандыру болмаса, дәрігер қарамайды» деген түсінік қалыптасқан. Қарапайым халық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мамандар айтқан пайдасы мен тиімді тұстарын түсінбейтіні рас. Кейде ауырып, жаны қысылғанда емханаға барып кезек күтіп, кабинет аралап жүргісі келмейді. Яғни, МӘМС-ке аударған қаражаты босқа кетіп жатыр деген сөз. Сондықтан сақтандырылған мәртебені тиімді пайдалану – әркімнің міндеті.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!