Биыл Конституциясының қабылданғанына – 30 жыл. Ел Тәуелсіздігінің басты тірегі саналатын құжат 1995 жылы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданды. Содан бері мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығына Ата заң негіз болды. 30 жылда Конституция ел өмірінің барлық саласына елеулі өзгерістер әкелді. Осы уақыт аралығында негізгі заңға 6 рет түзету енгізілді. Әр өзгеріс қоғамдағы сұраныс пен заманауи талаптарға сай жасалды.
Мереке қарсаңында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Ата Заң – халық бірлігі мен ел тұрақтылығының кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға университеттің профессор-оқытушылары, ғалымдар, білім алушылар қатысты.
Конференцияны ашқан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Каримова Конституцияның маңыздылығына тоқталды.
– Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің кемел келешегімізді айқындайтын жарқын істердің құқықтық кепіліне айналды. Бүгінде Қазақстан әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында болуды өзіне мәртебелі мақсат етіп қойып отырғаны осының жарқын дәлелі. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумның басым көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы қабылданды. Конституцияның бірінші бабынан бастап еліміздегі қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, патриотизм, мемлекетті басқарудың тек қана демократиялық әдістерін қолдану басты қағидалар екендігі көрсетілді. Конституцияда адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы құқықтық орны, елдің даму бағыттарының құқықтық негізі бекітілген. Оның негізгі көрінісі Ата заң бабының 30-ы адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына арналғандығы. Қазіргі Конституция еліміздегі әрбір азаматтың қастерлі құндылық екенін, оның құқықтары мен бостандықтарының орнықты дамуына барлық мүмкіндіктерді қалыптастырды, – деді Бейбіткүл Каримова.
Дөңгелек үстелде Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жанат Бекжанов «Өз үйім – қорғаным», «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» БББ-ның аға оқытушысы, саяси ғылымдарының кандидаты Ербол Абенов «Конституция мемлекеттіліктің негізі және тұрақтылықтың кепілі», «Құқықтану» БББ-ның қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, философия докторы (PhD) Айнұр Исаева «Қоғамның цифрландырылу жағдайындағы азаматтардың конституциялық құқықтарының дамуы», «Тарих және археология» БББның қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, философия докторы (PhD) Талғат Жолдасұлы «Конституция мен либерализм: Еркіндік идеясының тарихи эволюциясы» тақырыбында баяндама оқыды.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!