25 қазан ұлттық мереке – Республика күні. Осыдан 35 жыл бұрын, 1990 жылы 25 қазанда егемендік декларациясы қабылданып, дәл осы күн 1995 жылдан бастап Республика күні болып белгіленді. Алайда 2009 жылы тиісті заңға өзгеріс еніп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып қалған еді.
2022 жылы Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұл күнге Республика күні – ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді. Ұлытауда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің тәуелсіз қазақ елі үшін маңызы зор екенін атап айтқан еді. «Қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», – деді.
Қазақ елі үшін мәртебелі мереке саналатын бұл күннің маңызын әрбір жас ұрпақ түсіну маңызды. Ата-бабамыз арман еткен тәуелсіз қазақ елінде өмір сүріп жатырмыз. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш. Қазақ еліне тәуелсіздік сыйлаған осы күннің қадір-қасиетін жас ұрпақ санасына сіңіріп, ұлтқа қызмет етсем деген ұстаным қалыптастыру үлкен мақсаттың бірі. Бұл әрбір қазақтың арманына айналуы тиіс. Мереке қарсаңында Сыр өңіріндегі ғылым мен білімнің қарашаңырағы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, саяси ғылымдарының кандидаты Шырын Тұхмаровамен пікірлестік. Жастарды инемен құдық қазғандай ғылым жолына баулып жүрген ғалым-ұстаз тәуелсіз елдің ұланына ең алдымен жақсы тәрбие беру маңызды екенін атап айтты.
– Тарихқа айналған жылдарға қарап отырып, сараласақ, тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған маңызды тарихи құжат қабылданған күннен бастап дербес мемлекет болуға ұмтылған қазақ елі алғашқы жылдардағы экономикалық-саяси қиындықтарға қарамастан алға қарай қадам басты. Бұл – ұлт зиялылары армандап кеткен, ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздікке қол жеткізген күн. Республика күні ұлттық мерекесі – қазақ елі үшін айтулы күн. Қазақ елін дүние жүзі танып, әлем картасынан ойып тұрып орын алған күн. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «ұлым дейтін жұрт болмаса, елім дейтін ұл қайдан болсын» деген екен. Кейінгі буынды егемен елдің қадір-қасиетін сезіндіріп тәрбиелей алсақ, сапалы білім берсек, мемлекетке пайдасын тигізер білікті маман даярласақ аға буынның парызының орындалғаны. Егемен елдің әрбір азаматы қазаққа қалай пайда тигізем деп еңбек етсе, қазақ елінің болашағы жарқын болады. Біз ұлт тәрбиесінде ең алдымен осы ұстанымды естен шығармауымыз қажет, – дейді ол.
Ұлттық мереке күні әрдайым ақын Қази Данабаевтың «Сен аман бол, Қазақстан» атты өлеңі еріксіз ойға оралады. «Қаңғырып жүрер едім қай бұрышта, Қазақстан бермесе арай маған»… деп жырлайды ақын. Қазақ баласының қай арманын орындауға да кедергі болмаған тәуелсіз қазақ елінің аспаны ашық болғай!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!