Сенбі, 06 желтоқсан, 00:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 (2205)
06.12.2025
PDF мұрағаты

Мал базардың жағдайы не болмақ?

06.12.2025

25 0

Қызылорда қаласы соңғы жылдары жаңарып келеді. Жайлы өмір, таза қала концепциясына бет бұрған шаһардың қазіргі бет алысы көптің көңілінен шығуда. Дегенмен КБИ шағын ауданындағы мал базарының қасындағы тұрғындардың базынасы бар. Оған себеп те жоқ емес. Төрт түлік тиеген жүк көліктері базарға жапсарлас орналасқан тұрғындардың тыныштығын бұзған. Оған қоса, көлік кептелісі де жиі орын  алады. Осы мәселеге байланысты жұмысшы топ «Бұлан» мал базарының әкімшілігімен кездесті.

«Бұлан» базарының олқылықтарын айту үшін жиналған жұрттың қарасы көп болды. Бірі жаз уақытында кене көбейіп кететінін айтса, енді бір тұрғын жаңбыр жауса бұл жердің ми батпаққа айналатынын жеткізді. Мал базарының іргесінде тұратын тұрғынның айтуынша, сасыған иістен жаз күндері терезе ашып отыру мүмкін емес.

– «Бұлан» базарына жақын тұрамын. Базар жұмыс істейтін күні көше бойы мал тезегі, сабан шашылып жатады. Түнімен иіс шығатыны тағы бар. Жұбайым мүмкіндігі шектеулі жан, иістен тұншығып, жедел жәрдем шақыратын кездер жиі болады дейді, – қала тұрғыны Жорабек Маткосов.

Қалалық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібеков «Бұлан» базарының жер учаскесі 1998 жылы берілгенін айтты. «Google Earth» бағдарламасындағы ақпарат бойынша 300 метрлік санитарлық қорғаныш аймағында 2004-2016 жылдары жеке тұрғын үй үшін 135 жер учаскесі тапсырылған.

– 2001 жылы жеке меншікке табысталған жер учаскесін қазір мал базары ретінде пайдаланып отыр. Соңғы уақытта базар маңындағы тұрғындардан шағым көп түсуіне байланысты базарды басқа мақсатта пайдалану жөнінде ұсыныс берілді. Мал базар басқа жаққа көшіріледі, – деді Мейрамбек Әжібеков.

Қызылорда қаласының жаңадан әзірленіп жатқан бас жоспарында тұрғын үй аумағында орналасқан мал базарын басқа аумаққа көшіру жоспары көзделген. Санитарлық-эпидемиологиялық талап бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын сату нысаны тұрғын үйлерден 300 метр қашық болуы шарт. Сондықтан мал базары аумағында тұратын тұрғындардың мұң-мұқтажын ескеру, заңға сәйкес шешім қабылдау «Бұлан» ЖШС-не тиесілі мал базар нысанын мемлекет мұқтажы үшін алып, қала шетінен тыс аумаққа көшіру қажеттілігі туындаған.

Дегенмен бұл талапқа базарда малын сатып күнелтіп отырған кәсіпкерлердің айтар уәжі бар. «Аптасына бір рет ашылатын базарды күтеміз», – деген  кәсіпкер Феруза Халикова бала-шағасының нәпақасын осы жерден тауып отырғанын айтады. Ес білгелі мал бордақылап, базарға сатумен айналысатын кәсіпкер базардың басқа аумаққа көшкенін құп көрмейді. Жұмысшы топпен кездесуге базар бастығы Қылышхан Күзембаев өзі келді.

– Осындағы тұрғын үйлер мал базардың болуына қарсы емес. Құжат түрінде тұрғындардан алған келісім қағазым да бар. Мал базар жұмыс істеп тұрғанда салынған үйлер 300 метр алыста болатын. Кейін базарға жапсарласа үйлер салына бастады дейді, – «Бұлан» базарының бастығы Қылышхан Күзембаев.

Мал базарында саудамен күнелтіп отырған халықтың назы басы ашық күйінде қалды. Мәселені егжей-тегжейлі бағамдаған жұмысшы топ өкілдері нысан иесіне талаптарға сай жұмыс істеуді тапсырды. Айта кетейік, қала сыртында жаңадан ашылған мал базары жұмыс істеп жатыр.

Думан КЕҢШІЛІК      

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: