Көрісе қалса «мал–жан аман ба?» деп сұрайтын әр қазақтың тұрмыс–тіршілігі төрт түлікпен байланысты. «Ішсең тағам, мінсең көлік» дейтін қазақ мал шаруашылығымен тұрмысын түзеген. Ал осы төрт түліктің саулығы – бүкіл елге ортақ іс. «Ветеринария адамзатты емдейді» деген тәмсіл осыдан қалса керек.
Төрт түліктің өңірдегі жағдайы және осындай маңызды істі қолға алған Қызылорда қалалық ветеринариялық станцияның жұмысын көзбен көріп қайттық.
Ветеринария саласы адам мен жануарларға ортақ аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізетіні белгілі. Ауыл шаруашылығы жануарларын төлдегеннен бастап, сырғалап, арнайы ақпараттық жүйеге тіркейді. Аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін вакцинация жұмыстарын жүргізеді және бруцеллез ауруына қарсы жануарлардан қан сынамалары алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға тексеру үшін жеткізіледі.
Қалалық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Қайрат Әбдімәліковтың айтуынша, қазіргі таңда қала бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты. Халық арасында қан алу, вакцина егуге қарсы болатын жағдайлар кездеспегенін айтқан ол тұрғындарға, түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілетінін жеткізді.
– Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті жұқпалы ауру жоқ. Аса қауіпті 11 түрлі ауруға қарсы алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Биыл қала көлемінде аурудың алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында 11 түрлі жұқпалы ауруларға республикалық бюджет есебінен 275 мың доза ветеринариялық препарат бөлді. Қазіргі кезде 11 айлық жоспар бойынша 275 мың доза ветеринариялық препараттар ауылдық округтер мен кенттер бойынша жоспарға сәйкес алдын ала егу жұмыстары жүргізілді. Әр вакцинаны егудің өз уақыты бар. Мысалы, сібір жарасы ауруы бір жануарға егілгеннен кейін келесі вакцинация жұмысы 12 айдан соң жүргізіледі. Себебі вакцина салған жануардың бойында 12 ай бойы иммунитет сақталады, – дейді Қайрат Әбдімәліков.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, ақпараттық жүйеге енгізіліп отырады. Яғни әрбір мал басы сәйкестендіріледі. Бұл жүйе ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтсақ, жұқпалы аурулардың алдын алу және жедел бақылау. Мәселен, қауіпті індет туған жағдайда бірдейлендіру нөмірі арқылы ауру мал туралы барлық ақпаратты білуге болады. 2025 жылдың 18 желтоқсандағы ақпараттық жүйеде 73,6 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары тіркелген. Оның ішінде 24,6 мың бас ірі қара болса, 27,1 мың бас уақ мал, 18,6 мың бас жылқы бар. Сонымен бірге ойсылқара тұқымынан 2,7 мың бас енгізілсе, 468 бас шошқа арнайы жүйеге тіркелген.
– «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесі 2025 жылғы 21 сәуірден бастап жұмыс істейді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы жануарларын сату, тіркеу функциялары мал иесінің құзырына беріледі. Ол үшін тұрғындар «Төрт-Түлік» мобильдік қосымшасын жүктеп алып, үй жануарын тіркеуі тиіс. Қосымша арқылы уақытылы тіркелмеген жағдайда айыппұл салынатыны ескертіледі, – деді қалалық ветеринариялық станция басшысының орынбасары Қайрат Әбдімәліков.
Ауыл шаруашылығы жануарларының төлі жасқа жеткен күнінен бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендіріледі. Бұзау, қозы, лақ, боталар туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін, құлындар төрт айлық жасынан бастап таңбаланса, туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін чиптеу жұмысы жүргізіледі.
Ауру малды дер кезінде анықтап, аурудың алдын алып, бүкіл адамзатты емдеп жүрген ветеринария саласының мамандары екені белгілі. «Ет-ас, ет-қуат» деп білген қазақтың қазанында ет қайнамаса көңілі күпті. Ал біздің төрт түлік өнімін алаңсыз пайдаланып жүргеніміз мал дәрігерлерінің ерен еңбегінің арқасы. Ветеринар маман Сәбит Тохаев та бес жылдан бері осы салада қызмет етіп келеді. Қармақшы ауданы Алдашбай ахун ауылында төрт түліктің жайын қамдап өскен ол қазір 27 жаста, екі баланың әкесі.
– Ауылдың баласы болған соң ес білгелі өзімді осы саладан көргім келді. Жұмыстың жеңілі жоқ, әрине. Кейде жұқпалы аурумен ауырған малдарды емдейміз. Ондай кезде барынша сақ болуға тырысамыз. Талап етілген арнайы киімді киеміз. Себебі бұл біріншіден өзіме, содан соң қоршаған орта, қоғам үшін маңызды. Егер мал ауырып иелері шақырса көмек көрсетеміз, – дейді ветеринарлық фельдшер Сәбит Тохаев.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!