Сейсенбі, 10 ақпан, 01:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№11 (2223)
10.02.2026
PDF мұрағаты

Малдың жайын баққан білер, малшының жағдайын ше?

10.02.2026

40 0

Ауылдағы малшы елді сүт, май, етпен қамтамасыз етіп, азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып отырған нағыз еңбек адамы. Қыстың қақаған аязына да, жаздың аптап ыстығына да қарамай, төрт түліктің бабын табу оңай шаруа емесі анық. Соңғы жылдары инфляция, жем-шөп бағасының қымбаттауы, табиғи апаттар мал шаруашылығына да кесірін тигізбей қоймады.

Шопан бар ма?

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласына арналған түрлі бағдарламалар жұмыс істейді. Соның ішінде ауыл халқына кеңінен танылған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бар. Сонымен бірге асыл тұқымды мал сатып алу үшін де жеңілдетілген несие түрлері де бар. Алайда ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мал шаруашылығы дамып жатқанымен, қарқын жоқтығын айтқан еді. Баға тұрақты болып, күрт қымбаттамауы үшін ет экспортына шектеулер енгізілді. Бұл шаралар өз нәтижесін беріп жатқанымен ішкі нарық экспорт бағасына тәуелді болмау керегін айтты.

– Орта Азия нарығында етке деген үлкен сұраныстың барын көріп отырмыз. Қытаймен ынтымақтастық артып келеді. Біз үшін басты міндет – сыртқы сұраныс ішкі бағаларға әсер етпесін дейміз. Мұны қалай іске асырамыз? Мал басын көбейту керек, – деді Азат Сұлтанов. Министрліктің мәліметіне сүйенсек елде ірі қара мал басы 8,2 млн болса, қой мен ешкі саны 20,6 млн бас, ал жылқы – 4,6 млн бас, түйе 294 мың басқа жеткен. Ұлттық статистика комитетінің 2024 жылғы ресми ақпаратына сүйенсек, қазақстандықтар жылына жан басында шаққанда 82,6 келі ет жейді. Ал қызылордалықтар жылына жан басына шаққанда 65 келі көлемінде ет тұтынады екен.

Ет бағасы неге өсті?

Соңғы екі жылда ет бағасы орта есеппен 15-20 пайызға өсті. 2024 жылы сиыр етінің келісі 2500-2800 теңге деңгейінде болса, 2025-2026 жылдары көптеген аймақта бұл көрсеткіш 3500 теңгеден асып кетті, ал кейбір өңірлерде баға одан да жоғары. Бағаның өсуіне әсер еткен жем-шөптің қымбаттауы. Жанар-жағармай бағасының өсуі, әсіресе шалғай ауылдардан қала базарларына жеткізілетін өнім бағасында бұл айқын сезіледі. Делдалдардың көптігінің де бағаның өсуіне әсері жоқ емес. Өндіруші мен тұтынушының арасында бірнеше сату­шының болуы үстеме бағаның қосылуына әкеледі. Үкімет бұл мәселені мойындап, делдалдармен күресуде. Сауда және инте­грация вице-министрі Жанель Кушукова ет бағасының өсу себебін экспорт өсіп келе жатқанымен түсіндірді. Қазақстандықтарды етпен қамтамасыз ету мақсатында кейбір шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болғанын жеткізген.

– Мал басын қалпына келтіру процесі ұзаққа созылады. Екіншіден – көршілеріміз, әсіресе Өзбекстан, ет тұтынуды айтарлықтай арттырды. Өзбек әріптестеріммен сөйлестім, олар бұрын әртүрлі себептермен аз тұтынатын болса, қазір етке сұраныс айтарлықтай өскенін растады. Географиялық жағдайына байланысты олар біздің деңгейде мал басын өсіре алмайды, – деді вице-министр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылдың 31 желтоқсанынан бастап осы жылдың 30 маусымына дейін ірі қара мал етін Қазақстан аумағынан шығаруға квота енгізді. Жаңа квота тетігі делдалдарды айналып өтіп, нақты өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді деген пікірде.

Малшы табу қиын

Қазір малшы табу қиын. Тапқанның өзінде жоғары жалақыға ғана келіседі. Бұл көбіне фермерлерге салмақ салатыны рас. Ата кәсіптен алшақтап қалмау үшін бұл мәселе де назарда болуы қажет. Қалада малшы табуға бола ма? Осыны білу үшін жарнама сайтынан Қызылорда облысын белгілеп іздеп көрген едік. «Малшы отбасын іздейміз» деген Сара есімді қала тұрғынына хабарластық. Айтуынша, жұмыс істейтін адам іздеп жүргеніне 2 айдан асқан. Шаруа қожалығының басында баспанасы, моншасы барын айтқан ол әлі күнге дейін машақаты көп жұмысты мойнына алатын адамның хабарласпағанын жеткізді.

Бүгінде жастардың бәрі оқыған, көзі ашық, қалаға кеткен. Ауылда жүріп, мал бағатын адам кемде-кем. Ауыл шаруашылығы бұрынғы вице министрі Төлеутай Рақымбеков бір сұхбатында кейбір ірі шаруа қожалықтарының басшылары бүгінде 300 мың теңге ұсынса да, малшы табу қиын екенін айтады.

– Жолдастарым: «Бүгінгі күні қойшы тапқанша, әкім мен министр болатын адамды табу жеңіл» деп әзілдейтіні бар. Шынымен солай, 300 мың теңге жалақыға ауылда малшы табылмайды. Мемлекет пен кәсіпкерлер және үкіметтік емес ұйымдар біріге отырып, осы мәселеге ерекше көңіл бөлу керек, – деді ол.

Ветеринар жеткілікті ме?

Өткен жылғы деректе Қазақстандағы вете­ринария саласындағы штаттық жұмыс күші 12510 адамды құраған. Дегенмен премьер-министр Олжас Бектенов 534 лауазым бос тұрғанын айтады. Қазіргі уақытта ветеринария мамандығы бойынша елімізде 11 жоғары оқу орны даярлауда.

Орта деңгейдегі мамандарды даярлау 32 кол­леджде жүргізіліп, жыл сайын шамамен 1200 адам бітіреді. Ветеринария мамандығына өткен жылы 1 275 грант бөлінген.  Тәлімгерлік бағдарламасы енгізіліп, бұл студенттердің шамамен 40 пайы­зына тағылымдамадан кейін жұмыс табуға мүмкіндік берді. Бос жұмыс орындары жәрмең­келері үнемі өткізіліп тұрады және ветеринария мамандығы бойынша түлектердің жұмысқа орналасу нәтижелері бақыланады. Сонымен қатар ветеринар мамандарының жалақысы да өсіп келеді.

– 2023 жылдан бастап «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заңға сәйкес, ветеринария қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін республикалық бюджеттен жыл сайын қосым­ша 10,4 миллиард теңге бөлінеді. Қазіргі уақыт­та «Ветеринария туралы» заң жобасына парла­менттік түзетулер бойынша республикалық бюджет комиссиясының қорытындысын алу үшін материалдар дайындалды, оны іске асыру үшін жыл сайын қосымша 25,7 миллиард теңге қажет болады», – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

2027 жылдан бастап ауылдағы ветеринар мамандары 400 мың теңгеден астам жалақы алаты­ны жоспарланған. Мемлекет басшысының тап­сыр­масын орындау үшін республикалық бюджет комиссиясы ветеринария мамандарының жа­ла­қы­сын көтеру үшін 22 миллиард теңге бөлді.

Шопанның баласы тегін оқиды немесе бағдарламадан не күтеміз?

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойын­ша әзірленген мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын талқылаған жиын өткен еді. Премьер-министр Олжас Бектенов қатысқан отырыста мал шаруа­шы­лығын мемлекеттік қолдаудың тәсілдері мен тетіктері қаралды. Кешенді жоспар мақсаты ірі қара мал санын 12 млн басқа, ал ұсақ мал санын 20,2 миллионнан 28 млн басқа дейін ұлғай­туды көздейді. Сондай-ақ ет өндірісін 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін өсіру және ет экспортын 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе ұлғайту жоспарланды.

– Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылым инфрақұрылымын дамытуға 6% мөлшерлеме­мен 50 млрд теңге бөлінеді. Қосымша 50 млрд теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5%-дық жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылып отыр. Сондай-ақ мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жалпы сомасы 225 млрд теңгені құрайтын, 5%-дық жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда, – деді премьер-министр Олжас Бектенов

Мал шаруашылығын дамыту жоспары бойынша ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қоғамдық кеңестің отырысын өткізді.

Отырыста қоғамдық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, қоғаммен және кәсіби қауымдастықпен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалды. Кешенді жос­пардың тағы бір бөлігі мал шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді дамытуға, ветерина­риялық қауіпсіздік мәселелеріне және цифрлық бақылауға арналған. Құжатта саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету көзделген. Мал шаруашылығы өкілдерін әлеу­меттік қолдау мәселелері де қарастырылған, оның ішінде шопандар мен бақташылар үшін зейнеткерлік жасты төмендету, 55 жастан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ олардың балаларына білім беру гранттарын басым тәртіппен бөлу, әскер қатарына шақыруды кейінге қалдыру ұсынылды.

Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстан жалпы құны 10,7 миллион доллар болатын 3,8 мың тонна ет импорттаған. Сырттан әкелінген еттің 60 пайызы Моңғолия еліне тиесілі. Бір жыл ішінде Моңғолиядан әкелінген ет 3,6 пайызға өскен. Халық саны шамамен 3,5 млн болатын Моңғолияда 60 миллионға жуық мал басы бар екен. Адам санынан мал басы санының көп болуы ет бағасының төмен болуына әсер еткен. Себебі импортқа тәуелділіктің жоқтығынан ет бағасы төмен. Мемлекет басшысы қабылдаған кешенді жоспар арқылы мал шаруашылығымен айналысатын еңбек адамдарының мәртебесін өсіріп, оларға әлеуметтік көмек көрсету арқылы жоспарлаған межеге жетуге болады. Ол үшін ауыл шаруашылығын дамыту кешенді жоспары әділ, ашық жүргізілуі тиіс. Себебі малшының жағдайы жақсы болуы импортқа тәуелсіздікке жеткізеді. Мұқым елдің азық-түлік  қауіпсіздігі төрт түлік бағатын жандарға байланысты десе артық айтқандық емес.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: