Сенбі, 15 қараша, 01:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№87, (2199)
15.11.2025
PDF мұрағаты

Мамандығым арқылы адамдардың жолын ашып жүргендеймін

15.11.2025

35 0

Қала ішінде қарбалас тірлік. Жол үстіндегі қайнаған қызу жұмыс. Бір көшеде жол салынып жатса, енді бір көшеде ой шұқырын жамап жатқан­­дар. Ауа райы да жолшының тілеуіне қарай, жарқы­рап тұр. Қарашаның ызғарын көктемнің жайма­шуақ күні алмастырғандай. Күн де  шуағын аямай төгіп тұр. Күн шыққаннан басталған қарбалас жұ­мыс күн ұясына батқан кезде де бір саябырсы­мады. Айналаны қараңғылық баса бергенде «менің де көмегім бар, жұмысыңды жалғастыра бер» дегендей көшедегі шамдар самаладай жарқырай түсті. Бағана басындағы жарыққа қарап жымиған жолшы жанындағы серігіне: «бүгін осы көшені аяқтасақ, ертең келесі көшені бастаймыз. Күн суытпай аяқтайтын сияқтымыз», – деп қызу жұмысқа қайта кірісті. Көше бойындағы ой-шұқырды жамап, теп-тегіс жол жасап жүрген жолшылар  түн ортасына дейін жұмыс істеуге даяр. Жаз бойы жол жөндеу жұмыстарынан бір сәт дамыл таппаған жолшының бірі – Рахымбек Сайыпов. Ол «Әлем Транс Жолдары» ЖШС-де жол жөндеуші болып жұмыс істейді.

– Біздің мекеме жол жөндеумен айналысады. Қаладағы ой-шұқыры көп жолдарды тегістеп, жамап, теп-тегіс етіп, даңғыл жолға айналдыруға үлес қосып жүрміз. Негізі жол жөндегеннен жол салған оңай. Мәселен, тігіншілер «дайын көйлекті жөндегеннен өзім жаңадан тіккен оңай» деп жатады ғой. Сол сияқты жол жөндеудің де өз машақаты бар. Ой-шұқырын түгендеп, өлшеп-кесіп, тегістеп, түзу жолмен бірдей етіп қайта жасау да үлкен еңбек. Әріптестеріммен бірге ой-шұқырлы жолдарды даңғыл жолға айналдыруға үлес қосып жүрмін. Көшені жөндеп болып, біткен іске қарап тұрып іштей риза боламын. Кейде жолдарды жөндеу арқылы адамдарды жақсы жолмен жүргізіп, жолын ашып жатқандай күй кешемін. Қазақта «жолың ашық болсын» деген тілек бар ғой. Жолдың жайын жүрген біледі. Кейде көлікпен келе жатып ой-шұқыры көп көше болса, қиналып кетесің. Жауын-шашынды күндері ой-шұқырлар суға толып, әуре-сарсаңға түсесің. Барлық көше теп-тегіс, түп-түзу болғанға не жетсін?! – дейді жол жөндеуші Рахымбек Сайыпов.

Сөзден гөрі іске бейім кейіпкеріміз қысқа да нұсқа әңгімесімен көп нәрсені аңғартқандай болды. Уақытпен санаспай еңбек ететін жолшылардың ерен еңбегін оқырманға жеткізу үшін қойын дәптерге түртіп алдық. Ал кейіпкеріміз болса, «басқа не айта берейін» дегендей, жол жөндеу жұмысына кірісті. Бүгін тағы бір көшенің жолы жөнделді, жол жөндеушілер елдің алғысын арқалап, қайтып барады.

Г.Мұрат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: