Сенбі, 26 шiлде, 15:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№55, 2168
26.07.2025
PDF мұрағаты

Мамандық таңдау жинаған баллға тәуелді ме?

26.07.2025

88 0

Жыл сайын мыңдаған қазақстандық түлек мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам басады. Бұл – тек аттестат алатын кез емес, сонымен қатар мамандық таңдайтын, маңызды шешім қабылдайтын шақ. Түлек алдында «қай мамандықты таңдаймын, қай оқу орнына түсе аламын?» деген сауал тұрады. Бұл сұрақтарға жауап көбіне ҰБТ-дан жинаған баллмен тығыз байланысты болып жатады. Соңғы жылдары мамандық таңдауда баллдың шешуші рөл атқаратыны жиі айтылып жүр. Жоғары балл грантқа түсуге мүмкіндік, ал төмен балл ақылы оқуға немесе өзіңе ұнамайтын басқа саланы таңдауға итермелеуі мүмкін. Сонда түлектің қызығушылығы мен өмірлік мақсаты не болмақ?

«Адам өз өмірінде екі нәрседен: біреуі – жар таң­дауда, екіншісі – мамандық таңдаудан қателеспеу керек» дегендей, мамандық таңдау күрделі әрі жауап­ты іс. Сондықтан бұл таңдауда жүрек қалауымен қатар, ақылдың да салмағы болуы шарт. Алайда қазіргі білім жүйесі мен қоғамдағы сұраныс осы таңдаудың еркіндігін шектеп тұрғандай. Себебі соңғы жылдары талапкерлердің мамандық таңдауы көбіне ҰБТ-дан алған баллға тәуелді болып отыр. Көптеген жас түлек арманындағы емес, ұпайы жететін мамандықты таңдауға мәжбүр. Бұл, әсіресе, мемлекеттік білім гран­тына иек артатын жастар үшін таңдау еркіндігінің жоқтығын көрсетеді. Айта кету керек, 2025 жылы рес­публика бойынша 75 мыңнан астам грант бөлінгенімен, оған таласушылардың саны бірнеше есе артық. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті күшейтіп отыр.

«Балл қай мамандыққа жетсе, соны оқисың». Бұл – қа­зіргі көп ата-ананың ұстанымы. Ал түлектің бала күн­гі арманы, ішкі бейімі мен шығармашылық әлеуеті екін­ші орынға ысырылып қалады. Осы жағдай жыл сайын қайталанып, өз ісін сүймейтін, тіпті жұмыс таба алмай қиналатын жастардың қатарын арттыруда. Көптеген студент 1-2 курста өз мамандығына деген қызығушылықтың жоқ екенін сезініп, басқа салаға кетуге тырысады. Кейбірі оқуын тастап кетсе, енді бірі университет бітірсе де, мүлде басқа салада жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұл – мамандық таңдауда баллдың ғана шешуші фактор болуының салдары.

Педагогика ғылымдарының магистрі, ҰБТ эксперті, профориентолог-маман Меруерт Сәрсенова түлек өзі таңдаған мамандыққа сай балл жинауы керек екенін айтады.

– Қазіргі таңда мамандық таңдауда екі фактор бар, жинаған балл мен баланың бейімі, бұл екеуі де маңызды. Алайда көп жағдайда шешуші рөлді ҰБТ нәтижесі атқарады. Себебі жоғары оқу орындарына қабылдау конкурстық негізде жүзеге асады. Дегенмен баланың қызығушылығы мен қабілеті ұзақ мерзімді табыс пен мамандығына деген қанағаттанушылықтың басты кепілі. Егер талапкер жиналған балына қарай өзі қаламаған мамандықты таңдаса, кейін ол саладан алшақтап кетуі әбден мүмкін. Сондықтан ең дұрыс жол баланың бейімін ерте анықтап, сол бағыттағы білім ордасына түсу үшін мақсатты түрде балл жинауға дайындалу керек, – дейді ол.

Ресми дерекке сәйкес 2025 жылғы негізгі ҰБТ-да 210 мың талапкер тест тапсырған, ал барлығы 381 мың рет тестілеу өткізілген. Бұл бір талапкердің кем дегенде екі рет сынақ тапсыруға тырысқанын көрсетеді. Талапкерлердің 76%-ы шекті балл жинады. Орташа балл – 69 (бес пән бойынша). Ең жоғары балл  – 140. Ерекше білім беру қажеттілігі бар 681 талапкер қатысқан. ҰБТ кезінде ереже бұзғандар саны да аз болмаған. Жалпы ереже бұзғаны үшін 711 талапкердің нәтижесі жойылған. 326 адам тыйым салынған заттарды алып өткені үшін тест тапсыру құқығынан айырылды. 380 адам ереже бұзып, тестілеу залынан шығарылса, 5 адамның нәтижесі бейнежазбалар арқылы жойылған. Бұл тек техникалық себептермен ұтылғандар. Ал енді шекті баллдан аса алмай қалған үміткерлер ше? Кей түлектің жүрек қалауы мен ҰБТ-дан жинаған балы қабыспай жатады. Бірақ бұл арманнан бас тартудың себебі болмауы керек.

Балл жетпеген жағдайда да үміт үзудің қажеті жоқ. Таңдаған мамандыққа жетудің бірнеше балама жолы бар:

Ақылы негізде оқу: мемлекеттік грантқа ілікпеген жағдайда, көп оқу орындары талапкерлерді ақылы бөлімге қабылдайды. Егер студент жоғары нәтиже көрсетсе, кейін ішкі грант немесе түрлі жеңілдіктерге қол жеткізуі мүмкін.

Колледж арқылы жоғары оқу орнына жол ашу: қалаған саласына сәйкес колледжге түсіп, оны аяқтаған соң ЖОО-ға қысқартылған бағдарлама бойынша түсуге болады. Бұл – уақытты тиімді пайдаланып, білім алу жолын үзбей жалғастырудың бір әдісі.

Шетелдік білім алу мүмкіндіктері: кейбір шетелдік университеттер ҰБТ нәтижесін талап етпейді. Оның орнына жеке емтихандар немесе мотивациялық хат арқылы қабылдау жүргізіледі. Бұл да – заманауи талапкерлерге арналған ашық бағыттардың бірі.

 Кәсіби курстар мен дағдылар: егер таңдалған сала нақты бір біліктілікке байланысты болса мысалы, IT, графикалық дизайн, тігіншілік, аспаздық, қысқа мерзімді курстар арқылы кәсіби білім алып, жұмысқа орналасуға болады.

Келесі жылы қайта тапсыру: бір жыл дайындалып, келесі жылы ҰБТ-дан жоғары балл жинауға болады, – дейді Меруерт Сәрсенова.

Биыл қанша грант бөлінеді?

2025 жылы Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсу үшін 93 мың грант бөлінеді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев үкіметтегі баспасөз маслихатында хабарлады. Былтырғымен салыстырғанда грант саны 19 мыңға аз. 2024 жылы 112 мың грант бөлінген еді. Биыл гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» мамандықтарына бөлінген. Нақтырақ айтқанда, 18 мыңға жуық грант осы салаларға бағытталған. Сондай-ақ «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 мың, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» – 11 мың, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға» 9 мың грант бөлінген.

Әрине, ҰБТ маңызды белес. Бірақ ол адамның арманын, қабілетін тұлғалық бағытын толық өлшей алмайды. Кейде жеңіс бір сәтсіздіктен кейін келеді. Мамандық таңдауда балаға бағыт-бағдар сілтейтін, кеңес беретін ата-анасы мен ұстазы. Бұл орайда тәжірибелі мамандардың пікірі де жол сілтер шамшырақ бола алады.

– Таңдау ерте басталуы керек. Болашақ мамандықты дұрыс таңдау үшін ең алдымен өз бейіміңізді ерте анықтауға тырысыңыз. Қай істен ләззат аласыз? Қай бағытта жұмыс істегенде шаршамай, қызығушылықпен айналысасыз? Осы сұрақтарға жауап іздеңіз. Тек қана мектеп бағдарламасымен шектеліп қалмай, түрлі мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат жинаңыз. Сол салаларда еңбек етіп жүрген жандармен сөйлесіп, тәжірибесін тыңдаған артық етпейді. Бұл – нақты таңдау жасауға сеп болады. Білім – болашаққа салынған ең сенімді инвестиция. Сондықтан ҰБТ болсын, шығармашылық емтихандар болсын, дайындықты ерте бастап, мақсатты түрде еңбектенген жөн. Жетістік – тұрақты дайындық пен табандылықтың жемісі. Кейде алғашқы қадам сәтсіз шығуы мүмкін. Бірақ бұл тығырық емес. Қателесуден қорықпаңыз. Әрқашан балама жолдар мен жаңа мүмкіндіктер бар екенін ұмытпаңыз. Сонымен қатар заманауи еңбек нарығында тек кәсіби білім ғана емес, жан-жақты даму да маңызды. Коммуникация, цифрлық сауаттылық, тіл білу сияқты дағдылар кез келген салада бәсекеге қабілетті болудың басты кілті, – дейді Меруерт Сәрсенова.

Мамандық таңдау жинаған баллға тәуелді ме?

Сайып келгенде, жоғары балл маңызды, бірақ ол жалғыз шешуші көрсеткіш болмауы тиіс. Өкінішке, қарай бүгінде көптеген жас түлек мамандықты жүрек қалауы­мен емес, ҰБТ нәтижесіне қарай таңдап жатады. Бұл кейін мамандыққа қызықпауға, кәсіби тығырыққа тірелу­ге әкеп соғуы мүмкін. Ал мұндай таңдау баланың өмір бойғы кәсіби бағыты мен тұлғалық дамуына әсер етеді. Сон­дықтан мамандық таңдауда ең алдымен баланың бейімі мен қабілетіне мән беру қажет. ҰБТ-дан жинаған балл сол бағытқа жол ашатын көмекші құрал ғана екенін естен шығармаған жөн. Түлектер үшін түрлі балама мүм­кіндіктердің бар екенін, ал табысқа жетудің жалғыз жолы тек грантпен шектелмейтінін түсіндіру ата-ана мен ұстаз­дар қауымының да жауапкершілігі. Бүгінгі түлек – ертеңгі маман. Ол ертең қоғамға қызмет етеді, елдің дамуын алға жылжытады. Сондықтан мамандық таңдау салмақты шешім. Бұл таңдау жүрек қалауымен жасалып, ақылмен нақтыланса ғана адам өмірде өз орнын тауып, өз мамандығының нағыз маманы болады.

                           Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: