«Мамандық таңдауда жаңылмаған дұрыс» дегенді жиі естиміз. Дегенмен қазір мамандық ауыстыру қиын емес сияқты. Сонда да уақыт талабына сай, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық иесі болуды ойлаған жөн. Әйтпесе 4 жыл бойы білім алып, қолға тиген диплом сандықта жатса бәрі бекер. Қазір жастарға қабілетіне қарай мамандық таңдауда көмектесетін кәсіби маман бар. Осы орайда профориентолог маман Ағжан Ахатай Ақарыстанқызымен тілдесіп көрдік.
– Қазіргі жастар мамандық таңдауда қандай қателік жібереді?
– Біріншіден, өзінің жеке пікірі болмауы мамандық таңдауда кері әсерін тигізеді. Екіншіден, қабілетіне емес, жинаған балына тәуелді болуы. 50 балл жинасам жеткілікті деген ойдың өзі дұрыс емес. Сонымен қатар «грант» үшін оқуы. Мәселен, қазіргі түлектердің басым көпшілігі физика-математика, шығармашылық бағытында тест тапсырады. Қолымда диплом болса, қалтамда шәкіртақы болса деген алдамшы оймен жүреді де, 4 жыл уақытын босқа өткізеді.
– Мамандықты қашан және қалай таңдаған дұрыс?
– Әр оқушының интеллектуалды даму деңгейі әртүрлі. Дегенмен болашаққа бет бұрып, тұлға ретінде қалыптаса бастайтын кезең 9-10 сынып аралығы. Сол уақыт аралығында бала нақты 9 – сыныптан кейін колледжде оқуды немесе 11 – сыныптан кейін ҰБТ тапсырамын деп дағдылануы қажет.
– Қабілет пен қызығушылық сәйкес келмесе не істеу керек?
– Балада мамандыққа деген сүйіспеншілік, қызығушылық болса жеткілікті деп ойлаймын. 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек деп бекер айтпаған. Көзінде жалындаған от, жүрегінде үміт сәулесі, мамандыққа деген талпыныс болса еңбек бекерге кетпейді. Тек сенім керек. Талмай еңбектену қажет.
– Қандай әдістемелер арқылы бағыт бересіз?
– Мен көп ізденемін. Ең бірінші оқушыларға тест пен әдістемелерді өткізбес бұрын, өзім қолданатын «Gallup» сынды қолжетімді тест тапсырудан бастауды ұсынар едім. Сонымен қатар әдістемелік ойындар арқылы да бағыт-бағдар беремін.
– Ата-ананың мамандық таңдауда әсері қандай болу керек?
– Ата-ана балаға бағыт – бағдар беруші. Бірақ шешім қабылдауды балаға қалдыру қажет. Балаға міндеттемей, керісінше ұсыныс ретінде «бәлкім, осы мамандықты көресің» деп, саналы түрде таңдау еркіндігін беру қажет.
– Түлектер өз қалауын емес, грант қай мамандықта басым екеніне көбірек назар аударады. Мұнымен келісесіз бе?
– Әрине, жоқ. Себебі грантпен оқуға түскен күннің өзінде баланың оқуға құлшынысы болмаса, диплом алудың пайдасы да жоқ деп білемін. Сәйкесінше өз ісін сүймейтін, агрессивті тұлға пайда болады. Мұның соңы жұмыссыздар қатарын көбейтеді.
– Диплом болу маңызды ма?
– Қазіргі заманда «тек диплом болса болды» деген қасаң пікірді мидан шығару керек. Мамандық академиялық, практикалық, портфолиолық болып бөлінеді. Ең алдымен академиялық мамандықты алатын болсақ, диплом міндетті түрде қажет. Мысалы, мұғалім, дәрігер сынды мамандықтар. Ал практикалық мамандықтарға қарапайым даяшы, сатушы секілді мамандықтар жатады. Бастапқыда жай ғана сатушы болып, нөлден бастап, кәсіпкер болып, кәсібін дөңгелетіп жүргендер бар. Портфолиолық мамандық дегеніміз – өзінің жеткен жетістіктерін зерделеу, мамандығына сұраныстың артуы, үздіксіз даму үдерісі.
Алдыма келген әрбір оқушыға ең алдымен «сен диплом алуға міндетті емессің» деймін. Себебі диплом үшін емес, өзі үшін оқу маңызды.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан
Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!