Бейсенбі, 21 қараша, 23:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Маңдайы күнге күйгендер, еңбектің дәмін білгендер…

28.09.2024

320 0

 Ертең – еңбек күні. «Кіндігіңнің қаны тамған жерге маңдайыңның тері тамсын» деп жүрген әрбір жанның табанды еңбегі туған жердің төрінде бағалануы керек. Аяқ талып, бел бүгіліп еткен еңбегің еленіп жатса, мерейіңнің де тасығаны емес пе?! Біз бүгінгі санда еліміздегі еңбек адамдарына арнаулы бет жасақтадық. Шама-шарқымызша ел ішінде табан ет, маңдай терін салып жүрген жандар жайлы жазуды жөн көрдік.

Жарты ғасырлық тәжірибе

Күндегі әдетімен бүгін де ұйқыдан ерте оянды. Күн шұғыласы көкжиектен енді ғана шашырап, таң сібірлеп атып келеді. Жалғыз аяқ сүрлеумен үлкен жолдың арғы бетіндегі шағын көлшікке жақындады. Әдеттегідей емес, бүгін жағалауда көл маржанына қармақ құрушылар көрінбейді. Ерте ояныпты. Кеше құрған ауына шаян да түсіпті. Кішкентай немересінің шаянды қызықтап ермек қылып ойнағаны қызық. Бір айналып келіп, кетпен жасап отырған атасының алақанына көзі түскен кішкентай немересінің «Ата, алақаның неге жарылып кеткен, неге тастай?» деген әртүрлі сауалдарды жолдағаны ойына түскенде мырс етіп күліп жіберді. Әңгіме төркіні саналы ғұмырының жарты ғасырын темірден түйін түйіп, ұсталыққа арнаған Құлахмет Аманов жайлы болмақ…

Темір жонумен ысталып, күнмен қақталып құрыш қолдарға айналған алақанына қарап, өткен өмір жолы көз алдына елестеді. Балалық шағынан ауыл баласы бейнетке бір табан жақын болады ғой. Әкесі бақшаға жеміс ағашының сан түрін өсіретін дихан кісі болатын. Балаларын жастайынан еңбекке баулып, қиындыққа мойымауға тәр­биелеп, бейнетпен шынықтырды. Бала қиялы темірден түйін түйетін шебер болуды армандап, темір-тер­секке өте үйір болды. Әкесінің бағбан­дық құрал-жабдық­тарына аңсары ауып, мұны тек ерекше «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын батыр, өжет адамдар ғана жасай алатын шығар» деген тәтті қиял балаң жігіт болғанда да санасынан шықпаушы еді. Сөйтіп жүргенде шақыру тиіп, әскерге аттанды. Қиыр шығыста әскери борышын өтеп жүргенде сәтін салып, ұшақ бөлшектерін жасайтын зауыттағы жұмысшылармен дидар­ласып, шеберлерден көп нәрсені үйреніп, бала­лық шақтағы арманын жүзеге асыратын сәт туған болатын. Анатолий Куварцын деген темір бөлшектерін құрастырушы шеберден алғашқы дәрісін алып, тәжірибе жинай бастайды.

Әскерден келгеннен соң да темір ұстасы кәсібімен Жалағаштағы ПМК-да 13 жылдан аса еңбек етіпті. Өзінің жеке ұстаханасы да болды. Диқаншылық жасап, әкесінің кәсібін жалғастырмаса да диқандарға керекті кетпен, күрек, орақ, шалғы, пышақ, қол арба жасады. Темірді балқытып, оған екінші өмір бергенде, шабыты шалқып, ән де айтатын еді. Ұлттық аспабымыз – қара домбыраның қоңыр үніне ғашықтығы өз алдына, шертіп сергитін де өнері бар. Өзіне тән әдемі қоңыр дауысын айтсаңшы. Әншілік пе, әлде темір ұстасы ма деп мамандық таңдағанда қателеспепті. Ішкі түйсігі адастырмағанын өз ісінің шебері болған шақтан сезіне бастады. Табаны күректей 40 жылдан астам уақыт темір жонып, өз кәсібінің майталман шебері атанып өз несібесін таза маңдай тер, адал еңбекпен тауып келеді. Қалаға қоныс аударғанда отбасымен тұратын баспанасы да болған жоқ. Пәтер жалдап, осы кәсіпті қажырлылықпен жалғастыра берді. Қазіргі еңбек етіп жатқан «ДорСтрой» ЖШС мекемесі өте қажетті мамандықты игерген шеберге барлық қамқорлықты жасап, 8 бөлмелі үй салып алуға жәрдем көрсетті. Құрметке бөленіп, ұжымның ұсынысымен алғыс хаттар, қаржылай сыйлықтар да иемденді.

Өз бақытын темір ұстасы мамандығынан тап­қан біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері құрыш қолды, құрметті азамат қала тұрғыны – Құлахмет Аманов көп сөйлемейді, сөзден гөрі істі құп көріп тұрады.

– Менің мәртебем – мамандығым. Жоғары білім алмасам да, жоғары білімді токармын. Ең бастысы, мен адамдарға аса қажетті зәру мамандықты игердім. Жарты ғасырға жуық тәжі­рибемде шәкірт баулыдым, ше­берлік мектебінен өттім. Бұл мен үшін баға жетпес қазына. Мен өз кәсібімді сүйіп, темірден шіл­термен кесте тоқыған жанмын. Балаларым – байлығым, мамандығым – айбыным. Өзімнің перзенттерім қазір жетілді. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырдым. Шүкір, неме­релерім де ер жетті. Есіктің алдына да бақша өсіріп қойдым. Су жетпейді, Қызылордаға дым өспейді деген құр сөз. Ол – жалқаулық. Есіктің алдына бүкіл жеміс ағаштарын ектім. Олар жеміс беріп тұр. Бақша дақылдарынан қияр, қызанақ, асқабақ, жуа, сәбіз өнімдерін егіп, күнделікті қажетімізге жаратып отырмыз. Бақтың ішіне кіргенде жұмыстан шаршағаның ұмытылып кетеді. Тіршілік иесі болған соң адамға қимыл-қозғалыс өте керек. Мен зейнетке шықсам да, жұмысымды жалғастырып жатырмын. Себебі, өте керек мамандық. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін заман емес қазір. Еңбек етпесең тоқ болмайсың. Жасым ұлғайса да қарап отыра алмаймын. Біреудің көлігінің темірін жонып берсем де, отбасымды асырап жатырмын, – дейді шебер.

Жалқаулыққа жаны қас шебер қазіргі жастардың осы мамандыққа тәуекел етіп бара бермейтініне қынжылады.

– Кәсіп жоқ, бос жүрген жұмыс­сыздар қиын жұмысқа келгенде енжарлық танытады. Ал қазір мемлекеттің назары түскен темір ұстасы маман­дығын тегін алуға мүмкіндік бар. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмай, біз секілді ұзақ жылдық тәжірибесі бар кәсіби шеберлерден үйренген жөн, – деп өз ойын сабақтаған шебер жұмыс орнына жайғасып, күнделікті жұмыс ырға­ғына кірісіп те кетті.

Иә, ысталған ала­­қанымен темір бал­қыт­қан шебер өз кәсібін мақтан тұ­тады. Бақытын ең­бектен тапқан аза­матқа біз де сүй­сіне қарадық.

Гауһар АСҚАР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: