Сейсенбі, 17 ақпан, 01:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№13 (2225)
17.02.2026
PDF мұрағаты

Маңызды бастама

17.02.2026

38 0

Аймақ үшін Арал теңізі – аса өзекті мәселе. Өңірде «Су және білім» жобасы іске қосылып, Қазақстан мен Өзбекстанның балалары мен жастары арасында суға жауапты көзқарасты қалыптастыруға бағытталған бастамалар қолға алынды. Жоба Францияның Даму агенттігінің  қаржылық қолдауымен және «UNICEF Kazakhstan» қатысуымен жүзеге асырылып, серіктес ретінде Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Аралды құтқару халықаралық қорының атқарушы комитеті сондай-ақ Қызылорда облысы әкімдігі жұмылдырылған.

Жобаның мақсаты – пилоттық мектептер желісін құру. Облыс бойынша 10 тірек мектеп таңдалып, солардың бірі ретінде Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепке облыс және қала мектептерінен 10 мектеп тартылды. Бұл тәсіл тәжірибе алмасуды жеделдетіп, су үнемдеу дағдыларын бір мектептің шеңберінде қалдырмай, тұтас қауымдастыққа таратуға мүмкіндік береді.

Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің жоспары су үнемдеу жобасы жүйелі енгізуді көздейді. Алдымен жоба мектеп ұжымында, оқушылар мен ата-аналар арасында талқыланып, сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстары арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Балалар қызықты форматта әрекетке тартуға құрылған. «Тиімді су тұтыну» тақырыбын, «Тамшының қызықты оқиғалары» атты эко-ертегілер сайысы, отбасы мен қауымдастыққа арналған челлендждер, reels байқауы, мектепішілік дебат турнирлері және «Өзенді қорғайық» бастамасы аясындағы фото-бәйге мен плоггинг ұйымдастырылады. Көктем айларында «ЭкоFEST» өткізу, Қызылорда-Арал-Қармақ­шы аумақтарында «Су күні» іс-шарасын ұйымдастыру және су үнемдеудің практи­калық элементі ретінде тамшылатып суару технологиясы қолданылатын шағын учаске жасап, мектеп ауласын көгалдандыру жоспарланған, – дейді Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжайна Қуандықова.

Жобаның ерекшелігі – жоғары сынып оқушыларымен бірге су клубын құру. Су клубы волонтерлік бастамаларды дамытып ғана қоймай, шағын ауданда да су үнемдеуді насихаттауды мақсат етеді. Бұл қоғам назарын су мәселесіне тұрақты аударуға бағытталған.

– Мектебіміз үшін «Су және білім» жобасына қосылу зор мүмкіндік. Бұл бастама арқылы оқушылар тек су ресурстары туралы теориялық мәлімет алып қана қоймай, күнделікті өмірде суды үнемдеп қолдануды үйреніп жатыр. Жоба барысында балалар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, үй мен мектептегі су шығынын есептеп, оны қалай азайтуға болатынын өздері ұсынады. Осындай тәжірибелік тапсырмалар олардың экологиялық ойлауын дамытып, жауапты азамат ретінде қалыптасуына әсер етеді. Бұл тек экологиялық емес, тәрбиелік жоба. Өйткені суға құрмет табиғатқа, өз туған жеріңе құрмет. Сондықтан мектебіміз «Су және білім» жобасының қағидаттарын оқу-тәрбие үдерісіне тұрақты енгізіп, оны басқа сыныптар мен ата-аналарға да кеңінен насихаттауды жалғастыра бермек, – дейді К.Қаракөзов атындағы №235 мектеп директоры Айдана Жаугашарова.

«Су және білім» – Қызылорда өңірінде экологиялық сананы жаңаша қырынан дамытып отырған маңызды бастама. Жоба аясында балалар суды үнемдеудің бүкіл өңір үшін шешуші мәселе екенін түсініп қана қоймай, отбасында, мектепте, ауласында оны іс жүзінде дәлелдеуге үйренуде.

С. Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: