Сейсенбі, 18 қараша, 01:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88, (2200)
18.11.2025
PDF мұрағаты

Мансұр Мамадахунов, Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернаты оқушысы: Жасанды интеллектіден қорқудың қажеті жоқ

18.11.2025

30 0

Қазіргі таңда елімізде бағдарламалау мен информатика саласында жарқырап келе жатқан жас дарындар көбейіп келеді. Халықаралық олимпиадаларда жүлде алып, ел мерейін үстем етіп жүрген бұл оқушылар еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетінің нақты көрсеткіші. Солардың алдыңғы қатарында жүрген жас өрендердің бірі – информатикадан әлемдік деңгейде көрініп жүрген Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 «Білім-инновация» лицейі оқушысы Мансұр Мамадахунов. Мансұр бірнеше жыл қатарынан республикалық және халықаралық білім додаларында тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. EJOI олимпиадасында 2022 жылы күміс, 2023 және 2024 жылдары алтын медаль иеленді. Жәутіков олимпиадасында 2023 және 2024 жылдары қатарынан екі рет абсолютті жеңімпаз атанып, APIO, Tuymaada, Еуразия олимпиадалары сияқты беделді жарыстарда І-орынға ие болды. 2025 жылы ол информатика саласындағы ең беделді жарыстардың бірі – IOI 2025 (Боливия) халықаралық олимпиадасына қатысып, күміс медаль жеңіп алды. Сонымен қатар жақында Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен Омар Хайям атындағы математика және информатика бойынша KhIMIO-2025 халықаралық олимпиадасында да Мансұр тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Қазақстан құрамасы толық құрамда жүлделі орындарға ие болып, соның ішінде Қызылорда облысындағы С.Шаухаманов атындағы «Білім-инновация» лицейінің оқушысы Мансұр Мамадахунов информатика пәнінен алтын медаль жеңіп алып, ел абыройын тағы бір мәрте асқақтатты. Білімді жас Мансұр Мамадахуновпен сұхбаттастық.

– Мансұр, ең алдымен халықаралық деңгейдегі зор жетістіктеріңізбен құттық­таймыз. Жақында Президенттің қолынан марапат алдыңыз. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз?

– Мен үшін бұл өте қуанышты, ұмытылмас оқиға болды. Мемлекет басшысының қолынан марапат алу – үлкен мәртебе.

– Информатика көкжиегі кең сала. Жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, дерек­тер талдауы, алгоритмдер және тағы басқа бағыттар бар. Қай салаға жақынсыз?

– Қазір мен қатысып жүрген олимпиадалар көбіне алгоритмдік бағытқа жақын. Есептердің басым бөлігі деректер құрылымдары мен күрделі алгоритмдерге негізделеді, математика да өте көп. Бірақ мені жасанды интеллект саласы қатты қызықтырады. Болашақта дәл сол бағытта тереңірек ізденгім келеді. Олимпиадалық алгоритмдер логиканы, ойлау­ды, абстракцияны дамытады, ал жасанды интеллект бұл дағдыларды нақты өмірдегі жобаларда қолдануға мүмкіндік береді.

– Халықаралық олимпиадаларда, мысалы IOI немесе KhIMIO сияқты жарыстарда тапсырмалар қаншалықты қиын?

– Шынын айтсам, өте қиын. Жарыста екі турдан тұратын формат жиі қолданылады. Әр турда үш есеп беріледі, әр турға бес сағаттан уақыт бөлінеді. Яғни бір жарыстың өзінде 10 сағат бойы бар зейініңді есеп шығаруға жұмсайсың. Есептер жай ғана формула қойып шығаратын типтік тапсырмалар емес, әрқайсысы жаңа идея, жаңалық сияқты. Бір есепке бір сағат уақыт кететін кездер болады.

– Осындай қиындықтарға қарамастан, сізді информатикаға алып келген не нәрсе?

– Лицейге түскенге дейін мен тек математика пәніне қызықтым. Информатика олимпиадаларының қаншалықты қызық екенін білмедім. Лицейге түскен соң бізді бағыттарға бөліп, мені информатикаға бөлді. Сол кезде алғаш рет олимпиадалық есептерді көрдім. Алғашында тек ең базалық нәрселерді – код жазу, синтаксис, қарапайым алгоритмдерді үйрендік. Уақыт өте келе күрделірек тақырыптарға өттік. Бір кезде өзімнің бұл саланы жақсы көретінімді білдім. Сол сәттен бастап информатика мен үшін жай ғана оқу пәні емес, нағыз сүйікті салама айналды.

– Күнделікті өмірде дайындығыңыз қалай өтеді? Кестеңіз өте тығыз сияқты.

– Кәдімгі сабақтарым шамамен сағат 15:00-ге дейін жалғасады. Содан кейін 18:00-ге дейін олимпиадалық дайындықпен айналысамын. Кешкі астан кейін тағы бір-екі сағат есеп шығарамын немесе теория қайталаймын. Сонымен қатар түрлі оқу-жаттығу жиындарына, жазғы және қысқы лагерьлерге барып тұрамын. Онда таңнан кешке дейін тек олимпиадалық дайындық жүреді. Халықаралық олимпиадалардың алдында, мысалы IOI-ға дейін, бізде шамамен бір ай шамасында үш үлкен жиын болды: алдымен Мәскеуде, кейін екі рет Астанада.

– Қазақстан құрамасына қалай іріктелдіңіз? Бұл да оңай емес сияқты…

– Иә, іріктеу де өте күрделі. Жәутіков халықаралық олимпиадасы мен республикалық олимпиаданың нәтижелері бойынша ең мықты 12 оқушы таңдалады. Сол 12 оқушы оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Жиындарда бірнеше бақылау турлары, сынақтар болады. Соның қорытындысы бойынша төрт оқушы Қазақстан құрамасына өтеді. Сол төрттік кейін халықаралық олимпиадаға барады. Сондықтан әрбір кезеңде үздік болуға тырысу керек.

– Осындай табыстарға жеткізген негізгі факторлар қандай деп ойлайсыз? Ең пайдалы болған әдіс-тәсілдеріңіз?

– Ең бастысы, жүйелі еңбек. Олимпиадалық есептерді жаттап алу мүмкін емес, әр есеп – жаңалық. Сол үшін тек формуланы білу жеткіліксіз, мәселені түсініп, логикалық ойлау керек.

– Сізге кімдер шабыт береді?

– Нақты бір адамға ғана еліктеймін деп айта алмаймын. Мені негізінен мұғалімдерім, ұстаздарым және олимпиадаға қатысушылар шабыттандырды. Олар маған өте ақылды, мықты болып көрінетін. Сондай-ақ табысты адамдардың өмірбаянын, олардың қиындықты қалай жеңгенін оқығанды жақсы көремін. Олар жаңа идеялар ойлап тауып, әлемді өзгертті. Солар сияқты мен қоғамға пайдалы дүние жасағым келеді.

– Жасанды интеллект пен жалпы IT сала туралы сіздің өз көзқарасыңыз қызық. Болашағын қалай елестетесіз?

– IT саласы қазірдің өзінде технологиялық дамудың алдыңғы шебінде тұр. Жасанды интеллект ерекше қарқынмен дамып жатыр. Менің ойымша, бұл қорқатын емес, дұрыс қолдана білсек, керісінше, үлкен мүмкіндік беретін құрал. Бұрын бірнеше күн алатын жұмысты қазір жасанды интеллект бірнеше сағат, тіпті минут ішінде орындап береді. Әрине, ол адамның орнын баспайды, бірақ еңбегінің өнімділігін бірнеше есе арттыра алады. Алдағы 5-10 жылда жасанды интеллект түрлі салаларға – медицинаға, білімге, бизнеске, ғылымға тереңірек енетініне сенімдімін.

– Мектептегі ортаның жетістігіңізге әсері қаншалықты болды?

– Өте үлкен әсері болды. Біздің лицейде сабақтан кейін олимпиадалық үйірме өтеді. Онда өз ісіне берілген мықтылар бар. Біз бір-бірімізбен есепті талқылап, жарысып, бірге өсеміз. Ең бастысы, бізде өте жақсы бапкер болды. Ол 2-3 сағат бойы жаңа алгоритмдерді түсіндіріп, кейін сол тақырыптар бойынша емтихан, бақылау турларын өткізеді. Мектеп әкімшілігі де, мұғалімдер де бізді әрдайым қолдап отырады. Осындай ортада өсу – үлкен мүмкіндік.

– Информатикаға қызығатын оқушыларға қандай кеңес бересіз?

– Ең әуелі математикаға көңіл бөлу керек дер едім. Өйткені алгоритмдерді түсіну, күрделі есептерді шешу математикамен тығыз байланысты. Екіншіден, қорықпай бастау керек. Бәрі бірден түсінікті болмайды, қате көп болады – бұл қалыпты нәрсе. Үшіншіден, процесстің өзінен ләззат алуды үйрену керек. Егер есеп шығарғанда уақыттың қалай өткенін байқамай қалсаңыз, демек, сіз өз салаңызды таптыңыз. Ал ең бастысы, тоқтап қалмау. Күн сайын кішкене болса да алға қадам жасау маңызды.

– Болашақ жоспарыңыз туралы айтып өтсеңіз. Өзіңізге қандай мақсат қойдыңыз?

– Алдағы халықаралық олимпиадаларда, соның ішінде информатикадан өтетін жарыстарда одан да жоғары нәтижеге қол жеткізу. Бұйырса, информатикадан халықаралық олимпиадада алтын медаль алғым келеді. Одан кейін әлемнің үздік университеттерінің біріне түсіп, жасан­ды интеллект пен бағдарламалау саласында терең білім алуды жоспарлап жүрмін. Мақсатым – кәсіби маман ретінде қалыптасып, Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосу. Білім, технология, ғылым сала­сында еліміздің атын әлемге танытқым келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София ХАЙРУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: