Сейсенбі, 12 тамыз, 12:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№60,2173
12.08.2025
PDF мұрағаты

Мақамымен мәшһүр Майра

12.08.2025

52 0

Бұл күнде атадан мирас болған жыраулық өнерді   немересі  Майра Сәрсенбаева алтын үзіктей жалғап, ұзын сонар дастандар мен хикаяларды дүйім елге насихаттап келеді.  Киелі сахнада 40 жылға жуық өнер көрсетіп келе жатқан  талант иесі жайлы Сыр елінің белгілі перзенті Бауыржан  Омарұлы өзінің әлеуметтік желідегі  парақшасында  әсерлі жазба қалдырыпты.

«Жаңа ғана белгілі фототілші Болат Омарәлиев әлеуметтік желіге осы суретті жариялады. Бұл  – Сыр бойындағы дәстүрлі жыршылық мектептің талантты өкілі, бүгінгі танымал өнерпаз Майра Сәрсенбаеваның кішкене күніндегі бейнесі. Титімдейінен қолына домбыра ұстап, балапан даусымен өз мақамын тауып, жыр айтқан бойы бір тұтам Майраны Болат ағам байқап қапты. Енді қараңыз. Ақ бантик таққан сегіз-тоғыз жастағы жыршы қыз айналасындағының бәрін ұмытқан. Өзі сахнада отырғанымен, көзі өзге әлемде. Киелі өнердің әсерлі әуеніне берілген. Бала болса да, бірталай жерге терең бойлап кеткен сыңайлы. Қабағы сәл түйіліп, қасы керіліп, жұқалтаң танауы желп-желп етеді. Сүйріктей саусақтары тоғыз пернені қуалап, дамылсыз жорғалайды. Түр-әлпеті баланыкі болғанмен, қимылы мен қозғалысы, машығы мен мәнері кәнігі жыраудың кейпін танытады. Тұрымтайдай ғана текті перзент өзін еркін ұстайды, Қармақшының мың құбылған мақамына салып, ортекедей ойнайды. Текті перзент дейтініміз, ол – Сыр елінің жұрты төбесіне көтере дәріптеген әйгілі Сәрсенбай жыраудың көген алмай, өлең алған, болмысы бөлек немересі. Бұл суреттегі сүп-сүйкімді Майра қазір өңірге аты мәшһүр жыршыға айналды. Бүгінде оны да жырсүйер қауым мәнерлі мақамынан таниды»  деп Майраның бітім-болмысын, өнер қуатын  барынша шынайы сипаттап көз алдыңа алып келген.

Шынында, шынашақтай қыздың талантына тамсанбаған адам қалмаған. Небары 10 жасында саусақтары домбыраның тиегіне тисе жан дүниесі жайнап сала беретін тұлымшағы желбіреген қаршадай қыздан хас талант шығады деп кім ойлаған.  Мүмкін, ата-тегінің қанымен келген тектілік бақ боп бұйырған болар.  Бәлки, бір ауылынан кезінде 100 жырау шыққан Қармақшының топырағының қасиеті болар өнер өлкесіне қанат қағып, самғай берді, самғай берді. Алдынан даналықтың кәусар бұлағындай бабалардың өсиет пен өнеге тұнған жыр көмбесі сыр сандықтай ашылды. Маржан сөзден ой түйген шынашақтай қыз тыным таппай ізденіп, кәсіби жыраулық пен бірге ұстаздықтың ұлы жолын таңдады.

Сыр елінің шашасына шаң жұқтырмас жүйрігі атанған Майра Сәрсенбаева Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің «Халық әні» кафедрасының түлегі. Бүгінде сол оқу орнында аға оқытушы, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығында «Дәстүрлі өнер» бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.

Ұлттық өнердің туын көтеріп, бабадан жеткен текті өнерді насихаттауда табанды еңбек еткен жезтаңдай жырау түрлі байқауларда бақ сынап, жүлдемен оралған бақытты сәті аз емес.

Ол облыстық, республикалық, халықаралық түрлі деңгейдегі жыршы-жыраулар байқау-фестиваліне қатысып, олжалы оралды. 1999 жылы Қызылорда қаласында өткен халықаралық Қорқыт жылына арналған аймақтық жыршы-термешілер байқауынан І орын, 2001 жылы  халықаралық  «Ғасырлар үні» жыраулар конкурсынан ІІ орын, «Ғасыр-Дастан» тақырыбында өткен облыстық жыраулар конкурсында бас жүлде иемденді. Қазақстан Республикасының Венгрияда өткен мәдениеті мен өнері күндеріне қатысты.  2002 жылы «Кемел ойлы хан Кене» атты республикалық жыраулар байқауынан, 2003 жылы   «Көмейінде күміс жыр» атты аймақтық жыршы-термешілер байқауынан ІІІ орын, Қызылорда қаласында өткен  халықаралық  «Ғасырлар үні» жыраулар конкурсынан ІІ орын, 2004 жылы Шымкент қала­сында өткен «Шалқар термесі-2004» тер­мешілердің республикалық байқауынан  ІІІ орын алып, Сыр елінің мерейін көтерді.  2005 жылы белгілі ға­лым, түркітанушы, профес­сор Әуелбек Қоңы­рат­баев­тың 100 жылдық мерейтойына арнал­ған ІІІ рес­пуб­ли­калық «Ғасыр­лар үні» жыраулар фес­ти­валіне қатысса, 2006 жылы Бішкек қаласында өт­­кен І эпос жырлаушылардың  фес­тивалінде өнер көрсетті. «Қазақтың күміс көмей Көшенейі» атты республикалық жыраулар сайысында І орын иеленді.  2006-2014 жылдары Қызылорда қаласында өт­кен түркі тілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және ұлы дала сазы» атты өнер фестиваліне қатысса, 2007 жылы  Ұлыбритания елін­дегі қазақ елшілігінің арнайы шақыртуымен  Лондонда өткен Қазақстанның мәдениеті және өнер күндерінде өнер көрсетті.

2008 жылы Алматы қаласында өт­кен «Замана-ай» атты рес­публикалық термешілер байқауынан І орын, 2009 жылы «Алаштың Ақмешіті» дәстүрлі орын­даушылар фестивалінен дипломмен оралды.

2012 жылы жыршы-термешілердің облыстық «Жыр-керуен» фестиваліне белсене қатысып, Сыр сүлей­лерінің мол мұрасын насихаттауға зор үлес қосқаны үшін және халқымыздың жыршылық үрдісіне тың серпіліс әкелгені үшін көрерменнің зор алғысына бөленді.  «Батыр баба, Бұқарбай!» атты рес­публикалық дастан орындаушылар конкурсының ІІІ орын,  «Шұғыла шашқан – «Шаһнама» атты республикалық дастан орындаушылар конкурсының І орын иегері. «Алты Алашқа аты мәшһүр – Иманжүсіп» дәс­түрлі әншілердің республикалық фестиваліне қатысса, 2014 жылы «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық термешілер байқауында белсенді өнер көрсеткені үшін Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мақамымен мәшһүр Майра

2015 жылы «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық жыршы-термешілер байқауында ІІ орын иеленсе, «Ордалы сөздің иесі – Қазыбек би» атты жыршы-термешілер конкурсының Қазыбек би атындағы бас жүлдесін алып, құрметке бөленді.

2018 жылы Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі, жырау Сәрсенбай Бөртебайұлының  мұрасын ұрпаққа дәріптеудегі табанды еңбегі және облыстық  «QYZYLORDA» телеарнасының «Жыр-Керуен» тележобасына, Қарағанды қаласында өткен І халықаралық жыршы-жыраулар, «Әлімбай – жырдың  арнасы» атты облыстық жыраулар фестиваліне, «Сыр сүлейлері» көшпелі жыр керуені өнер фестиваліне, «Алты Алаштың шайыры…» атты облыстық жыраулар фестиваліне қатысып, озық үлгі көрсеткені үшін марапатталды.

2019 жылы Атырау қаласында өткен  «Жырым жетсін жалпыға» атты республикалық  фестивальде «Мұрагер жырау» жүлдесін  жеңіп алды.

Бүгінде саф өнердің жарыққа шығып, елге танылуына жан аямай қызмет етіп келе жатқан Майраның жыр қоржынында Сыр сүлейлерінің терме-толғауларымен бірге «Абылайхан» тарихи дастаны,  «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры, Сәрсенбай жыраудың «Жүсіп-Ахмет», «Мұңсызхан» дастандары, «Алпамыс батыр», «Айман-Шолпан» жыр-дастаны, қаламынан туындаған «Отырардың күйреуі» дастаны бар.  Елге сіңірген еңбегі ерекше бағаланып, 2014 жылы ҚР Мәдениет министрлігі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, 2021 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Қалай десек те, ұлттық өнер халықтың баға жетпес қазынасы.  Жырдың айтылу мәнері де өнер сүйер қауымды әсерге бөлеп, жан дүниеңді тербейді. Жыраулық  мақамды атасы Сәрсенбай жыраудай мың құбылтқан Майраның мақамы ерекше.

           Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: