Ол не ойларын білмеді… Бар ойлағаны қалың өрттің арасынан адамдарды дін аман алып шығу еді… Барынша амалын қарастырып, түтіннің арасына сүңгіп кеткен. Әлден уақытта жалғыз өзі ғана емес, бірнеше азамат құтқару жұмысына кірісіп кетті. Осылайша олар Қорқыт ата көшесінде орын алған өрт оқиғасында ерлік көрсеткен еді. Бұл – полиция майоры, учаскелік полиция инспекторы Мақсат Хасенов болатын.
Кейін осы жағдайдағы ерлігі үшін Мақсат Серікұлы облыстың үздік учаскелік полиция инспекторы ретінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.
– Бұл жағдай кейін әлеуметтік желіге тарап кетті. Ата-анам мен бауырларым, таныстарымның барлығы хабардар болды. Ата-анам қатты қуанды. Олар «бір үйдің емес, бір елдің баласын тәрбиелеппіз» деп көзіне жас алды. Астанаға бара жатқанда менімен мақтанатынын жеткізіп, ақ батасын берді, – дейді Мақсат.
Мақсат Серікұлы 2003 жылы полиция қызметкері боламын деп оқуға тапсырады. Бірақ сынақтан өте алмайды. Кеудедегі асқақ арман осы саланың бел ортасында еңбек етіп, халыққа қызмет етуге бағыттаса керек. Араға он жыл салып, 2013 жылы жұмысқа қабылданады. Міне, осы күні ол сол кездегі арман-мақсатына қол жеткізіп, елдің ықыласына бөленіп жүр.
– Халықтың алғысынан асқан құрмет жоқ. Біздің алған тәрбиеміз де, алға қойған айқын мақсатымыз да – осы. Басқа салаға қарағанда бұл қызметтің ең басты ерекшелігі – халыққа біртабан жақын жүретініңде. Дәл осы аумақта жұмыс істеп жатқаныма 8 жылдан асты. Халықтың белсенділігі де жоғары. Әрбір келеңсіз жағдайда жұмыла кетеміз. Ал істеген қызметің үшін халықтан алғыс алып жатқандағы сезім ерекше. Біреуге пайдаң тиіп, жұртқа жасаған жақсылығыңның рахаты өз алдына, – дейді білікті маман.
Жыл сайын құрмет төріне шығып, марапат мінберінен көрініп жүрген Мақсаттың қоржынында облыс әкімінің «Үздік сақшы» номинациясы бар. Одан бөлек, облыс, қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен де марапатталған. Үздік учаскелік полиция инспекторы ретінде де алғыс алған сәттері жетерлік. Оның қай-қайсысынан да халықтың алғысын жоғары қоятын ол балалары полиция қызметкері болса қуанатынын айтты.
– Әр баланың өз таңдауына қараймын. Құдай берген екі қыз, бір ұлым бар. Олар болашақта жолымды қуып, полиция қызметкері болса, әрине, қуанамын. Бірақ олардың өз таңдауын сыйлаймын. Қандай істі де шын сүйіп, сол салаға бар күш-жігеріңді салмасаң, сенен мықты маман шықпайды. Демек, олардың өздері мықты болуы үшін арманындағы салаға барғаны жөн, – дейді бала тәрбиесіне де ден қойған құқық қорғаушы.
Қоғам тыныштығын кірпік қақпай күзетіп, елдің қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын сақшы нағыз полиция қызметкері қандай болуы керегін де айтты.
– Иығыңа таққан шенің – елдің аманаты. Оған жеткен соң, абыроймен алып жүру деген бар. Халық полициядан қорықпау керек, өзіне қорған санау керек. Мәселесі болса, соны шешуге көмек сұрау қажет. Мен сондықтан елдің ортасындамын. Біз келеңсіз жағдайларда, шақырыстарда ғана емес, басқа күндері де тыным таппаймыз. Өз аумағымызда тізімде тұрған азаматтармен кездесеміз. Тұрғындардың мәселесін тыңдаймыз. Елдің тыныштығы жолында таңнан бастап, түн жарымға дейін тікемізден тік тұрып, қызмет етеміз. Жоғарыда айтылған аманат деген ұғым бар. Сол ұғым әркез біздің ойымызда тұрады, – дейді жауапкершілігі жоғары маман.
Біз шығып бара жатқанда Мақсатты іздеп тұрғындар келіп жатты. Олардың көзқарасында үрей мен қорқыныш жоқ. Керісінше, сақшыға деген сенім бар. Міне, елге қызмет ететін маман осындай болады.
Дәулет ҚЫРДАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!