Дүйсенбі, 25 қараша, 09:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Мақсатым – қазақ болмысын сапалы мультфильмдер арқылы әлемге таныту

28.09.2024

523 0

3D анимация киноәлем үшін шексіз мүмкіндіктер ашып, шынайылығымен таң қалдыратын қызықты кинофильмдер мен мультфильмдер жасауға мүмкіндік береді. Елімізде осы саланың майталмандары шығармашылық пен инновация арқылы отандық анимацияның жақында әлемдік деңгейде танылуға болатынын көрсетуде. Жерлесіміз

Бағлан Төлебай осындай асыл мұратқа қол жеткізіп жүр. Ол қазақ болмысын сапалы мультфильмдер арқылы әлемге танытып, қазақ анимациясының технологиясын арттырып жүр. Кейіпкеріміз «бұл – ең үлкен мақсатым» дейді.

– Көпшілік бара бермейтін, бұл салаға келуге батылдық керек тәрізді. Сіз алғашқы қадамды қалай бастадыңыз?

– Басынан бастасақ, бұл өте ұзақ әңгіме. 3D анимациямен 7-сыныптан бастап Қызылордадағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға түскенде айналыса бастадым. Бұл дағдыма бала кезімнен мультфильмдерге деген үлкен қызығушылығым себеп болды. Мысалы, бала кезімде «Наруто» және «Өрмекші адам» мультфильмдері мені қызықтырып, бұл мультфильмдердің анимациясының қалай жасалғанын зерттей бастадым. Кейін осындай мультфильмді өзім қалай жасай аламын деп ойландым. Мен анимация жасаудың әдістерін зерттеп, іздедім. Ол кездері үлкен ағам қазақ-түрік лицейінде оқып, сыныпта «Flash» бағдарламасында 2D анимация жасауды үйренген. Сол бағдарламаның негіздерін маған үйретті. «Дарын» мектебіне түскенде анимацияның түрлі салаларын оқуды жалғастырдым. Бір жылдан соң Алматыда оқып жүрген ағам менің туған күніме 3D анимация туралы «3D Max» кітабын сыйға тартты. Осы сәттен бастап 3D анимация мен мультфильмдер жасаудағы жолым басталды. Менің анимациядағы алғашқы қадамдарым қиын, бірақ қызықты болды. Мен бағдарламаларды үйренуге және алғашқы қарапайым үлгілерді жасауға бірнеше сағат жұмсадым. Бірте-бірте шеберлігім көтеріліп, күрделі жобалар жасай бастадым. «Дарын» мектебінде мен түрлі жобаларда топ жардым. Уақыт өте келе анимацияның хобби ғана емес, менің салам екенін түсіндім. Түрлі байқаулар мен көрмелерге қатысып, өз жұмыстарыммен таныстыра бастадым. Бұл маған осы саладағы кәсіби мамандармен кездесіп, құнды кеңестер алуға мүмкіндік берді. Менің өмірімдегі маңызды сәттердің бірі – байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болуым. Ол менің шеберлігімді одан әрі дамытуға және жетілдіруге шабыттандырды.

– Анимациялық мультфильмдерді жасауда қандай бағдарламаларды жиі қолданасыз?

–  Оқуымның басынан бастап осы уақытқа дейін мен 3ds Max бағдарламасын пайдаланып келемін, өйткені дәл осы бағдарламада 3D анимация және графика әдіс­терінің барлық түрлерін орындауға мүмкіндік береді. Сәулет, визуализация, компьютерлік ойындарға арналған модельдер, анимация, мультфильмдер немесе киноға арналған арнайы эффектілер – мұның бәрі «3ds Max»-те қол жеткізе алатын іс. Бұл бағдарлама – анимацияға арналған ең жақсы және жоғары деңгейлі бағдарламалық құрал. Соңғы кездері кеңінен қолданылатын «Maya», «Cinema 4D» және «Blender» сияқты көптеген анимациялық бағдарламалар бар. Дегенмен менің таңдауым «3ds Max», өйткені бұл бағдарламада көптеген танымал мультфильмдер мен фильмдер жасалған. Мысалы, «Гарри Поттер», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Тақтар ойыны» сияқты фильмдер, сондай-ақ Дисней мультфильмдерінің барлығы «3ds Max» жүйесінде жасалған. «3ds Max» жоғары сапалы анимация мен графиканы жасауға қажетті барлық құралдарды ұсынады. «3ds Max» таңдауымның бір себебі – оның әмбебаптығы. Анимацияны жасауға үйренуді жаңадан бастағандар үшін де, тәжірибелі пайдаланушылар үшін де қолайлы. Ол оқу үдерісін қолжетімді және түсінікті ете отырып, әртүрлі оқу материалдары мен ресурстарын ұсынады. Сонымен қатар «3ds Max» басқа бағдарламалармен және плагиндермен интеграцияны қолдайды, бұл анимация мен графиканы құру мүмкіндіктерін кеңейтеді. «3ds Max» тағы бір артықшылығы – оның сенімділігі. Бағдар­лама үнемі жаңартылып, жетілдіріліп отырады, бұл пайдаланушыларға 3D анимация саласындағы соңғы трендтер мен технологиялардан үнемі хабардар болуға мүмкіндік береді. Бұл жоғары сапалы және заманауи жобаларды жасауға ұмтылатын мамандар үшін өте маңызды.

– Әрбір жетістік – адам деңгейінің көрінісі. Сондықтан байқаулар мен сынақтар арқылы шыңдалуға болады. Сіздің анимация саласындағы жетістіктеріңіз қандай?

– Менің 3D графикасы саласында көптеген жетіс­тіктерім бар және олардың әрқайсысы менің өмірімде маңызды кезең болды. Қазір мен «Аватардың» техникалық директоры, менің менторым Александр Рихтердің жетекшілігімен техникалық директор болу үшін оқудан өтіп жатырмын. Александр Рихтердің оқытуы бұл саланың толық функционалдығын және функцияларын жүйелеуді меңгеруді қамтиды. Бұл процесс техникалық директор жұмысының барлық аспектілерін тереңірек түсінуге және алған білімімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Оқуды аяқтағаннан кейін анимация саласындағы маман ретінде біліктілігім мен мәртебемді растайтын арнайы сертификат алдым. Бұл сертификат маған жаңа мүмкіндіктер ашып, техникалық директор ретінде ірі жобаларға қатысуыма септігін тигізеді. Менің 3D графикасындағы жетістіктерім кәсіби қоғамдастықта жоғары бағаланған күрделі модельдерді, анимацияларды және визуализацияларды жасауды қамтиды. Мен архитектуралық визуализациядан бастап фильмдер мен мультфильмдерге арналған арнайы эффектілерге дейін әртүрлі жобаларды әзірлеуге қатыстым. Әрбір жетістік мен үшін кәсіби өсу мен даму жолындағы маңызды қадам болды. Мен саланың жоғары стандарттарына сай болу үшін үнемі өз біліктілігім мен білімімді жетілдіруге тырысамын. Александр Рихтер сияқты тәжірибелі маман­нан білім алу менің кәсіби көкжиегімді айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді.

Мақсатым – қазақ болмысын сапалы мультфильмдер арқылы әлемге таныту

– Жастарды анимация мен 3D графиканы оқытатын «Dansai Academy» онлайн анимация академияңыз қашан ашылды? Бұл орталықтан үйреніп, тәжірибе жинағандар көп шығар…

–  Dansai Academy – Қазақстандағы тұңғыш 3D графика саласындағы қазақша академия. 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл академия 1000-нан астам студентті оқытқан. Академияның басты мақсаты — қазақ тілінде 3D модельдеу мен анимация саласындағы білімді жетілдіріп, жаңа мамандарды дайындау. Алғашқылардың бірі болып 3D анимация бойынша қазақша кәсіби курстарды дайын­дап, білімімді жастармен бөлісіп жүрмін. Қазір Нархоз университетінде аға оқытушымын. 3D анимация бойынша осы кезге дейін көптеген шәкірт даярлап шықтым. Сонымен қатар С.Демирел университетінде экспертпін.

– 3D модельдеу және 3D анимацияның болашағы туралы не ойлайсыз? Осы салада жасанды интеллектіні пайдалану бұл салаға өзгеріс әкеле ме?

–  3D модельдеу және 3D технологиясының болашағы перспективалы болады. Бұл технологиялар дамып трендте қалады, өйткені, олар біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Мысалы, «Шрек» және «Pixar» мультфильмдері сияқты бала кездегі сүйікті мультфильмдер 3D графикасы арқылы жасалған. Көпшілік жасанды интеллектінің дамуымен 3D графика әлемі толығымен өзгеріп, барлығы тек 3D технологиялары арқылы жасалады деп санайды. Дегенмен, айтарлықтай жетістіктерге қарамастан, 3D технологиялар тек мамандардың жұмысына көмекте­сіп, жеңілдетеді, бірақ оларды толығымен алмастыра алмайды. «Metaverse» 3D технологиясы арқылы салынғанын бәріміз білеміз. Тіпті «Facebook» өз атауын «Meta» деп өзгертті, бұл біздің өмірімізде 3D технологияларының маңыздылығын атап көрсетеді. Болашақта біз 3D анимация, графика және модельдеу арқылы жасалған виртуалды әлемдерге енуге мүмкіндік беретін 3D көзілдіріктерін қолданамыз. Қазірдің өзінде 3D көзілдіріктер ойын-сауықтан бастап, білім беру мен медицинаға дейін әртүрлі салаларда белсенді түрде қолданылады. Олар неғұрлым шынайы және интерактивті виртуалды орталарды құруға мүмкіндік береді, бұл оқу мен жұмыс үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. 3D модельдеу және 3D технологиясы инновациялармен және жаңа тәсілдермен дамуын жалғастыруда. Мысалы, 3D модельдеуде жасанды интеллектіні пайдалану көптеген жұмысты айтарлықтай жылдамдатады және жеңілдетеді. 3D технологияларын дамытуда виртуалды және толық­тырылған шындық та маңызды рөл атқарады. Бұл технологиялар сандық мазмұнмен шығармашылық пен өзара әрекеттесу үшін жаңа көкжиектерді аша отырып, неғұрлым иммерсивті және шынайы виртуалды әлемдерді құруға мүмкіндік береді.

Мақсатым – қазақ болмысын сапалы мультфильмдер арқылы әлемге таныту

– Еліміздегі 3D анимация саласын дамыту туралы ойыңызбен бөліссеңіз. Біздің елде бұл бағытта қандай мүмкіндіктер бар?

– Дамыған елдерде, әсіресе Америка мен Еуропада, 3D графика саласы бойынша қауымдастықтар қалып­тасқан. Бұл қауымдастықтар арнайы сертификат беретін мекемелермен қамтамасыз етілген. Ал біздің елімізде бұл сала әлі де болса қатты дамымаған және қауымдастырылмаған. Әркім өз бетінше үйреніп, осы салада білімін арттыру үшін шетелде білім іздеуге мәжбүр. Бұл жағдай қиындық туғызады. Осы салада басын біріктіретін қауымдастық немесе ұйым болуы керек деп санаймын. Мен қазір осы салада жұмыс істеудемін. Еліміздегі мамандарға мониторинг жасап, бүкіл 3D графика мамандарын біріктіріп, оларға елімізде жұмыс табуға көмек көрсетіп жүрмін. Маман іздеп жүрген студияларға да көмек көрсетіп, қажетті мамандарды табуға жәрдемдесемін. Мақсатым – осы саланы кәсіби деңгейге көтеру. Осы саланы дамытып, шетелге танылып, нарығына шығып, өз анимация мен графикамызды ұсына аламыз деп сенемін. Қазіргі таңда Голливудта анимация мен графиканы көбінесе Үндістан мен Қытай мамандары жасайды. Ал егер біз осы саланы жақсы меңгерсек, біз де осы салада үздік боларымыз анық. Себебі жастарда ынта мен қызығушылық бар. Біздің елде 3D графика саласын дамыту үшін біріншіден, арнайы оқу орындарын ашу керек. Бұл оқу орындары 3D графика саласында кәсіби мамандарды даярлауға бағытталуы тиіс. Екіншіден, шетелдік тәжірибені зерттеп, оны елімізде қолдану қажет. Үшіншіден, 3D графика саласында жұмыс істейтін мамандарды қолдау және ынталандыру шараларын енгізу керек. Сонымен қатар 3D графика саласында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру үшін арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастыру қажет. Бұл курстар мен семинарлар мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге және жаңа технологияларды меңгеруге көмектеседі. Жастардың ынта мен қызығушылығын пайдаланып, осы саланы кәсіби деңгейге көтеру – біздің басты мақсатымыз.

Қазақстанда 3D модельдеу саласын дамыту үшін көптеген ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Бұл бағытта жұмыс істейтін әр түрлі компаниялар мен ұйымдар бар. Мысалы, «Қазақфильм» киностудиясы, «Ара» студиясы және университеттерде осы салаға арналған мамандықтар бар. Сүлеймен Демирел атындағы универ­ситетте мультимедиа мамандығы оқытылады, Нархоз университетінде де осы мамандықты ашу жоспарлануда. Бұл мамандықтарға арналған студиялар мен лабора­ториялар серверлер арқылы жұмыс істей алады. «Қазақфильм» киностудиясында «Қазақ Анимация» бөлімі бар, ол барлық қажетті жабдықтармен және арнайы графикалық планшеттермен қамтамасыз етілген. «Ара» студиясы елімізде жоғары сапалы мультфильмдер жасауда. «Балапан» арнасында «Дала animation» студиясы жұмыс істейді, ол да көптеген мультфильмдерді осы арнаға арнап жасаған. Мен де «Ер Төстік» атты арнайы мобильді ойынды жасаудамын, ол да 3D графика арқылы жасалған. Бұл ойын еліміздің болмысын көрсететін қазақи ұлттық ойындардың қатарында.

 – Қазақ анимациясының болашағы туралы ойыңызбен бөліссеңіз. Биіктерді бағындыратынынан үміттене аламыз ба?

– Әрине. Қазақ анимациясының болашағы өте зор. Елімізде осы салаға қызығушылығы жоғары жастардың қатары қалың. Жастарды осы салаға тартып, 3D саласын жақсы меңгертіп, олардың потенциалын ашып, әлемге танылуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда анимацияда үлкен жетістіктер болмағанымен, балаларға арналған қазақша контентті дамыту – біздің басты мақсатымыз. Қазақстанда 3D модельдеу саласын дамыту үшін қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер жеткілікті. Университеттерде осы салаға арналған мамандықтар ашылып, студиялар мен лабораториялар құрылуда. Жастардың қызығушылығы жоғары болғандықтан, олардың осы қабілетін ашу арқылы әлемге танылуға болады. Әрбір 3D бойынша айналысатын маманның мақсаты –  елімізде балаларға арналған қазақша контентті дамыту.

– Бір жерден «кіндігіңнің қаны тамған жерге, маңдайыңның тері тамсын» деген керемет сөз естіп едім. Әрбір әрекетіңізден ұлттық болмыс сезіліп тұр. Алдағы жоспарларыңызда да қазақы қалып бар ма?

– Бала күнімнен бастап қазақтың бүкіл фольклорларын, жыр-дастандарын, ертегілерін әлемге танымал мульт­фильмдер сияқты ететін мықты анимациялық студияны құру арманым болып келеді. Бұл арманым 12 жасымнан басталды. Қазір мен Нархоз университетінде қызмет етіп келемін. Тұңғыш рет 3D графика бойынша анимацияға негізделген мамандық ашқым келіп жүр. Мен бұл мамандықтың бағдарламасының жетекшісі ретінде бекітілгенмін. Жоспарын құрып, сонымен қатар мен өзім жасаған арнайы курс авторымын. 3D графиканы үйрететін арнайы курсым осы саланы меңгергісі келетін жастарға арналған. Мақсаты – біздегі мамандар санын арттыру. Менің арманым – қазақтың бай мәдени мұрасын жаңа деңгейге көтеру. Қазақтың ертегілері мен дастандарын әлемге таныту үшін анимацияның күшін пайдаланғым келеді. Бұл мақсатқа жету үшін мен анимация саласында мықты мамандарды даярлауды көздеймін. Нархоз университетінде 3D графика бойынша анимацияға негізделген мамандық ашу – осы жолдағы алғашқы қадамым. Бұл мамандықтың бағдарламасын құру барысында әлемдік стандарттарға сай білім беруді мақсат еттім. Менің арнайы курсым 3D графиканы үйренгісі келетін жастарға арналған. Бұл курс арқылы жастарға анимацияның қыр-сырын үйретіп, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға көмектескім келеді. Курс барысында студенттер 3D модельдеу, анимация жасау, визуалды эффектілерді қолдану сияқты дағдыларды меңгереді. Бұл дағдылар оларға болашақта анимация саласында табысты мансап құруға жол ашады.

Менің тағы бір мақсатым – қазақтың мәдени мұра­сын сақтап, оны жаңа буынға жеткізу. Анимация арқылы біз қазақтың ертегілері мен дастандарын жаңа форматта ұсынып, оларды әлемге таныта аламыз. Бұл тек мәдениетімізді сақтап қана қоймай, оны дамытуға да үлес қосады. Қазақтың бай мұрасын әлемге таныту және оны жаңа деңгейге көтеру – менің ең үлкен армандарымның бірі.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен София ХАЙРУЛЛАҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: