Қазақ халқының маңдайына біткен төл өнерін насихаттап, сан ғасырлық мұраны шашау шығармай жырсүйер қауымға жеткізіп отырған тарлан талант иелерінің еңбегі ерекше. Дәуірден жеткен дәстүрлі өнер – баға жетпес рухани байлық. Қанша мың жолдан тұратын терме, дастан, хикаяларды жаттап, сан мақаммен құбылтып, қара домбыра қағысымен, кейде қобыз сарынымен үндестіріп, құйқылжыта орындап, көрермен жүрегіне жеткізу тек хас таланттың қолынан келер қанмен сіңген, маңдай термен келген қасиет дер едім. Осындай тал бойына жігіттің жеті өнерін жиған, шашасына шаң жұқпас жүйріктің бірі, Сыр елінің мақтанышы Марат Сүгірбаймен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Бұрынғы жыршы-жыраулардың дауысын таспаға түсіру мүмкін болмаған кезеңдер болғаны рас. Талай тума таланттардың дауысы сақталмай өкінген сәттеріміз болғаны жасырын емес. Ал қазір сол олқылықтың орны толды ма?
– Қазір технология қарыштап дамыған уақытта өмір сүріп жатырмыз. Ескі үнтаспа, бейнетаспа, сурет сияқты үні мен өңі кете бастаған құнды жәдігерді жаңартып, жаңғыртудың жолы көп. Осыдан бір жыл бұрын аймақта «Жыраулар үйі» ашылды. Көптен бері көкейде жүрген жұмыс еді. Осы саладағы аға буын ұстаздарымыз бұл мәселені жиі көтеріп жүр еді. Облыс әкімінің қолдауымен бұл игілікке қол жеткіздік. Жыраулар үйі жоспарлы түрде жұмыс істеуде. Дыбыс жазу студиясы ашылып, ескі дыбысты сандық жүйеге ауыстырып жатыр. Бұл – үлкен жетістік. Сонымен қатар қазіргі кездегі жыршы-термешілердің де жыр қоры жинақталып, жүйелі жұмыс жолға қойылуда. Сіз айтып отырған олқылықтың орны толды деуге болады.
– Жыраулар үйі қаншама өнер тарландары үшін құттыхана орынға айналды. Жырға сусаған көрермендермен көптеген өнегелі кездесу өтуде. Төл өнерді төрге шығарған таланттарға ел риза болар…
– Жыраулардың кәсіби тұрғыда жетіліп, кемелденуі үшін арнайы орталықтың болуы шарт еді. Мінекей, енді дәстүрлі орындаушылар кезең-кезеңімен құлашын кеңге жайып келеді. Жыраулар үйінде әдіскермен қатар ғылыми қызметкерлер де бар. Әрбір жыраудың жеке өмірбаянын жинақтап, хатқа түсіріп, олар туралы жазылған мақалаларды топтастырып, зерттеу мен ұйымдастыру жұмысын қолға алуда. Апта сайын бекітілген жоспар аясында Жыраулар үйінде мәдени-танымдық кеш жалғасын табуда. Қазіргі сәтте толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік бар.
– Көне дәуірдің тарихи жырлары мен дастандарын, хиссаларын сол кезеңнің тарихымен астастырып, көрерменнің көз алдына сол дәуірдің ерекшелігін баяндап отырасың. Тарихтың тереңіне бойлауыңыздың сыры неде? Көп уақытыңыз кітапханада өтетін секілді…
– Жыраулық тарих саласын, әдебиетті, музыканы, аспапта ойнау шеберлігін, сахна мәдениетін, қиссагерлік пен әңгімешілдікті қамтитын көкжиегі кең өнер. Жыраулықтың басқа да қоғамдық пәндермен тығыз байланыста екенін айтып келе жатырмыз. Мысалы, этнопедагогика сұрағына толыққанды жыраулық өнер жауап бере алады. Демек, бұл өнер өміршең деуге әбден болады. Оның бойында өшпейтін, өлмейтін, өзгермейтін адамгершілік құндылықтың өзегі бар. Сондықтан осы қасиетті көрерменге мейлінше кеңінен түсіндіруге тырысамыз. Әр іс-шараның алдында тыңғылықты дайындалатыным рас. Себебі саналы түрде таңдап, тәуекел еткен мамандығым. Бұл өнердің қазіргі кезеңде басқа да проблемасын жақсы біле тұра бел шеше кірістім. Сол себепті де шамам келгенше ізденемін. Жастардың жүрегінен жол тауып кетуіміз керек. Себебі өнердің келешегі тыңдармандарына да байланысты. Орындаушы да, тыңдаушы да ұдайы ізденіс үстінде болуы керек деп ойлаймын.
– Қобыз сарынымен тіпті арқаланып кетесіз. Жалпы бұл қасиетті өнер сізге қайдан дарыған? Өнер өлкесіндегі өрлеу жолдарың туралы айта кетсеңіз…
– Қобыз – бағзы заманнан келе жатқан музыкалық аспап. Университет қабырғасында жүргенімде ұстазым Мақсат Мұхаммеджаннан үйрендім. Содан бері қолымнан тастамай келемін. Сөз өнеріне үйірсектеуіміз мектептегі ұстаздарымыздың еңбегі деп білемін. Ұстаздарым Ғалия Пірәлиева, ақын Ғалия Орынбасарова «Бес ғасыр жырлайдыны» талдағанда шемішкедей шағатын еді. Ондағы теңеуді, тарихи оқиғағаны тебірене тыңдаушы едік. Ұстаз қадірлей білгенге келешек өмірімізді нұрландыратын қасиетті тұлға ғой. Жалпы, өнер тұрғысында айтар болсам, қазақы тәрбиедегі отбасында туғандығымның әсері болар деп ойлаймын.
– Кезінде өзіңді айтыс додасынан да көріп қалдық. Соңғы кезде бірыңғай жыраулық өнерді таңдадың ба?
– Иә, айтыс өнерінде де аласым да, таласым да бар. Әуелде сөзімнің басында келтіргенімдей жыршылық дәстүрді таңдадым. Алдағы уақытта осы өнерді өсіріп, өрістеткім келеді. Өнерді өсіру керек дегеннен басқа әзірге айтарым жоқ.
– Жүйрікті топқа салсаң шабыты ашылады ғой. Талай жүлдені қанжығаңа байлап Сыр елінің мәртебесін көтергеніңнен хабардармыз. Десе де жеткен жетістіктерің туралы да айта кетсең..
– Барлық сайысымның өз орны, өз белесі, өз биігі бар. Себебі барлығына да жанымды салып дайындалдым. Әлі де аянбай келемін. Үзбей еңбектенген соң жеткен жеңістің барлығы ыстық көрінеді. Әлі де дайындалу керек. Осы уақытқа дейін бір ғана дүниеге іштей көңілім толады. Ол – тарих ғылымының магистрі атанғаным. Екі жыл бойы Алматы, Ақтау, Қызылорда қалаларының кітапханасында ымырт түскенше отырған сәтімді ғылым жолындағы сәулелі сәт деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!