Мінберде елдің жайын көтеріп, әрдайым белсенділік танытып жүрген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов – халық үшін ашық, жариялылықтан қашпайтын халық қалаулысының бірі. Жыл аяқталар тұста сырбойылықтар сенім артқан мәжіліс депутатынан сұхбат алудың сәті түсті.
– Мемлекет басшысының Сыр еліне сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 566 шақырымын І санатқа, яғни 4 жолақтыға ауыстыру мәселесін көтергенінен хабардармыз. Парламент қабырғасында осы мәселенің шешімін табуына депутаттар қаншалықты атсалысты?
– Президент Сыр еліне сапарында бұл жолдың тым тар екенін айтып, Үкіметке мәселені назарда ұстауды тапсырған еді. Бұл мәселе шешімін таппақ. Көлік-логистика саласының әлеуетін дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында көлік министрі Марат Қарабаев қолданыстағы жолдарды дамыту үшін 2030 жылға дейін жол салу жоспарланғанын жеткізді.
Министрдің ақпараты бойынша, 2027 жылдан бастап 736 шақырымдық Бейнеу – Сексеуіл автожолын салу жоспарлануда. Халықтың көптен күткен арманы орындалады. Бәріне байыппен қарау қажет.
– Несиеге батқан халықтың қаржылай сауатын арттыру мақсатында биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асты. Сіздіңше жоба өзінің ойға алған мақсатына жетті ма?
– «Қарызсыз қоғам» – «AMANAT» партиясының жобасы. Партияның көмегімен 780 мың адам қаржылық сауаттылықты меңгерген. Мемлекеттің барлық ресурсы ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Себебі бұл – Президенттің саяси және әлеуметтік реформасының басты мақсаты. Жобаны табысты жүзеге асыру мақсатында партия, Парламент, Үкімет, жергілікті билік органдары, қаржы секторының өкілдері мен белсенді азаматтар бірлесіп жұмыс істеуде. Халықтың шектен тыс несие қарызына бату мәселесін шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі шара қабылдауда.
– «Ауыл аманаты» жобасы ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Ауылдың әлеуетін көтеруді мақсат еткен жобаның нәтижесіне көңіл тола ма? Пікіріңізді білсек…
– Мемлекет басшысы өз жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет екенін атап өткен еді. Ал ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу – «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған сәттен бастап 16 мыңға жуық ауыл тұрғыны жеке кәсібін бастау үшін 2,5% жеңілдікпен шағын несие алды. Нәтижесінде 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы Қызылордада сәтті жүзеге асырылуда. Бағдарламамен аймақтың өңдеу өнеркәсібі, мал, егін шаруашылығы және басқа да келешегі бар салаларында 610 жұмыс орнының ашылуына септігін тигізген 575 жоба іске асты.
Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауылдықтардың табысы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізуде.
– Құрылыс компаниялары жеке үлескерлердің мүддесіне нұқсан келтіріп жатқан тұстары көптеп кездесуде. Құрылыс саласына қатысты заңдарға да өзгеріс енгізу керек секілді. Мәжілісте бұл мәселені қаншалықты көтеріп жүр?
– Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарадық. Аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобында мүше болдым. Жұмыс тобының отырысында мәселені сарапшылар мен мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кеңінен талқыладық. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңның қабылданғанына 18 жылдан аса уақыт өтіп, оған 35-тен астам өзгеріс енгізілген. Алайда «заңсыз құрылыс», яғни заңнаманы айналып өтіп, азаматтармен шарт жасасу проблемасы әлі күнге дейін шешілген жоқ. Осыған орай депутаттар заңды «айналып өтіп», осындай шарт жасасуға тыйым салу бойынша Азаматтық кодекске түзетулер енгізді. Кодекстегі жаңа өзгерістер құрылыс саласындағы заңсыздықтардың белең алуына кедергі болады деп ойлаймын.
– Жақында жаңа бюджет кодексі қабылданды. Қандай өзгеріс бар?
– Өткен жылы Президент жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігі туралы ауқымды міндет қойған болатын. Осы бастаманы жүзеге асыру үшін жаңа заңнамалық негіздер қалыптастырып жатырмыз.
Елдегі экономикалық реформалардың қос тірегі – жаңа бюджет және салық кодексі болмақ. Мәжіліс соңғы екі сессия бойы осы құжаттармен белсене жұмыс істеді.
Жаңа бюджет кодексі жан-жақты талқылаудан өтті. Бюджет саясаты төңірегінде қызу пікірталас болды. Кодекс жобасы қоғамдық палата отырысында да қаралды. Депутаттар мен сарапшылар тарапынан айтылған сын-ескертпенің барлығы осы қабылданған құжатта ескерілді. Кодекс болжау сапасын және бюджет кірісін арттыруға бағытталған. Оның басты мақсаты – қаражатты жай ғана игерумен шектелмей, бюджет саясатын нақты нәтижеге қол жеткізуге бағыттау.
Мемлекет басшысы бюджет қаражатын ұқыпты, әрі үнемдеп пайдалану жөнінде бірнеше рет арнайы тапсырма берді. Бұл жаңа кодексті әзірлеуде негізге алынды. Жоспарлау аясын кеңейту үшін енді 10 жылға арналған ұзақмерзімді болжам жасалады. Бұл тәсіл қысқа мерзімге және ұзақ мерзімге бюджет шығысын дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бюджет түсімі мен шығысын бақылау күшейтілді. Бұдан былай республикалық бюджетке енгізілетін барлық түзету туралы Парламентке хабарланатын болады. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметіне парламент бақылауы күшейеді.
Бұдан бөлек, ұлттық әл-ауқат қорының портфельдік компанияларынан алынған дивидендтердің кем дегенде 50 пайызын және қалған квазимемлекеттік мекемелердің таза табысының кем дегенде 70 пайызын бюджетке аудару нормасы бекітілді.
Бюджет кодексі тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік әділеттілікке бағытталған бюджет саясатын жақсартуға ықпал етеді деген үміттеміз.
– Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы пікір білдірсеңіз…
– Қызылорда облысы қай салада болсын даму жағында көш бастап келеді. Аймақ бюджеті айтарлықтай өсіп, 744 млрд теңгеден асты. Соңғы жылдары Сыр өңірінде ауыз толтырып айтарлық жоба көп. Әсіресе инвесторлар есебінен салынған нысандар бойынша өзге аймақтардан озық тұр. Аймаққа 1.4 трлн теңге инвестиция тартылған. Солардың бірі – жаңа әуежай терминалы. Ел үшін маңызды жоба – түрік компаниясы өз қаржысына заманауи жылу-электр орталығын салып жатыр. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен көптеген жоба жүзеге асуда. Тағы бір жағымды жаңалық – Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Бұл – үлкен қолдау. Жоба құны 26 млрд 200 млн теңгені құрайды. Келесі жылу беру маусымында қала толық ыстық сумен қамтамасыз етілмек.
Сондай-ақ биыл Қызылордада «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 575 жоба жүзеге асырылса, облыс 52,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін экспорттаған. 16 медициналық нысан ел игілігіне табысталған.
– «Үшқұдық – Қызылорда» бағытында автомобиль жолын салу бойынша депутаттық сауал жолдапсыз. Бұл бастамаңыз Үкімет назарына алынған болар…
– Ежелден еншілес, тарихы тамырлас екі ел – тәуелсіз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси, экономикалық тығыз қарым-қатынас жаңа кезеңде өрбуде. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы сауда және тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Осыған орай, Өзбекстанға төте жолмен баруға Қызылорда облысы ақылы автомобиль жолын салудың маңыздылығы мен қажеттілігі күн сайын артуда. Біріншіден, ауылшаруашылық және өнеркәсіп өнімдерін тасымалдауға дұрыс бағыт болса, туризмнің де дамуына әсер етеді. Онда Өзбекстанның Бұқара, Самарқан қалаларына келген туристер сапарын Қызылордадағы Қорқыт бабамыздан бастап, Ұлытау облыстарына дейін жалғастыруға мүмкіндік алады. Осылайша, бұл өңір туризмін дамытуға оң серпіліс бере алатын халықаралық жол болады. Ал Ұлытау өңірінің туристік әлеуеті өте жоғары.
Екіншіден, «Қызылорда-Жезқазған» күре жолы арқылы Астана қаласына тікелей жол қатынасы ашылып, Ресей мемлекетіне шығуға мүмкіндік береді. Республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолынан бастау алып, Қызылорда облысы арқылы Өзбекстан Республикасының «Көкаяз» елді мекеніне дейін, ұзындығы 179 км, 2 жолақты, қозғалыс бөлігінің ені 9 метр құрайтын ІІ санаттағы автомобиль жолы түседі.
Үшіншіден, автомобиль жолының құрылысы іске қосылған жағдайда екі ел арасындағы автокөлік қатынасындағы арақашықтық шамамен 1330 шақырым қысқарып, сауда айналымының көлемі бірнеше есеге өсетін болады. Бұл жұмыстар Үкімет назарына алынды.
– «Face ID» жүйесін балабақша, жекеменшік мектептерге және артспортқа енгізу жөнінде мәселе көтеріпсіз. Шынында жүйе жариялылық үшін қажет. Әсіресе, бала жайын ойласақ, қай кезде де ашықтық керек екені байқалады.
– Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, қызу талқыға түсті. Талқылауда өз пікірімді білдірдім. Пікірге түрткі болған мәселе – баланы емес, бизнесті ойлап, есепсіз кетіп жатқан қаржылар. Дұрыс жұмыс істемейтін жеке балабақшаларға, мектеп пен артспортқа қаржы бөлуінде мәселе бар. Бұл дегеніміз, олардың қызметі ашық екендігіне күмән келтіреді. Қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді.
Сыр өңірінде «Face ID» жүйесін енгізгелі бері 18 млрд теңге қаражат үнемдеген. Мұны тек бір облыс енгізіп отыр. Қалған басқа облысты енгізсек, жүздеген миллиард қаржы үнемдейміз. Сол қаражатты сапалы білім мен тәрбие беруге жұмсасақ деген ұсынысымды жеткіздім.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбатты жүргізген Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!