Сенбі, 04 қазан, 10:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№75,2187
04.10.2025
PDF мұрағаты

Марзия Дәулетбайқызы, Ж.Нұрманов атындағы №198 мектептің бастауыш сынып мұғалімі: Білім негізі бастауышта қаланады

04.10.2025

50 0

Бастауыш білім – баланың болашақ тұлға болып қалыптасуының негізі. Ертеңгі азаматтың білімді, тәрбиелі болып өсуі дәл осы ең алғашқы ұстаз берген тәлімге тікелей байланысты. Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, сапалы білім беру – ұстаздардың жауапты миссиясы. Осы орайда біз Ж.Нұрманов атындағы №198 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Марзия Дәулетбайқызымен сұхбаттасып, бастауыштағы білім беру, логика мен шығармашылықты дамыту, ата-ана мен ұстаз байланысы және ұлттық тәрбие жайындағы ой-пікірлерін білген едік.

– Бастауыш сыныптан бас­тап оқушылардың ой­лау қабілетін дамыту, әр баланың дарынын анықтау үшін қандай әдіс-тәсілдер қолданасыз?

– Бастауыш сынып мұғалімі ретінде әр баланың болашақта қоғамға пайдасы тиетін, өз ай­тары бар жеке тұлға болып қалыптасуы үшін үнемі ізденісте жүремін. Оқушы алдыма келген алғашқы күннен бастап оның ойлау қабілетін арттыруға күш саламын. Ол үшін күнделікті сабақта түрлі шығармашы­лық идеялар енгізіп, логика­лық тапсырмалар орындатамын. Әр жанұя аманаттап тапсырып отыр­ған баланың дарынын жан-жақты тапсырмалар арқылы байқап, ашуға тырысамын. Мы­салы, балаларды мектепке қабылдамай тұрып, тамыз айын­да алғаш сыныпқа келген кезде оларға түрлі ойындар ұсынамын. Бұл уақытта көп баланың жазу-сызуы әлі қалып­­­таса қоймағанымен, осын­дай ойын арқылы кімнің мате­матикаға бейімі барын, кімнің әдемі жазуға икемі немесе мәтінді тез түсіну қабілеті барын көріп қаламын. Сол арқылы әрқайсына қажет бағыт беремін.  Жақында өзім ойлап тауып, қол моторикасын дамытуға арналған жаңа ойынды да іс-тәжірибеме енгіздім.

– Сабақтан тыс оқушы­лардың қабілетін дамыту мақсатында арнайы жоба­ларды жүзеге асырып жүр­геніңізді білеміз. Осы туралы айта кетсеңіз.

– Иә, 1-сыныптан бастап сабақтан тыс уақытта оқушы­лардың мүмкіндіктерін кеңей­тіп, қабілеттерін тану үшін бірнеше жобаны іске асыр­дым. Атап айтсам, ұлттық құндылықтарға негізделген «Ең үздік асық жинаушы», «Бұрымды ару», «Аспаз мек­тебі» сынды сыныптық жоба­ларымыз болды. Бұл шағын жарыстар арқылы балалар­дың өнерге, дәстүрге деген қызығушылығы оянып, әрқай­сысы түрлі қырынан көрі­нуге мүмкіндік алды. Қазіргі таңда сыныбымыздағы мате­ма­тикадан үздік үлгерім көр­сетіп жүрген әрі шахматпен шұғылданатын бірнеше бала­ны қатыстыра отырып, жаңа ғылыми жоба бастағалы жатырмыз. Мұнда да басты мақсат – оқушылардың зерек­тігін арттыру және ізденіс дағдысын ерте қалыптастыру.

– Шәкірттеріңіздің жетіс­тік­тері де көңіл қуантады. Оқушыларыңыз қандай жа­рыстарға қатысып, нәтиже көрсетіп жүр?

– Оқушылар түрлі білім және өнер сайыстарына қаты­сып, жақсы нәтижелер көр­сетіп келеді. Мектепшілік, ха­лықаралық байқауға, қалалық, облыстық деңгейдегі көркемсөз оқу, сурет салу, ән айту, күй тарту секілді өнер байқаулары мен математикаға негізделген шахмат турнирлеріне тұрақты түрде қатысып жүр. Айрықша атап өтетін жетістігіміз – сы­ны­бымызда шахматқа ерекше қабілеті бар Сәулебек Зейін есімді оқушымыз биыл екін­ші халықаралық шахмат фес­тивалінде жүлделі үшінші орынды иеленіп, еліміздің қоржынына медаль салды. Жалпы, балалардың осындай табысқа талпынуы үшін мен күнделікті үй тапсырмасынан бөлек, түрлі ойын-жаттығу­лар арқылы олардың қызығу­шылығын арттыру нәтижесі. Шәкіртке сабаққа деген сүйіс­пеншілік ұялатып, ынтасын арт­тырсаң, оның талабы да жанып, жарыстарда шыңдалады деп есептеймін.

– Бастауыштағы бала­ның білімі мен тәрбиесінде ата-ана рөлі туралы не айтасыз? Әсіресе, әке мен ананың балаға бірдей көңіл бөл­гені қаншалықты маңыз­ды?

– Бастауыш сынып оқушысының сабақ үл­­герімі мен тәрбие­сі тек мұғалім жауап­кер­шілігінде емес, ата-ана тарапынан қада­ғалау маңызды. Сол үшін ата-аналарға балаға бас­тауышта ерекше көңіл бөлу қажет. Әкесі де, анасы да кешкілік уақыт тауып, баланың сабағына бірге назар аударып, оның зейіні мен қабілетін бақылай білсе, оқуға деген қызығушылығы ұзақ уақыт сақталады, әрі өзі ізденіп оқуға бейімделеді. Ең бастысы, ата-ана баласының мүмкіндігін үнемі қолдап, дұрыс бағыт беріп отырса, ата-анаға қо­сымша салмақ салмай-ақ, сабақты жүйелі түрде меңгеріп кете алады.

– Оқу бағдарламасынан бөлек, ұлттық тәрбие мен баланың сөйлеу мәдениетіне де баса мән беретініңізді байқадық. Неліктен бұған ерекше көңіл бөлесіз? Жал­пы, балаға қандай құнды­лықтарды сіңіруге тыры­сасыз?

– Мен үшін балаға біліммен қатар тәрбие беру – ең негізгі міндет. Шәкірттерім бас­тауышты тәмамдаған соң қо­ғамда өз орны, өз үні бар азамат болып қалыптасса екен деп армандаймын. Олар тек мектеп бітіріп шығуды емес, ертең қоғамда пайдалы іс атқаратын, өз пікірін жеткізе алатын тұлға болуды мақсат тұтса деймін. Сондай-ақ әр оқушымның ата-анасымен қарым-қатынасы жа­расымды, үлкенге құрмет көр­сететін және ең бастысы, сөй­леу әдебі мәдениетті бол­ғанын қалаймын. Осы мақ­сатта ең алдымен мектеп табал­дырығын аттаған күннен бас­тап балаларға қарапайым әдеп ережелерін үйретуден бас­таймын. Мәселен, дастарқан басында дұрыс отыру, үй ішіндегі үлкен-кішімен тату­лықта болу, достықты нығайту, айналадағы жаңалықтардан хабардар болу сияқты дағдыларды күн сайын назардан тыс қалдырмаймын. Сонымен бірге үлкенді сыйлау, ата-әженің ақылын тыңдау, ата-ананың қағидаларын орындау сынды ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіруге ерекше көңіл бөлемін. Мұның барлығы баланың тұлға ретінде дұрыс қалыптасуына және ұлттық сана-сезімінің беріктігіне негіз болады деп сенемін.

Марзия Дәулетбайқызы, Ж.Нұрманов атындағы  №198 мектептің бастауыш сынып мұғалімі: Білім негізі бастауышта қаланады

– Көп балалы ана ретінде отбасы тәрбиесі мен кәсіби дамуды қалай қатар алып жүрсіз? Үнемі ізденісте бо­лып, әріптестерге де тәлім беріп жүргеніңіз белгілі.

– Көп балалы анамын. Сонымен бірге ұстаздық жол­да үздіксіз үйреніп, кәсіби өсуімді тоқтатқан емеспін. Де­генмен отбасымның орны әр­қашан бөлек. Уақытымның негізгі бөлігін жанұяма арнап, өз балаларымның тәрбиесіне мән беремін. Өйткені басқа ата-аналардың аманат етіп маған тапсырған балаларына сапалы білім беруім үшін ең алдымен өз отбасымда үлгілі тәр­бие қалыптастыруым қажет деп санаймын. Балалардың же­тістіктері қалай артады деген сұраққа үнемі жауап іздеп жүремін. Өз білімімді шыңдау үшін түрлі психологиялық семинар-тренингтерге қаты­сып, қосымша курстар оқуға тыры­самын. Сонымен қатар өзім секілді аналармен пікір­ле­­сіп, тәжірибе алмасу мақса­тында аналар клубтары­на, қауымдастық жиындарына қа­­ты­сып отырамын. Үлкен ор­­та­да ұйымдастырылған іс-шара­­­ларда спикер ретінде сөз сөй­леуден де қалыс қалмаймын, біл­геніммен бөлісуге әрдайым әзірмін. Мәселен, жуыр­да өз тәжірибемнен «Балалық­тан чем­пиондыққа» атты жоба әзірлеп, Тамыз конфе­ренция­сында қорғап шықтым. Бұл бастама негізінен «Оқушылар­дың жетістікке жетуіне бас­тауыш сынып мұғалімінің үлесі қандай?» деген сұраққа жауап іздейді. Жоба аясында шәкірт бойындағы қабілетті ерте танып-білудің маңызы зор екенін көрсетіп, осы қасиеттерді ашуда бастауыш мұғалімінің еңбегі ерекше екенін дәлелдеу­ге тырыстым. Өз әріптестеріммен осы жобамның нәтижелерін бөлісіп, көпшіліктің талқысына ұсындым.

– Өзіңіздің бала кезіңіз­дегі отбасы тәрбиесі ұстаз­дық көзқарасыңыздың қа­лыптасуына ықпал етті ме? Бұл жолда үлгі болған от­басылық тұлғалар бар ма?

– Әрине, адам болып қа­лыптасуыма ықпал еткен ең алғашқы орта – өз отбасым. Ең алдымен әкемнің үлгісі көп нәрсеге жетеледі. Әкем ауылдағы мектепте он жылдық білімді үздік тәмамдаған жан еді. Жуырда әкемнің көнер­ген аттестатын тауып алып қарасам, барлық пәннен бес деген баға алғанын көріп, марқайып қал­дым. Ал менің атам Мұсалы Дүсенбай соғыс және еңбек ардагері, ау­дан мен облыстың құрметті азаматы болатын. Қазір ауылымыз­да бір көше және өзім оқыған мектептегі бір сынып ата­мыз­дың атымен аталады. Жалпы, біздің әулет­те ұстаздық жолын қуған жандар аз емес, көпшілігі облыс көлемінде құрметке бөленген ұстаздар. Атамның мені бала кезден білімге баулуы өмірімде ерекше орын алады. Ол кісі кішкентай кезімнен мені әдебиет әлеміне жетеледі. Қолыма Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» ро­манын ұстатып, бірге оқып шығатынбыз. Кейін балаларға арналған газет-журналдарды үзбей жаздырып беріп, күн­діз-түні бірге кітап оқып, оқы­­ғанымызды талқылап оты­­ратын едік. Жас болсам да, атаммен бірге күрделі шы­ғармаларды талдап, пікір ал­масудан жалықпайтынмын. Атам менің математикаға құмар екенімді ерте байқап, физика пәнінен қиын есептерді бірге шешетінбіз. Мен есептің шешу жолын жазып отырсам, атам әр қадамын ауызша түсіндіріп беретін. Осындай тәрбиенің, осындай мүмкіндіктердің арқа­сында менің білімге деген құш­тарлығым арта түсті. Бас­тауыштағы алғашқы ұстазым Серіккүл Мырзымова апайы­ма айтар алғысым шексіз. Сол кісінің тәлімі мен негізін қалаған білімі арқасында кейін түрлі пәндік олимпиадаларға қатысып, жетістіктерге жеттім. Мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнін терең­детіп үйреткен, әрі мамандық таңдауымда үлгі бола білген ұстазым – қазіргі таңда қала­мыздағы беделді мектептің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлшат Ахметжанова. Жалпы, Алматы мен Қызылорда қала­ларында білім алған жылда­­рымда жолықтырған көзі ашық, білімдар, талантты жан­дар көп болды. Сол барлық ұстаздарыма, бағыт берген ағай-апайларыма жүрегім­де әрдайым құрмет пен алғысым­ды сақтаймын.

Марзия Дәулетбайқызы, Ж.Нұрманов атындағы  №198 мектептің бастауыш сынып мұғалімі: Білім негізі бастауышта қаланады

– Жас мұғалімдерге өзіңіз қандай кеңес берер едіңіз? Қазіргі бастауыш сынып ұстазы қандай болуы керек?

– Қазіргі заман талабына сай, бастауыш мұғалімі жан-жақты болуы тиіс. Мұғалім тек математиканы жетік  меңгеріп, әдебиет пен тілге шорқақ болса, үлкен кемшілік. Яғни ұстаз әр пәннен белгілі бір деңгейде білімі болуы қажет. Сонымен қатар жас ұстаздардың сөйлеу әдебі түзу, жалпы мәдениеті жоғары болғаны жөн. Бала­лармен қарым-қатынаста да, қоғаммен байланыста да мұға­лімнің орны ерекше екенін ұмытпаған дұрыс. Мұны мұға­лім тек сабақ үстінде ғана емес, күнделікті өмірде де көр­сете білуі қажет. Мысалы, бала ең алдымен өзінің толық аты-жөнін, тұрғылықты мекен­жайын жатқа білуі тиіс. Жол жүргенде ұшақта, пойызда немесе басқа ортада біреу бірінші сынып оқушысынан сұрақ қойса, ол өзі туралы еркін жауап беріп, қажет ақпаратты айта алатындай деңгейде бол­ғаны дұрыс. Сондай-ақ кішкентайынан ауа райы, апта-күн реттілігі секілді қарапайым мәлі­меттерден хабардар бо­лып өскені жөн. Осын­дай білімді балаға үнемі үй­ретіп отыру – бастауыш мұғалімінің басты міндеті. Сонда ғана шәкірт жан-жақты, ой-өрісі кең болып қалыптасады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: