Жексенбі, 22 желтоқсан, 09:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Математиканың басты мақсаты – күрделі мәселені шешуді үйрету

15.10.2024

545 0

Математика – бұл тек сандар мен есептер емес, ол біздің ойлау жүйемізді дамытып, шешім қабылдау қабілетімізді жетілдіреді. Мектепте математика пәнін оқыту арқылы оқушылар логикалық және сыни тұрғыдан ойлау және проблемаларды шешу дағдыларын дамытады. Бұл пәннің маңыздылығы соншалық, ол біздің күнделікті өмірімізде де, ғылыми зерттеулерде де, технологиялық инновацияларда да кездеседі. Мұстафа Шоқай атындағы №187 ақпараттық технология мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Ақжан Ахатай – математиканы IT саласымен біріктіріп оқытып жүрген новатор ұстаз, педагогика ғылымдарының магистрі. Ерекше тәсілмен оқытудың арқасында оқушылар қиын есептерді оңай түсініп қана қоймай, байрақты бәсекелерде еліміздің атын халықаралық додаларда танытып жүр. Жақында ұстазбен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қазақстанда IT саланы мектепте дамыту үшін қандай мүмкіндіктер бар?
– Соңғы он жылдықта қарқынды дамып келеді. Мүмкіндіктер шексіз дер едім. Себебі қазір ең нашар деген мектептердің өзі толыққанды компьютерлер, электронды тақталар және интернетпен қамтамасыз етілген. Ендігі кезекте информатика пәні мұғалімдері ғана емес барлық педагогтар ақпараттық технологияларды, бағдарламаларды меңгере түсуі қажет. Бүгінгі күні инновациялық әдістер мен ақпараттық технологияларды қолдану арқылы оқушының ойлау қабілетін арттырып, ізденуін дамытып, қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру – ең негізгі мақсат. Осы орайда мен қызмет ететін Мұстафа Шоқай атындағы №187 ақпараттық технология мектеп-лицейінде «ІТ математика» пилоттық жобасы бастау алды. 2023 жылы мектебімізге жоба аясында атқарылып жатқан шаралармен танысу мақсатында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, математик, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Жұмаділдаев Асқар Серікұлұлы келіп, батасын беріп кеткен еді.
– Мектепте қандай жобалар жүзеге асуда?
– Одан бөлек «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мақсатында мектебімізде «Bala QR» жобасы жүзеге асуда және Қызылорда облыстық «Ақпараттық технологиялар орталығы» қолдауымен «Grand Master бағдарламалау мектебі» арасында ақпараттық технология бағытындағы жұмысты жетілдіруде бірлескен жұмыс жүруде. ІТ мектеп-лицей ұстаздарын ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін оқу-тәрбие үдерісінде тиімді пайдалану үшін тәжірибелерін тарату мақсатында дайындалған авторлық бағдарламалары «Толықтырылған шындық» AR мобильді қосымшасы арқылы «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өткен педагогтардің облыстық тамыз кеңесінің шығармашылық көрме алаңында таныстырылады. Мектеп оқушылары «Smartlab» бағдарламалау үйірмесінде IT программалау тілдерін меңгеру арқылы заманауи веб парақшалар дайындап, видео контенттер жасап, «Робототехника» үйірмесінде оқушылар лего конструктормен жұмыс істей отырып, 3D үйірмелерінде 3 өлшемді графиканы, анимацияның 3D графикасында көрсетілуі және виртуалды әлем бойынша тур жасау әдістерін үйренуде.

Математиканың басты мақсаты – күрделі мәселені шешуді үйрету


– Шәкірттеріңіз қандай байқауларға қатысты? Қандай жетістіктерді ерекше атап айтар едіңіз?
– Негізі, оқушыларды байқауларға қатыстырып олардың бойына сенімділік ұялата білу – басты мақсатым. Тек математика деп тоқтап қалмай, кез келген саладағы байқауларға қатыстырамын. Олардың жемістері де аз емес, өзіме ыстық болған алғашқы жетістіктеріме тоқталсам, 2023 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ кезеңінде математика пәні бойынша Ханшайым Қалыбек алғыс хат, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Физика және математика» кафедрасының ұйымдастыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығына орай облыстық ғылыми зерттеу жобалары байқауында «Жас зерттеуші» номинациясымен Бекарыс Шамшатдинов І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен өтетін ғылыми жобалар, пәндік олимпиадалар және басқа да «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» және тағы басқа додалардың қалалық, облыстық, тіпті республикалық кезеңдерінен жүлделі орындар иелендік. Мектеп тарихында үлкен жетістіктердің бірі – оқушым Ерболат Сәкен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауында «Компьютерлік графика және 3D модельдеу» номинациясының жеңімпазы атанып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Өзім үшін жетістіктің бірі – «Қазақстанда STEAM білім беруді дамытудың жол картасы шеңберінде» «Jana Talap» атты сертификатталған STEM тренерлерді даярлаудың халықаралық Қазақстан-Тайланд оқыту бағдарламасы бойынша 4-деңгейлі «Республикалық STEM тренер» мәртебесі бойынша оқуды сәтті аяқтап, сертификатталған тренер ретінде өз тәжірибеммен бөлісіп «Сабақта STEM оқыту әдістерін тиімді қолдану арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» мақсатында облыс көлемінде мұғалімдермен семинар-тренингтер өткіземін.
– Математика сабағында қандай заманауи оқыту әдістерін қолданасыз?
– Биылғы оқу жылының басты жаңалығы – мұғалімдердің ЖИ (жасанды интеллект) қолдануы. Яғни оқушыларды сабаққа қызықтыра білумен қатар оқу материалдарын түсіну оңай болу үшін ұстаздар қауымы жан-жақты заманауи технологияларды қолдануға тырысудамыз. Мен көбінесе STEAM технологиясын қолданамын. Ол жаратылыстану пәндерінің интеграциясы, яғни бір математика сабағының өзінде информатика, химия, физика сынды пәндердің ұғымдарын қолдана отырып, есептер шығарамыз. Біздің мектеп былтырғы оқу жылында Қазақстанда STEAM-білім беру бағытын дамыту жол картасының аясында «STEAM Mektep Advancement» атты мектептерді сертификаттау бағдарламасынан өткені үшін «Сaravan of Knowledge» КҚ және ҚР Оқу-ағарту вице-министрінің республика бойынша арнайы дипломы табысталған 19 мектептің қатарында болды.
– Бүгінгі баланы таңғалдыру қиын деп көп айтамыз ғой. Оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек?
– Бұл – әріптестерімізбен ең көп талқылайтын мәселелеріміздің бірі. Математика пәніне қызықтыра білу екі есе күшті талап ететіндіктен, әр сабақты бір-біріне ұқсамайтындай өтуге тырысамын. Көбіне оқушыларды топқа бөліп, математикалық платформаларды, ЖИ қолданып тапсырмалар беремін. Жекелей де, жұп болып та деңгейлік тапcырмаларды орындайды. Кейде үй тапсырмасына қосымша тақырыпқа сай фильмдерді көруге ұсынғанымда балалардың қуанғанын сөзбен жеткізе алмаймын.
– Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін қандай жобалар ұйымдастырасыз?

– Оқушылардан жаттанды білімі бар құлтемір емес, өз сыни пікірі бар шығармашыл тұлға шығару – басты мақсат. Сол үшін, мектепте сабақ жоспарлауда шығармашылық тапсырмалар қосудан бөлек сабақтан тыс іс шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Мысалы, математикалық квест, үздік ІТ жобалар конкурсы, өнертапқыштар конкурсы және мектепішілік олимпиадалар сынды түрлі бағыттағы сыныптан тыс жұмыстарды жиі өткізіп тұрамыз.
– Жасыратыны жоқ, баланың бәрі математикаға қызыға бермейді. Қалай қызықтырасыз?
– Математика пәнін оқытуда қосымша материалдар мен ресурстар қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, материалды жақсырақ игеруіне көмектеседі. Мектебімізде математика, информатика және физика бірлестігінде ай сайын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Физика және математика» кафедрасының оқытушы профессорларымен бірлескен әдістемелік жиындар өтіп отырады. Жоғарғы оқу орнында да пайдаланатын оқыту ресурстарын сол жерде талқылаймыз. Ал мен үшін пайдалы қосымша ресурстар көп. Мысалы, «Desmos» – интерактивті графиктер құруға арналған онлайн құрал. Ол оқушыларға графикалық есептерді визуализациялауға көмектеседі. «GeoGebra» – геометрия, алгебра, статистика және математикалық модельдеуді үйрету үшін интерактивті құралдар ұсынатын бағдарлама. «Prodigy Math Game» – бастауыш және орта мектеп оқушыларына арналған математикаға негізделген ойын, ол тапсырмаларды ойын арқылы орындауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, цифрлық өлшеуіш құралдар, цифрлық транспортир, электронды сызғыш, инженерлік калькулятор, сөйлейтін шахмат пен геометриялық ойын карталарын да сабақ тақырыптарына сай бөліп қолдана береміз. Кейде роботымызды да қасыма көмекші етіп қоямын.Бұл материалдар мен ресурстар оқушылардың математикалық ойлауын дамытуға және олардың пәнді тереңірек меңгеруіне көмектеседі.
– Сіздің ойыңызша, математика пәнін оқытуда ең маңызды тәсілдер қандай?
– Математика пәнін оқытуда ең маңызды аспектілер бірнеше негізгі бағыттарға бөлінеді. Солардың тек мен үшін маңызды үш озық тәсіліне тоқталып өтейін. Алғашқысы қолдану және практика. Теорияны тәжірибеде қолдану – математиканың тиімді меңгерудің кілті. Оқушылар әр түрлі есептерді шешу арқылы, математикалық заңдылықтарды нақты өмірде қалай пайдалануға болатынын көреді. Бұл тәсіл олардың білімдерін бекітіп, нақтылай түседі. Мәселені шешу. Математиканың басты мақсаты – күрделі мәселені жүйелі түрде шешуді үйрету. Оқушыларды өздігінен ойлануға, дұрыс шешім қабылдауға және түрлі шешу тәсілдерін іздеуге ынталандыру маңызды. Интерактивті оқыту және технологияларды пайдалану. Қазіргі уақытта интерактивті құралдар мен технологиялар математиканы оқытуда маңызды рөл атқарады. Виртуалды құралдар, интерактивті тақталар мен математикалық бағдарламалар оқушылардың қызығушылығын арттырып, материалды игеруді жеңілдетеді. Осы тәсілдер арқылы математика пәніне тиімді және қызықты етуге болады.
– Қалай ойлайсыз, математика және информатика пәндерінің болашағы қарқынды дамуға апара ма?
– Математиканы барлық пәннің атасы деп алсақ, информатиканы жас ғылыми пән екенін бәріміз білеміз. Ал қазіргі цифрлық технологиялар заманында екеуінің қажеттілігі бірдей деңгейде деп ойлаймын. Болашақта жастар математика және информатика пәндерін тіпті тереңдетіп оқиды деп ойлаймын. Өйткені ғылым мен технология дамыған сайын олардың қажеттілігі де арта түседі емес пе?!
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен
С.ТЕМІРБОЛАТ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: