«Qosyl» атауымен танымал қалалық жастар ресурстық орталығы бүгінде тынымсыз еңбек етуде. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың мәселелерін бірге талқылап, көмек көрсетіп, түйткілді мәселенің түйінін бірге тарқатып келеді. Орайы келгенде «Qosyl» қалалық жастар орталығының директоры Медет Жорабекпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының басты мақсаты қандай? Сапаға, әлде санға жұмыс істейсіздер ме?
– Әрине, ең алдымен біз жастардың дұрыс жолмен жүріп, білім алып, еңбек етуіне ықпал етуге тырысамыз. Біз үшін саннан, сапа маңызды. Заман талабына сай бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол сілтеу біздің басты міндетіміз деп білемін. Бастысы, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Сонымен қатар орталықта әлеуметтік көмек те көрсетіледі. Біздің есігіміз жастар үшін әрдайым ашық. Кез келген жас келіп, кеңес алуға болады. Қоғамда қалыптасып қалған «жұрт не дейді?» деген пікір жастардың қоғамнан тысқары қалуына әкеліп соқтырады. Осы себепті жастар өз ойын ашық жеткізе алмай, ішкі мәселелерін бүгіп, қоғамнан шет қалып жатады. Біз осының алдын алу үшін барлық жағдайды жасаудамыз. 14-35 жас аралығындағы кез келген жас орталыққа келіп, тегін кеңес ала алады. Тіпті, әртүрлі үйірмелеріміз де бар. Алдын ала жазылу арқылы бос уақытын пайдалы өткізуге болады.

– Үйірмелер туралы толығырақ айтып өтсеңіз…
– Қазіргі таңда орталықта «Qosyl kenes», «Qosyl sport», «Qosyl acoustic», «Qosyl game», «Qosyl dance», «Jumys bar» сынды жобалар жұмыс істейді. Мысалы, «Qosyl kenes» бағыты аясында мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіру жұмыстары онлайн және офлайн форматта жүргізіледі. Сонымен қатар «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі де іске қосылған. Арнайы кеңесші мамандар жастарға мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстарын түсіндіріп, жұмыссыздарға бос жұмыс орындарын ұсынады. «Qosyl sport» – жастарды спортқа баулуды мақсат ететін жобаның бірі. Мамандар жастардың дұрыс тамақтанбауы мен қозғалыстың аздығы денсаулыққа кері әсерін тигізетінін айтуда. Біз осыны ескеріп, жастар үшін түрлі марафондар мен эстафеталар ұйымдастырамыз. Нәтижесінде жастардың спортқа деген қызығушылығы артып, салауатты өмір салтына бет бұра бастайды. «Qosyl acoustic» – заманауи композиторлар мен жас әншілердің алаңы. Мұнда жанды дауыста ән шырқалады. Тыңдарман үшін де, орындаушы үшін де өнер сүйер қауымның өзіндік ортасы қалыптасқан. Көптеген жас талант осы алаңда өз жұлдызын жақты. Ал «Qosyl game» – логикалық, стратегиялық заманауи ойындарды қамтиды. Мысалы, «монополия», «мафия», «UNO» секілді ойындар арқылы жастардың қызығушылығын арттырамыз. Сондай-ақ «Qosyl dance» биге құштар жастарға арналған. Заманауи бағыттағы би үйірмесі орталықтағы арнайы би залында өткізіледі. Барлығы тегін, тек алдын ала жазылу керек. Жұмыссыздық та өз шешімін таппақ. Енді, міне, «Jumys bar» жобасы әлеуметтік желі арқылы бос жұмыс орындарын жариялайды. Бұл тек жұмыс іздеушілерге ғана емес, жұмыс берушілерге де тиімді.
– «Qosyl» атауы қалай пайда болды?
– Жастардың ұсынысы. Маған да ұнайды. «Қосыл» деген мағынаны береді. Бастысы, жастардың көңілінен шықты.
– Орталық жастардың сұранысына сай жабдықталған ба?
– Жастардың сұранысына сай Wi-Fi, коворкинг орталығы, спорттық секциялар, креатив фото және видео студиясы, би залы, жастар ұйымдары сияқты көптеген мүмкіндік қарастырылған. Ішке кірген сәттен бастап-ақ заманауи интерьер, жастарға арналған креативті атмосфера байқалады. Сыртта арнайы кештер өткізуге арналған кеңістік те бар. Орталықта 15 қызметкер жұмыс істейді, оның 8-і тікелей жастармен айналысады.
– Соңғы жылдары жүзеге асқан жобалар туралы айтып өтсеңіз…
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған орай, биыл орталықта бірнеше маңызды жоба жүзеге асуда. Соның бірі «JASTАR X» диалог алаңы. Бұл жоба аясында кәсіби бағдар беру мақсатында жұмысшы мамандық иелерімен тұрақты кездесулер өтіп тұрады. Жастар арасында тігінші, аспаз, дәнекерлеуші, тас қалаушы, электрик сынды мамандықтар бойынша байқау ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен қатар «Жастар арасында патриоттық сананы қалыптастыру және отбасы құндылықтарын насихаттау» жобасы іске қосылды. Бұл – отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналған әлеуметтік бағыттағы жоба. Ал «Волонтерлік және қоғамға пайдалы жастар» қызметі аясында жастардан құралған еріктілер тобы жұмыс істеуде. Бұл 2024 жылы басталып, қазіргі күнге дейін жастар үшін белсенді жұмыс атқарып келеді. Жыл сайынғы мәдени іс-шара – «Qyzylorda Youth Fest» те жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Ал жылдың қорытынды кеші ретінде өтетін «Qosyl Premya» осы уақытқа дейінгі еңбектің бағаланатын сәті болып саналады. Мұнда мәдениет, спорт, білім, журналистика және жастар саясаты салаларында жетістікке жеткен жастар марапатталады.
– Ауыл жастарына арналған жобалар бар?
– Ауыл жастары да назардан тыс қалған емес. Пилоттық режимде қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерде бір ай бойы арнайы кездесулер өтті. Ауыл әкімінің кубогы үшін футбол, волейболдан турнирлер ұйымдастырылды. Сонымен қатар түрлі интеллектуалдық сайыстар өтті. Бұл бастама ауыл жастарына тың серпін берері сөзсіз.
– Жастармен жұмыс істеу қиын емес пе?
– Жастармен жұмыс істеу оңай әрі қызық. Тек олардың тілін тауып ғана қоймай, олармен бір толқында болу керек. Қателігін бетіне баспай, керісінше қолдау көрсету маңызды. Біз сол бағытта жұмыс істеп келеміз. Күн сайын ізденісте болу қажет. Ескі көзқарастан арылу керек деп ойлаймын. Ел болашағы – жастар. Ал жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру басты борышымыз деп санаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!