Сейсенбі, 04 наурыз, 09:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17, 2130
04.03.2025
PDF мұрағаты

Медианың жаңа дәуірі: жаңа технология ақпарат әлемін қалай өзгертуде?

28.01.2025

310 0

Фото: "Апталықтың" инфографикасы

Жасанды интеллект технологиялары бүгінгі таңда түрлі салаларда кеңінен қолданылуда. Оның ішінде жаңалықтар индустриясын да ерекше орын алады. Соңғы жылдары жаңалықтарды ұсыну тәсілдерін өзгертуде ЖИ негізіндегі аватарлар үлкен рөл атқара бастады. Олар көрермендермен байланысты жақсартып, оқырман аудиториясын кеңейтуге көмектеседі. Әсіресе, жас буын өкілдерін тарту үшін жаңашылдық қажет. Осы бағытта Латын Америкасында жаңалықтар индустриясында үлкен жетістіктерге жеткен Grupo Fórmula компаниясының тәжірибесі назар аудартады. 

«NAT» және «SOFI» ЖИ аватарлары: Әлемдік тәжірибе

«Grupo Fórmula» жасаған NAT есімді аватар – Латын Америкасындағы жасанды интеллект негізіндегі алғашқы жаңалық жүргізушісі. Оның негізгі мақсаты – жас көрермендерді қызықтыру. «NAT ұсынған өнім ескірген жаңалықтарға қызықпайтын жас аудиторияға бағытталған», – дейді «Grupo Fórmula»-ның өкілі Освальдо Агилар «Reuters Institute» сұхбатында. 

Жасанды интеллект аватары сыртқы келбеті мен сөйлеу мәнері бойынша блогерлерге ұқсас. Аватарлар ойын-сауық, мәдениет, сұлулық туралы жаңалықтарды ұсынады. Алғашында NAT есімді аватар тек жақсы жаңалықтарды ұсынып, кейіннен ойын-сауық жаңалықтарына басымдық беру арқылы аудиторияның қызығушылығын оятты.

– Біз бастапқыда кең ауқымды контент ұсындық, бірақ ол тым жалпылама болды. Аудиторияны тартымдырақ ету үшін ойын-сауық тақырыптарына көштік, – дейді авторлары. 

«NAT» аватарының табысы «Grupo Fórmula»-ны «SOFI» есімді саяси жаңалықтар жүргізушісін жасауға шабыттандырды. «NAT» және «SOFI» бір-біріне ұқсамайтын аудиторияларды қызықтырып, жақсы нәтиже көрсетті. Мысалы, «NAT»-тың «Instagram» әлеуметтік желісінде 13 000-нан астам жазылушысы бар, ал кейбір видеолары жүздеген мыңнан миллионға дейін қаралым жинаған. «SOFI» саяси жаңалықтарды ұсынса, ал «NAT» ойын-сауық тақырыптарын жүргізуге маманданған. Екеуі де өте тартымды контент жасайды, ал аудитория бұл екі аватардың жұмысын жоғары бағалауда.  Компания сондай-ақ спорт жаңалықтарын ұсыну үшін «MAX» есімді ер аватарды іске қосты. Дегенмен «MAX»-тың аудиториясы әлі де аз.

– Біз мұны аватардың ер адам болғандығымен байланыстырамыз, себебі аудитория негізінен әйел аватарларға көп көңіл бөледі», – деп түсіндіреді жоба авторлары. Сонымен қатар «Grupo Fórmula» арнайы аватар жасаумен де айналысады. ЖИ аватарларын жасау көп уақыт пен ресурсты қажет етеді. Адамдар аватарлар жұмыс орындарын жояды деп ойлайды, бірақ керісінше, бұл жобалар үлкен команданың жұмысын талап етеді», – дейді авторлар. Мысалы, тек «NAT» аватарымен жұмыс істеу үшін бес адамнан тұратын команда қажет. Олар жаңалық сюжеттерін дайындап қана қоймай, өңдеу жұмыстарымен де айналысады. 

– Бір адамның осындай аватарларды жасауы өте қиын, тіпті мүмкін болған күннің өзінде, бұл орасан зор шығын мен уақытты қажет етеді. Біз күн сайын әр аватар үшін бес-алты жаңалық сюжетін дайындаймыз. Бұл өте үлкен еңбек пен күшті қажет етеді. Соңғы қадамда барлық жаңалықтарды адамдар мұқият тексереді, бұл ақпараттың нақты және шынайы болуын қамтамасыз етеді. Командамыз өте үлкен, бір аватарды жасау үшін топ бірнеше күн жұмыс істейді, – дейді команда мүшелері.

«Grupo Fórmula»-ның тәжірибесі жаңалықтар индустриясындағы ЖИ технологияларының үлкен мүмкіндіктерін көрсетеді. «NAT», «SOFI» және «MAX» сияқты аватарлар жастарды жаңалықтар мен ақпарат тартудың тиімді құралы болып қана қоймай, жаңалықтарды жеткізудің жаңа форматын ұсынады. Аудиторияны кеңейту, сенімді ақпарат тарату және ЖИ-ды дұрыс пайдалану арқылы бұл жоба өзінің табысты екенін дәлелдеп отыр. Бұл тек технологиялық дамудың көрінісі ғана емес, сонымен қатар шығармашылық пен адам еңбегінің үйлесімділігінің үлгісі. 

ЖИ құралдарын бағалауда сын көзбен қарау қажет

Нью-Йорк университетінің журналистика профессоры, «Эмми» сыйлығының иегері Хильке Шеллманн жасанды интеллект және оның журналистика саласына әсері туралы «Reuters Institute»-на берген сұхбатында айтты. Шеллманнның айтуынша, журналистер ЖИ туралы тым оптимистік немесе пессимистік көзқарастардан аулақ болуы керек.

– Журналистер кейде ЖИ айналасындағы шуға алданып қаламыз. Бірақ мен шынымен де ЖИ айналасындағы болып жатқан нәрселерді зерттеуге тырысамын. Менен «ЖИ технология барлық мәселелерді шешеді деп ойлайсыз ба, әлде апаттық сценарийді болжайсыз ба?» деп сұрайды. Екеуінен де бас тартып, тек нақты деректерді зерттеуге назар аударамын», – дейді ол. 

Шеллманн ЖИ құралдарын бағалауда сын көзбен қарау қажеттігін ерекше атап өтті.

– Журналистер нақты, қарапайым тілмен түсіндірме сұрауы керек. Себебі біз кейде технологияның күрделілігінен немесе жетіспейтін деректерден сақтықты ұмытып кетеміз», – дейді ол. 

Хильке Шеллманның айтуынша, бұл технологияның артықшылығы мен кемшіліктері туралы нақты ақпарат беру өте маңызды. Ол журналистерге ЖИ-ды тек жақсы немесе жаман деп қарауға болмайтынын айтады. Оның орнына, бар нәрсені зерттеп, нақты деректерге негізделген пікірлер айту керек. Шеллманн ЖИ технологияларының түрлі салада қалай қолданылып жатқанын, оның адамдардың өміріне қандай әсері болатынын түсіну үшін, сала мамандарымен және инсайдерлермен жұмыс істеу керектігін атап өтті. Ол журналистерге өз сенімсіздігінен гөрі, ЖИ құралдарының нақты жұмыс принциптерін түсінуге тырысу керектігін ескертті. Сонымен қатар Шеллманн ғалымдармен бірігіп жұмыс істеудің маңыздылығын айтты, себебі ғалымдар жаңа технологияларды жақсы түсінеді, ал журналистер олардың қоғамға әсерін жақсырақ жеткізе алады.

Жасанды интеллект және журналистика

Жасанды интеллект бүгінгі күнде журналистикаға жаңа серпін бере алатын технология ретінде қарастырылуда. «Reuters» институтының зерттеулер директоры Ричард Флетчер өз пікірінде: «Мүмкін, жасанды интеллект адамдар жаңалықтарға қалай қол жеткізетінін ескере отырып, оларға қолайлы жаңа формат жасау үшін пайдалануға болады», – деп атап өтеді. Бұл ұсыныс журналистиканың қазіргі жағдайын және оның алдында тұрған негізгі мәселелерді тереңірек зерттеуді қажет етеді. Флетчер журналистиканың алдында тұрған үш негізгі мәселені атап көрсетеді, олар жай ғана технологиялық өзгерістерге байланысты емес, журналистиканың қоғаммен байланысына қатысты.

Жаңалықтарға қол жеткізудің өзгеруі

«Reuters» институтының зерттеулері бойынша, қазіргі кезде дәстүрлі медианың қалыс қалып келе жатқанын жасыра алмаймыз. Жастардың көпшілігі жаңалықтарға цифрлық жолмен, әлеуметтік желілер арқылы, смартфондар мен басқа мобильді құрылғыларды қолдану арқылы оқиды. Бұл медиатұтыну құрылымындағы үлкен өзгерісті көрсетеді. 

 Жаңалықтарға қызығушылығының төмендеуі

«Reuters» институтының деректері бойынша, соңғы он жыл ішінде жаңалықтарға қызығушылық танытатын адамдардың үлесі айтарлықтай азайған. Кейбір еуропалық елдерде бұл көрсеткіш 20 пайызға төмендеді. Бұл үрдіс, әсіресе, жастар арасында жаңалықтарға деген қызығушылықтың бәсеңдеуіне байланысты. 

Қоғамның жаңалықтарды қабылдауы

Зерттеулер нәтижесі бойынша қоғамның жаңалықтарға деген көзқарасын, оларды қалай қабылдайтынын және қалай әсер ететінін зерттейді. Көп адам жаңалықтарды тек ақпарат көзі ретінде емес, олардың азаматтық жауапкершілігіне ықпал етуші ретінде қарастырады. Дегенмен жаңалықтардың рөлі мен сапасы туралы түсінік әртүрлі. 

Флетчер атап өткендей, жасанды интеллект журналистика алдында тұрған осы мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін ұсына алады. 

– Жаңалықтарды пайдалану үлгілерінің өзгеруі, жаңалықтарға деген қызығушылықтың төмендеуі және сенімнің азаюы – қазіргі журналистиканың қоғаммен қарым-қатынасындағы үш негізгі үрдіс. Бірақ генеративті жасанды интеллект бұл мәселелерді шешуде қандай рөл атқара алады және осы сын-қатерлерге қалай жауап бере алады? – дейді  «Reuters»» институтының зерттеулер директоры Ричард Флетчер 2024 жылғы 26 қарашада Брюссельде өткен Лоренцо Натали сыйлығын табыстау рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Бұл тақырыпты талқылау әлі ерте екенін мойындауымыз керек. Генеративті ЖИ технологиясын қолданудың сансыз тәсілдері бар, олардың көпшілігі әлі зерттелмеген. Дегенмен әлем редакциялары бұл технологияны қиын тапсырмаларды орындау үшін мысалы, мәтін аудару және транскрипция жасау сияқты ауқымды жобаларға қолдана бастады.  Ричард Флетчер атап өткендей, генеративті ЖИ-дың мүмкіндігі шексіз. Бұл технология журналистиканың алдында тұрған маңызды сын-қатерлерді шешуге көмектесуі мүмкін, бірақ оны мұқият және саналы түрде пайдалану қажет. Журналистика саласы ЖИ мүмкіндіктерін пайдалануды жалғастыра отырып, жаңалықтардың нақтылығы мен сапасын сақтап қалуға тырысуы тиіс.

Генеративті жасанды интеллекттің журналистика саласына ықпалы туралы мәселе қазіргі таңда аса өзекті. Жоғарыда айтылғандай, жаңалықтарды тұтыну үлгілерінің өзгеруі, жаңалықтарға деген қызығушылықтың төмендеуі және сенімнің азаюы — журналистиканың алдында тұрған негізгі сын-қатерлер. Бұл жағдайларда жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану үлкен мүмкіндіктер ашады.

Контент жасауда ЖИ-дың жаңа мүмкіндіктері аудиторияны тартудың ерекше тәсілдерін ұсынуы мүмкін. Мысалы, аудиторияға қызықты тақырыптарды талдауға арналған интерактивті құралдар немесе жаңалық ұсыну. Алайда бұл технологияны енгізуде тәуекелдер де бар. Біріншіден, авторлық құқық мәселесі мен ақпараттың түпнұсқалығын сақтау қажет. Екіншіден, жасанды интеллектіні пайдалану сенім мәселесін одан әрі ушықтыруы мүмкін, себебі автоматтандырылған жүйелердің нақты ақпарат тарататынына күмән туады. Журналистиканың басты мақсаты – шынайы, сапалы және маңызды ақпарат ұсыну. Жасанды интеллект бұл мақсатқа жетуде көмекші құрал болғанымен, бірақ негізгі шешім қабылдайтын фактор болмауы тиіс. Ақпараттың дәлдігі мен сенімділігі адамдардың бақылауында болуы маңызды. Мұндай тәсіл ғана ЖИ-дың тиімділігін арттырып, оның қауіпті жақтарын төмендете алады. Жасанды интеллект журналистиканы ауыстырушы емес, оны толықтырушы құрал екенін ұмытпау керек. ЖИ журналистиканың дамуына жаңа серпін бере алады. Бірақ оның әсері тек технологияның мүмкіндіктеріне емес, оны қалай және қандай мақсатта қолданатынымызға байланысты. Біз бұл мүмкіндікті жауапкершілікпен пайдалану арқылы ақпараттың шынайылығы мен сенімділігін сақтай отырып, журналистиканың қоғамдағы рөлін нығайта аламыз. ЖИ дұрыс қолданылған жағдайда, журналистиканың қазіргі заманғы сын-қатерлерді еңсеруіне және қоғамның сұранысына жауап береді.

Ақпараттың болашағы: Жасанды интеллектпен өзгерген өңірлік медиа

Жасанды интеллект технологиялары бүгінгі күні медианың ажырамас бөлігіне айналып, ақпарат тарату саласында жаңа үрдістерді қалыптастыруда. Бұл әсіресе өңірлік БАҚ үшін маңызды. Өйткені, ЖИ технологияларын енгізу аймақтық жаңалықтарды жеткізу тәсілдерін өзгертіп, медианың даму қарқынын арттырады. «Ақмешіт апталығы» ақпараттық агенттігі жаңалық ретінде ЖИ технологияларын енгізіп, өңірлік ақпарат тарату жүйесін жаңғыртты. Мәтінбек пен Аққағаз – өңірдегі алғашқы ЖИ аватарлары. Бір жылға жуық уақыт ішінде жобамыз айтарлықтай жетістіктерге жетіп, аудиториямен тығыз байланыс орнатты. Апталық шолулар арқылы өңірде болып жатқан маңызды оқиғалар туралы ақпаратты уақытылы әрі сапалы түрде жеткіземіз. Бұл өз кезегінде аудиторияның тұрақты түрде өсуіне септігін тигізді. Қазіргі таңда «Facebook» желісінде 1300-ден астам жазылушы бар, және бұл көрсеткіш үнемі артып келеді. Жасанды интеллект технологиялары арқылы біз тек ақпарат жеткізіп қана қоймай, жаңалықтарды қызықты әрі әсерлі түрде ұсынамыз. Бұл өз кезегінде интерактивті және тартымды контент жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ЖИ технологияларын қолдана отырып, аватарлардың визуалды бейнесін және дауысын жаңартып, аудиториямен қарым-қатынасты жақсартудамыз. Мәтінбек пен Аққағаз – тек жаңалықтар жүргізушілері ғана емес, сонымен қатар жаңа ақпараттық дәуірдің өкілдері. ЖИ аватарларын өңірлік медиада қолдану – тек заман талабына сай болу емес, сонымен қатар ақпаратты жылдам әрі тиімді түрде жеткізу жолындағы маңызды қадам.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: