Медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбегінің нәтижесі мыңдаған адамның өмірін
сақтап қалуға, денсаулығын жақсартуға сеп болуда. Ақ халатты абзал жандар қашанда құрметке лайық. Дәрігерлердің кәсіби мерекесіне орай осы аптада «Сыр медицинасының ғаламат ғасыры» атты салтанатты шара өтті.
Мерекелік шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр медицинасының дамуындағы оң жетістіктерге кеңінен тоқталды.
– Дәрігер – ең ізгі, ең қастерлі мамандық иесі. Сіздер халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталған жаңа реформалар мен бағдарламаларды сәтті жүзеге асыру жолында жауапты міндет атқарып келесіздер. Нағыз дәрігер үшін ең жоғары құндылық – халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөлену. Бүгінгі мерейлі мерекеде сіздердің өлшеусіз еңбектеріңізге барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан алғыс айтып, зор ризашылығымызды білдіремін. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақордада өткен дәрігерлермен кездесуде «Денсаулық сақтау жүйесін дамыту ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Өйткені медицинаның деңгейі мен қолжетімділігі – еліміздегі өмір сапасының негізгі көрсеткіші», – деген болатын. Аймағымызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен халық денсаулығын нығайтуға, медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар нәтижелі жүзеге асуда. Соңғы үш жылда салаға 441 млрд теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Өткен жылы 15 дәрігер Түркиядағы, биыл 41 маман Германия, Ресей, Литва, Беларусь елдеріндегі алдыңғы қатарлы клиникаларда біліктілік арттырды.
Жауапкершілігі жоғары салада уақытпен санаспай, күні-түні жасаған қызметтеріңіз үшін зор алғыс, – деді облыс әкімі.
Мерекелік шарада медицина қызметкерлері марапат төрінен көрінді. Атап айтсақ, Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасының кеңесші хирург дәрігері Юрий Фотиади «Құрмет» орденімен, «Қазлепрозорий» мекемесі Тасбөгет бөлімшесінің меңгерушісі Анаркүл Нұрғалиева «Шапағат» медалімен марапатталды. Ал сала ардагері Асылбек Тоғызбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы табысталды.
Сонымен қатар үздік мамандар денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Медицина қызметкерлеріне көрсетілген бұл құрмет – олардың еңбегіне деген жоғары бағасының айғағы. Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!