Биыл Қызылорда қаласының Қазақ автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының алғашқы астанасы болғанына 100 жыл толуына орай Сыр елінде республикалық ақындар айтысы өтті. 1000 орындық «Өнер орталығы» сөз додасын асыға күткен көрерменге лық толы болды.
Адам көптігі соншалық, залда ине шаншар жер жоқ. Орын таппаған айтыс сүйер қауым орындықсыз-ақ көруге бекінген сыңайлы. Додаға қатысқан айтыскерлер де Сыр елінің айтысқа деген махаббатын ерекше атап өтті. Әдебиет сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Мәдениет саласының үздігі, Ақмола облыстық,тарихи-өлкетану музейінің директоры Кұдайберлі Мырзабек, Казакстанның, еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жырау Алмас Алматов, сондай-ақ айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Косымбаев қазылық етті. Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай тізгіндеді. Шыны керек, бұл айтысты көрген де, көрмеген де арманда десек, артық айтқандық емес. Орайы келгенде, «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанханмен сахна сыртында сұхбаттастық.
– Бүгінгі айтыс қалай өтуде?
– Керемет! Халықтың айтысқа деген керемет ықыласын көріп, ерекше сезімде тұрмын. Қанша халық сағат тоғыздан бастап келіп, залда ине шаншар орын болмауы Сыр елінің өнерге құрметі деп білеміз.
– Бұл айтыстың өзге айтыстан ерекшеліге неде?
– Жеті жыл сахнадан көрінбей кеткен Сара Тоқтамысова ортамызға оралып жатыр. Сырбойылықтардың айтысқа деген құрметі кез келген ақынға дем беретіні анық. Әрине, айтыста айтылатын тақырып көп. Ең бастысы, елдің бірлігі, жетістігі кешегі Алаштың арыстары тарихи тұлғаларымыздың ел тәуелсіздігі жолындағы еңбегі бүгінгі айтысқа арқау болатыны сөзсіз.
– Бүгінгі таңда айтысқа қолдау қаншалықты деп ойлайсыз?
– Жалпы, айтыстың жоғары деңгейде өтуіне себепші болған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлына алғыс айтамыз. Өйткені қазіргі қоғамда шынымен, өнерге жанашырлық танытпаса, өнерді қолдамаса, дәстүрлі өнеріміз далада қалуы мүмкін.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Айдана БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!