Жұма, 11 сәуiр, 20:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№25,2138
08.04.2025
PDF мұрағаты

Мейірім төгілген күн

01.03.2025

216 0

Тыныс-тіршілігімізге нәр берген шұғылалы көктем келді. Бұл табиғаттың жаңаруы, жаңа өмірдің бастауы. Жер-Ананың тоңын жібіткен мезгілдің алғашқы күнінде соңғы жылдары тамыры тереңде жатқан Алғыс айту күні ерекше тойланады. Расында, жаныңдағы жақсы жандарға ризашылық білдірудің маңызы өте зор. Қазақта  «Қарғыс алма, алғыс ал» деген сөз бар. Біреудің шынайы алғысына бөлену адамға үлкен рухани күш береді. Алғыс білдіру арқылы адамдар арасындағы өзара құрметі аңғарылады.

«Ел алғысын алсаң, елеулісі боларсың» деп аталарымыз ұрпағына үнемі осындай ізгілікті өсиет еткен. Бұл адамның адамға деген шынайы ниетін білдіреді. Бабалардан қалған бұл үрдіс бүгінде өз жалғасын табуда.

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу күнімен тұспа-тұс келген бұл мерекенің біздің қоғамдық-саяси өміріміздегі орны ерекше. Ол тарихтан сыр шертетін тағылымды мереке ретінде бағаланады. Қазіргі таңда  елімізде сан түрлі ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір сүруде. Ең алдымен, атаулы күн елімізде тыныштық пен үндестік, сенімділік пен құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісімнің мерекесі ретінде бағаланады. Ол – Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсетуі. Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне құшағын кең жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті. Өздерінің тұрмыстық жағдайы оңып тұрмаса да қазақ отбасылары оларды панасына алып, қамқорлық танытты. Олардың бәрі Қазақстанда орнығып, қиын кезеңді қазақ халқымен бірге еңсерді. Сондықтан елдегі мерекелер қатарының Алғыс айту күнімен толығуы игілікті іс болды.

Бұл күннің астарында қазақ халқының бауырмалдығы мен мейірім­ділігіне ризашылық білдіру жатыр. Сондай-ақ бір ел, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлысты ұйыстырып, татулықты одан әрі бекіте түсті. Қазақтың ақжарқын пейілінің арқасында жерімізді мекендеген этнос өкілдері оларға әрқашан алғыс айтып жүрері сөзсіз. «Жақсы сөз жан семіртеді» демекші, бір-біріне ризашылық білдіру – қанымызда ежелден бар қасиет. Сондықтан да кішіпейілдік танытып, ізгі ниетін жеткізу мұсылманға парыз. Себебі текті халқымыздың бойынан адамға деген мейірімдік ықыласы әрқашан  табылады.

Әлемде мұндай күндер бар. Бірақ әр ел аталған мейрамды әр кезде тойлайды. Олардың ортақ мүддесі – береке мен бірлік, адамдардың бір-біріне деген құрметі, ризалық сезімі. Ризалық сезімін білдіру күні әлемде ең әуелі ағылшындардан бастау алған. АҚШ және Канада халықтары қараша айында рахмет айту күнін атап өтеді. Мереке алғашында 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланды. Осы жылы қыс қиын болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан губернатор Уильям Брэдфорд қарамағындағы адамдардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Оның шынайы ниетін қабылдаған халық қаһарлы қыстан аман-есен шыққандарына қуанады. Бұл мереке тек дастархан жайып, тамақ ішу емес, жүректегі жылы сезімді ризашылық арқылы жеткізу шарасы ретінде тойланды.  Кейіннен, 1789 жылы Джордж Вашингтон Рахмет айту күнін ұлттық мереке деп жариялайды. Осы күні отбасы мүшелері дастархан басына жиналып, туыстарына жақ­сылық жасауға асығады. Жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар жасайды.

Мейірім төгілген күн

Алғыс айту қазақтың болмысына сай келеді. Дана халқымыз ежелден жабырқағанның жасын сүртті, сүрінгенді қолтығынан демеді, жығылғанның жанынан табылды.

Мейірімі төгілген осынау шуақты мереке күні өткенге ризашылық білдіріп, болашаққа сеніммен қадам басайық! Бейбіт елде тұрып, аман-есен өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етіп, рахмет айта жүрейік. Ал бұл сөз  «Маған жасаған жақсылығы үшін сол адамға рақым ете көр» – дегенді білдіреді екен.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: