Сенбі, 20 қыркүйек, 02:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№71, 2184
19.09.2025
PDF мұрағаты

Мейірімділік пен ізгілік жаршысы

20.09.2025

31 0

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік маман­дықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейтіні белгілі. Дәрігер болғысы келетін жандар көп екен­дігі айтпаса да түсінікті. Алайда жұрттың бәрі бірдей дәрігер бола алмайды. Тек адам анатомиясын терең зерттеуге қабілеті жоғары, қорықпайтын, науқастың тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жандар ғана осы салада жұмыс істейді. Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бағалай білген кісіге медицина қызметкерлері тұғыры таймас биік шың. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз  осы мамандықта 40 жылдан аса қызмет атқарып, халқына адал еңбек етіп келеді. Ол өз ісінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жан.  Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, орталықтың басшылық қызметін қатар алып жүргеніне қарамастан кейіп­керіміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. Өзінің сүйікті мамандығын абыроймен атқарды.

Өмірінің 45 жылын медицина саласына арнаған Гүлайым Шәріпқызы 1961 жылы 11 қазанда Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дү­ниеге келген. 1978 жылы орта  мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі. Медициналық училищені бітірген соң  Жалағаш аудандық ауруханасында еңбек жолын бастайды. Дәрігер болуды жаны қалаған ол 1987 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түседі. Медициналық институтты бітіргеннен кейін Қызыл­орда қаласындағы қалалық ауруханада интернатурадан өтеді.

Дәрігерлік еңбек жолын 1994 жылы №3 емханада қарапайым дәрігер болып  бастап, сол емханада бөлім меңгерушісі қызметіне көтеріледі. 1998 жылы  облыстық наркологиялық орталыққа бөлім меңгерушісі болып ауысып, сол жылы  бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі  орынбасары қызметіне тағайындалады. 2002 жылы 255 төсек орынға есептелген наркология орталығы облыстық аурухананың бұрынғы ғимаратына көшіреді. Жаңа ғимараттың материалдық-техникалық базасын жақсарту міндеті жүктелді. Одан кейін жаңадан 15 төсек орындық  балалар мен жасөспірімдер  бөлімі және 30 төсек орындық реабилитациялау  бөлімшесі ашылды. Сонымен қатар Баймұрат ауы­лынан 40 төсек орынға есептелген медициналық – әлеуметтік оңалту бөлімшесін  ашу  жұмыстарын  Гүлайым Шәріпқызы абыроймен атқарды. Сол уақытта облыстық наркологиялық орталықтың бастамасымен қаладағы ірі өндіріс орындары мен мекемелерінде, оқу орындарында және мек­тептерде наркологиялық бекеттердің жұмысы жан­данды. 2003 жылы  «Облыстағы үздік емдеу – профилактикалық мекемесі» және 2015 жылы «Қаланың ең үздік медициналық мекемесі»атағына ие болды.  Білікті басшы, мықты дәрігер Гүлайым Шәріпқызы осы жылдар ішінде орталықтың жұмысының алға басуына, жетістіктерге жетуіне өлшеусіз үлес қосты. Ұзақ жылғы мінсіз еңбегі, ақжарқын ашық мінезі, іскерлігі, ұйымдастыру­шылық қабілеті оны шексіз құрметке бөледі. Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген даналық сөзі бар. Біздің білумізше, осы үш асыл қасиеттің бәрі де Гүлайым Шәріпқызының өне бойынан табылып 26 жыл басшылық қызметте болды. Кісілігі мен кішілігі жарасқан кейіпкеріміз қандай лауазымда болса да, қай кезде де өзін қарапайым, жайдары ұстайтын қасиетімен ерекшеленді. Осылайша өз еңбегін ұтымды пайдалана білген кейіпкеріміздің ұзақ жылғы  мінсіз еңбегі елеусіз қалмады. Ол  «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» төс белгілерімен марапатталды. 

Саналы ғұмырын  медицина саласына арнаған   кейіпкеріміз әліде  саладан қол үзбей, орталықта адал қызмет  етіп келеді. Бүгінгі таңда Гүлайым Шәріпқызы зейнетке шықса да, зейіні жұмыста. Нағыз еңбек адамының ұстанымы – күш-жігерін халық денсаулығын түзетуге арнау, өзі жақсы көретін ұжыммен бірге болу, білгенін жастарға үйрету, тәжірибесімен бөлісу. Сондықтанда  еңбек адамы ұғымын дәрігер тұлғасымен астастыра қарастыру – әділ баға.

Гүлмира Ақтаева, 

Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының бастауыш кәсіподақ

ұйымының төрайымы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: