Майлықожа ақын:
Жыласаң көңілі жүдеген,
Қуансаң тасып үдеген.
Көрігіңе көңілі өсіп,
Құдайдан өмір тілеген,
Атаң – қыбыла қамқорың, – десе, ал ана туралы:
«Тоғыз ай он күн көтерген,
Еңбегіңде еті өлген.
Бейнет татқан төтеннен,
Зиярат қылып сыйынсаң,
Кем емес анаң, құбыла Меккеңнен», – деп жыр арнаған. Шығыс поэзиясының аса көрнекті өкілі Әлішер Науаи әкені – күнге, ананы ай, жұлдызға балап, әспеттейді. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде «әлемнің жарығын сыйлаған, даланың бар гүлін жинаған» әйел-ананың орны да ерекше.
Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар…
Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.
Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетімдік басымызға.
Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,
Бір күлшесін бөліскен ашымызға, – деп дауылпаз ақын Мұқағали Мақатев қалай тебіреніп, толқып отты өлең шумақтарын төгіп-төгіп тастаған десеңші. Шынында, өзімізді ертеңгі күні кәріліктің ауылына ат шалдырмайтындай кеуде керетініміз бар. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дейді қазақ.
Жағалауда жаны жабырқап жалғыздықпен қауышып, жастық дәурені бастан өткен кеудесі алтын сандық қарттарға біздің бірауыз жылы сөзіміз бен ыстық ілтипатымыздан артық сый-сияпат болмайды. Олар жастардан аялы алақан мен қамқорлықты күтеді. Ал біз олар артықтау сөйлеп, дұрыс емес жерімізді бетімізге айтып, ақылын айтса, шыныдай шытынап шамданып қаламыз. Не дегенмен тағдырдың небір теперішінің тезінен өткен, өмір жолының ащы сабағын алып, қиын-қыстау заманның өткелегін артқа тастап, өзінен кеткен кейбір қателікті кейінгі буын көрмесе деп ақыл-кеңес бермек болса, оған намыстанып қаламыз.
Ата-ананы қадірлемей, іргесін аулақ салу да қазір белең алып барады. Құдыреті күшті Алланың бұйрығымен жарық дүниеге әкеліп, баласына бүкіл өмірінің сәулелі сәттерін арнаған әке-шешені құрметтемеу адами жағынан да, шариғаттың үкіміне жүгінсең де кешірілмейтін күнә. Қазір қарттар үйінің босағасында телмірген қазақтың қазыналы қарттарын көргенде жан-жүрегің езіліп кете жаздайды. Көзі мөлтілдеп, кейбіреулерімен сөйлессең жас жуған жанарын дірілдеген саусағымен көлегейлеген болады. Кезінде сол аялы алақанында мәпелеген перзенттері қымбат жандарының күші қайтқан соң одан теріс айналғаны жанына аяздай батады, әрине. Ащы өксік алқымына тығылған осындай бір қариямен тілдесудің сәті түсті. Әлгі кісінің көкірегін кернеген шерден күрсінгені соншалық, денем түршігіп, әп-сәтте бір әбігер күйге түстім. Бұл шарасыз әкенің жанайқайы еді.
– Тағдырдың тәлкегіне іліну әп-сәтте екен ғой. Мектепті жақсы оқып, жоғары оқу орнына түстім. Жолдамамен өзім қалаған есепшілік жұмысқа орналастым. Тұрмысымыз өте бақуатты еді. Әйеліме жұмыс істетпедім. Бала тәрбиелеп, үй жұмысымен айналысты. Жалғыз ұлым бар еді. Мәпелеп өсіріп, оқуға түсіріп, жұмысқа да орналастырдым. Ұлым көп ұзамай шаңырақ көтерді. Бірақ келінмен екеуінің арасында күнде жанжал бола берді. Өмірге қос немерем келді. Сөйтіп, жылдар өте берді. Әйелім науқастанып, көп ұзамай өмірден өтіп, сопа басым сопиып жалғыз қалдым. Міне, қайғының кермек дәмін кемпірімнен айырылғаннан бастап тата бастадым. Шайпау келін ұлымды маған қарсы қойды. Немерелерді маңыма жуытпағаны жаныма батты. Мына қорлықты көргенше үкіметтің қамқорлығына барайын, өзім сияқты шерменде кісілермен шерімді тарқатайын деп ұйғардым. «Орта жолда әйелің өлмесін» деп жатады ғой. Міне, мендегі ащы шындық осы. Ең болмаса немерелерімді көріп, бір иіскесем мауқым басылар еді. Мен үшін жұбайыммен керемет күндерді бірге өткізген шаңырағымның оты өшпесе де, өзімнің құт мекенім болған үй бөтен, әрі суық. Ата-анадан тірісінде безіп, батасын алмаған баладан не қайыр? Е, балам, қайсыбірін айтайын. Бәрінен бұрын олар о дүниелік болып кеткен аналарына құран оқытып, жеті шелпек пісіріп таратып жүр ме екен? Ей, қайдам! – деп, иегі кемсеңдеген қария теріс айналып, көз жасын қол орамалына сүртіп жатты. Одан әрі әңгімелесудің де, жұбатудың да ретін таппаған мен де көз жасымды тоқтата алмадым.
Кейін сондай өкінішті тағдыр қамыты сенің мойныңа да түспейтініне кім кепіл? Алақаныңа салып, табанын жерге тигізбей өсірген перзентің ер жеткен соң теріс айналса ше? «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дейді қазақ. Бұл ата-бабаның тәжірибесінің ащы шындығынан шыққан тұжырымды пәлсапа. Қоғамға да, қазақы болмысымызға да жат қасиетке біз неге бой алдырдық? Бүгінде жастарға бұл үйреншікті жағдайға айналғаны соншалық, оған қалыпты құбылыс деп қабылдай бастады. «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген бабалар сөзі бұрын кесімді бұйрықтай естіліп, оған ден қоятынбыз. Ата-анасын қарттар үйіне өткізетіндер бірен-саран болатын. Оған жұрт үрке қарапйтын еді. Бүгінде безбүйрек баланы тезге салып тәрбиелейтін, ақыл айтып жүгендейтін отбасылық мектеп, әулеттік әлеует әлсіреп қалды ма, қарттардың перзенті алдындағы қадірі қаша бастады.
Әлгі қариямен кездескендегі көрініс көз алдымда көлбеп тұрып алды. Орнынан әзер көтерілген қарттың жас тұнған жанарында келер күнге деген үміт сәулесінің өшкені сезіледі. Қазақтың сөз қоржыны бай болғанмен, әлгі кісіге жұбаныш сыйлайтын бірауыз сөз таппағаныма іштей егіле бердім. Жаймашуақ күнде жан сарайы жараланған шарасыз қарттардың талайы арамызда жабырқап жүргені өзекті өртейді, әрине. Көкірек көзі соқыр адамдарға не дерсіз? Кең дала бұйырған қазақтың бәзбіріне мейірімділік пен дарқандық жетіспейтіні қиын да. Өте өкінішті.
Өмірдің ең үлкен сауабы әкенің жүрегінде, ананың тілегінде екенін біле бермейміз. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғыстың ауыры. Алғыс емес, қарғыс арқалап жүрмейік. Шындық ащы. Қасіреттің уы таралмай тұрғанда асыл қазыналарымыздың тағдырына абай болайық.
Г.АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!