Ауыл шаруашылығы өркендеп, бау-бақша өнімі молайса, елдің әлеуеті артып, азық-түлікпен қамту мәселесінде түйткіл азаяды. Төрт түліктің басы көбейсе, халықтың әл-ауқаты артады. Қаладағы ауыл шаруашылығына қатысты өзге де өзекті мәселелер жөнінде қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібековпен сұхбаттасқан едік.
– Мейрамбек Темірханұлы, су тапшылығы шаруалардың жұмысына кедергі келтіріп жатқаны белгілі. Әсіресе күріш дақылы суды көп мөлшерде керек ететін болғандықтан егіс көлемі азайды ма? Диқандар қандай дақыл екті?
– Биыл 8695 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын ектік. Ерте көктемнен жұмысқа кірісіп, 985 гектарға жаңа жоңышқа, 531 гектарға жаздық бидай, 30 гектарға жаздық арпа, 15 гектарға қант құмайы егіліп, 1318 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды. Күріш дақылын егуді сәуірдің 23-нен бастадық. Күріш егу су тапшылығына байланысты 355 гектарға кеміді.
130 гектарға картоп, 1329 гектарға көкөніс, 990 гектарға бақша дақылы егілді. Сонымен қатар ораққа 1318 гектар мал азықтық ескі жоңышқа шөбінің бірінші орымнан 2536 тонна, екінші орымынан 500 гектары орылып, 1000 тонна жоңышқа дайындалды. Екінші орым жалғасуда.
– Науқандық жұмысқа қанша техника жұмылдырылды? Тыңайтқыш та, дизель отыны да егіс жұмысында аса қажетті. Бұл жағынан тапшылық болмаған болар?
– Тапшылыққа жол берілмеді. 3278 тонна қажетті минералдық тыңайтқыш дайындап, 3025 литр арамшөптерге қарсы гербицид сатып алдық. Дала жұмыстарының тоқтаусыз жүруі үшін науқанға 154 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Оның 97-і трактор, 22- і трактор тіркемесі, 21 соқа, 9 дән сепкіш, 5 жүк көліктері. 269,5 тонна дизель отынын жеткізіп беруші операторлар «РК Мұнай» және «Жібек жолы LTD» ЖШС 1 литрін 254 теңгеден берді.
– Елдің әлеуметтік жағдайын көтеретін мал шаруашылығы қалай дамуда? Төрт түлікті түлетуде оң өзгерістер бар ма?
– Биылғы көрсеткіш көңіл көншітеді. Мүйізді ірі қара 31407, уақ мал 35 709, жылқы 21257, түйе 3 306, құс саны 16344-ке көбейді. Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қараның саны 22,9%-ға, қой-ешкінікі – 27,2%, жылқынікі 0,2%-ға өскен. 1100,1 тонна ет, 1093,8 тонна сүт және 149,4 мың дана жұмыртқа өндіріліп, халық сұранысы өтеліп келеді. Осылайша өткен жылмен салыстырғанда халық көп тұтынатын ет өнімі 2,7%-ға, жұмыртқа 0,5 пайызға, сүт 0,1%-ға артты.
– Мемлекет қолдауымен алынған техникалардың көлік жүргізушілерін де оқытып, трактор-комбайндарын техникалық байқаудан өткізуге де ықпал жасайтын боларсыздар?
– Әрине, оның бәріне тұрақты қадағалау жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол құрылысы техникаларын жүргізуге 34 адамға куәлік беріліп, жеке және заңды тұлғаларға жаңа үлгідегі 238 техникалық паспорт пен 238 мемлекеттік белгі берілді. 67 кепілдік келісім шарты мен қосымша келісім шартын тіркеу және кепілден босату рәсімделді. Көлік жүргізушілерден 17 өтініш түсіп, 134 ауыл шаруашылығы және жол құрылыс техникалары мемлекеттік техникалық байқаудан өткізілді.
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қалай жүзеге асуда?
– Бағдарламаның өзектілігі ескеріліп, үздіксіз жұмыс жүргізілуде. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 110 маманға көтерме жәрдемақы төлеу үшін 43,2 млн теңге бөлініп, 75 маманға 29,4 млн теңге көтерме жәрдемақы берілді. 25 маманға 196,6 млн теңге бөлінді. Бөлінген қаржы қаржылық жоспарға сәйкес игерілмек.
– Ауыл шаруашылығы саласы бойынша қанша мемлекеттік қызмет көрсетіледі?
– Ауыл шаруашылығы саласы бойынша барлығы 6 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардың қатарына ауыл шаруашылығы және жол құрылыс техникаларын тіркеу және тіркеуден шығару, ауыл шаруашылығы және жол-құрылыс техникаларын жыл сайынғы техникалық байқаудан өткізу, ауыл шаруашылығы және жол-құрылыс техникаларын басқару құқығына куәліктер беру, ауыл шаруашылығы және жол-құрылыс техникаларының кепіл шартын тіркеу, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, ауыл шаруашылығы техникалары туралы мәліметтерді өзекті ету. 431 жеке және заңды тұлғаға, «электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы 364 қызмет көрсетушінің кеңсесі арқылы 67 тұлғаға қызмет көрсетілді.
– Жер қатынастары бойынша қандай міндет жүктелген?
– Бұл – халық үшін өте өзекті тақырып. Осы бағытта біздің құзырымызға жер учаскесін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаны бекiту, іздестіру жұмысын жүргізу үшiн жер телімін пайдалануға рұқсат беру, ауыл шаруашылығы алқабын бір түрден екінші түрге ауыстыруға түпкiлiктi шешiм шығару, сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер теліміне құқық алу, кезекке қою, бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасымен келісу және беру, телімдердің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау, жеке меншікке ақысын бірден не бөліп төлеу, жалдау мерзімін ұзарту мен жалдау шартының телнұсқасын беру қызметі кіреді.
– Жер алуға қызығушылар саны артқан болар? Кезектілік қалай жылжуда?
– Қай кезде де тұрғын үй мен жер алуға ынта білдірген тұрғындар саны толастаған емес. Соңғы 6 айда жеке және заңды тұлғалардан 2800 өтініш тіркелсе, 1840 жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде «Электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы – 1481, қызмет көрсетушінің кеңсесі арқылы 359 тұлғаға қызмет көрсетілді. Жер мәселесіне қатысты дау болмау үшін 15 жер комиссиясының отырысы өткізіліп, барлығы 1791 құжат қаралды, оның ішінде 825 өтініш бойынша оң хаттамалық шешім шықса, 966 өтініш бойынша «Жер кодексінің» және «Сәулет және қала құрылысы туралы» заңының талаптарына сәйкес келісім берілмеді. Осы кезеңге дейін 468 жалға беру шарты, 246 сатып алу-сату шарты жасалды.
«Жер учаскесін алу үшін кезекке қою» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша 2005 жылдан қалған 2387 азаматпен бірге
2025 жылдың 6 айын қоса алғанда барлығы 71099 азамат кезекке тіркелген. 2021 жылдың сәуір айынан бастап сәулет және қала құрылысы бөлімімен жер учаскелері зерттеліп, 2005 жылы кезекке тіркелген 2387 азаматқа жер телімін 3 жыл мерзімге табыстау жұмысы жүргізілуде. 2025 жылы электронды форматтағы сауда – саттыққа (аукционға) 17 жер телімі бекітіліп, Gosreestr.kz порталы арқылы электронды сатуға ұсынылды. Оның ішінде 3 жер телімі өтпеді деп танылса, 14-і бойынша келісім шарт жасалып, бюджетке 85 миллионнан астам қаржы түсті. ҚР «Жер кодексінің» 43-1 бабының талаптары бойынша шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін Қызылорда қаласында алқап түрлері бойынша жалпы көлемі 2919,9 гектарды құрайтын 40 жер учаскесін конкурс арқылы айналымға қосу жұмысы жүргізілуде. Мақсатқа сәйкес пайдаланбаған немесе заң талабына сай келмейтін жерлерді қайтару жұмысы бойынша қалада мемлекет қорына қайтаруға 1000 гектар жер учаскесі бекітіліп, аталған көлемнің 616 гектары мемлекеттің арнайы жер қорына қайтарылды. Сонымен қатар мақсатына сәйкес пайдаланбаған кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы үшін берілген жер телімін заң талабына сәйкестендіру бағытында мониторинг жұмысы жалғасуда.
Нәтижесінде жыл басынан бері 180 жер телімі жер учаскесін нысаналы мақсатта пайдаланбаған кәсіпкерлік мақсатындағы 76 жер учаскесі, мемлекеттік жерді заңсыз иеленіп, қоршап алған 73 меншік иесі, жер учаскесін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбаған 31 меншік иесінің құжаттары облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Көлемі 1,66 гектарды құрайтын мемлекет меншігіндегі жерді заңсыз иеленген 37 тұлғаға әкімшілік жазалау шарасы қолданылып, айыппұл салынды.
– Сұхбатыңызға рахмет
Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!