Сейсенбі, 19 тамыз, 11:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№62, 2175
19.08.2025
PDF мұрағаты

Мектепке дайындық: Қанша қаражат керек?

19.08.2025

47 0

Фото: Айтолқын АЙТЖАНОВА

Санаулы күннен соң жаңа оқу жылы басталады.  Қазір ата-аналар үшін қарбалас уақыт. Осы айда қалың жұрт балаларын ертіп, базарға барып, мектеп формасын дайындап жүр.

Қымбатшылық қалтаны қысып тұр. Азық-түлікпен қатар күннен-күнге оқу құралдары мен мектеп формасының бағасы өсіп жатыр.

Мемлекет жасаған мүмкіндік

«Жалпыға бірдей білім беру» қоры жыл сайын мыңдаған баланың оқу жылына дайындалуына жағдай жасап келеді. Биыл бұл мақсатқа өткен жылғыдан қыруар қаржы бөлінген. Атап айтқанда, осы жылы 500 мыңнан  астам балаға қолдау көрсетіледі деп жоспарланған, – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Қор дәстүрлі түрде жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ аз қамтылған және атаулы көмек алатын отбасы балаларына жәрдемдеседі. Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар да назардан тыс қалмайды. Көмек тамыз айынан бастап әр аймақта ата-аналардың есепшотына аударылуда. Бұл қаржыға балаларға мектеп формасын, кеңсе тауарларын өздері таңдауға мүмкіндік береді. Биыл бір балаға берілетін ең төменгі сома көлемі  46 228 теңге болып белгіленген.

Базар бағасын  бағамдап қайттық

Қымбатшылық қалтаны қысып тұрғанда бағасы мен сапасы үйлесетін киім-кешек пен құрал-жабдықтарды түгендеу оңай емес. Бір баланы мектепке киіндіру мен қажетті заттарын алу үшін қанша теңге керек? Бір отбасында балаларын киіндіру үшін қанша қаражат қажет?  Базар бағасын  бағамдап қайттық. 

Қазір барлық мектепке бірдей форма енгізілген жоқ. Бірқатар мектептер ақ жейде мен қара немесе көк белдемшені таңдаған. Базарда қыздарға арналған ақ жейде бағасы 3500 теңгеден басталып, 10 000 теңгеге дейін барады. Қымбатын алам дейтіндерге одан да қымбат бағада бар. Ұлдардың ақ жейдесі де осы шамалас. Белдемше ескі базар аумағында 4500-8000 теңге аралығында болса, сапалысы  жеке дүкендерде 10000-14000 теңгеге дейін барады. Жай базардың өзінде түріктің ақ жейдесі қымбатқа сатылып жатыр. Қыздардың спорттық киімінің арзаны – 10 мың, сапалысы – 25 мың теңге, ал ер балалардың костюм-шалбары 15 мың теңгеден жоғары.

Қымбатшылықты сатушылар да мойындайды. Тауар көбіне  Қырғызстан, Қытай, Түркиядан келеді. Бүгінде орташа бағадағы Қырғыз елінің киімдеріне сұраныс көп. Ал Түркия киімдерін тек қалтасы көтеретіндер алады.

Ата-аналар ең болмаса баласының сапалы аяқ киім кигенін қалайды. Күнделікті киетін туфли, спорттық аяқ киімдер сапалы болғаны жөн. Дегенмен олардың да ең арзаны 7-8 мыңнан басталады. Ал сапалысы қалтаға әжептеуір салмақ. Бағасы 20 мыңнан асып түседі.

Сонымен, бір баланы мектепке дайындау қанша болатынын орташа есептеп көрдік, нәтижесінде мектеп формасына 15 мың теңге, екі аяқ киім – 20 мың, спорттық киім – 15 мың, кеңселік тауар мен сөмке орта бағамен 15 мың теңгеге барады. Қорыта келгенде, орташа бағамен бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 70-90 мың теңге қаражат қажет. Ал көпбалалы отбасындағы шығынды есептегенде көпке түсері анық. Себебі үш-төрт баласы мектепке баратын отбасыларға біраз қаражат керек.

Мектепке дайындық: Қанша қаражат керек?

Осы орайда атап айтқан жөн, қазіргі уақытта онлайн тапсырыс арқылы баланың керек-жарағын түгендейтін ата-аналар да бар. Бұл кәдімгідей көмек. Байқағанымыз ата-аналардың көбісі дүкендердің инстаграм парақшасын қарап, жеңілдікті қалт жібермей, сапалы киімдерді алуға тырысады.

– Кейбір дүкендермен салыс­тырғанда базар бағасы қымбат болып шығады. Одан жеңілдікке сатылып жатқан Түркия немесе Пекин өнімдерін алған тиімді. Қарапайым халық базарды арзан деп ойлайды. Негізі асықпай алуға уақыт болса, дүкендердегі жеңілдікті және онлайн тапсырыс арқылы алу тиімді деп ойлаймын. Өзім «Kaspi» дүкені арқылы мектеп құралдарын алып қойдым. Аяқ киімнің де сапалы түрін жеңілдікпен аламын, – дейді ата-ана Айдана Сайдуллақызы.

Иә, сауданың қызатын уақы­тында жеңілдік бағаны ұсынып жатқан дүкендер көп. Мәселен, «Bunyadi.hom» және «Кәусар-Жан» көтерме дүкендерін аралап шықтым. Атап айтсақ, «Bunyadi.hom» дүкенінде ұлдарға арналған костюм-шалбар 17 мыңнан басталады. Тіпті 24 мыңға арнайы мектеп формасынан ұлдарға жиынтық дайындап қойған. Ал спорттық аяқ киімнің бағасы 3000 теңгеден жеңілдікпен сатылуда. «Кәусар-Жан» көтерме дүкенінде костюм-шалбар 10 000 теңгеден сатылымда. Екі дүкенде де адам көп. Бір ананың қасында 2-3 баладан еріп жүр.

Мектепке дайындық: Қанша қаражат керек?

– Осымен төртінші жыл қатарынан дүкенімізде «Мектепке жол» акциясын жасаймыз. Қыз және ұл балаларға арналған мектеп формаларын бізден 10-15 мың теңгеге алуға болады. Жемпірлер 3000 теңгеден басталады. Спорттық киімдер 4500 теңгеден сатылды. Бұлар Пекин өнімдері. Сөмке де 4-5 мың теңге аралығында сатылып, өтіп кетті.  Халықтың алғысын алып, алға жылжудамыз. Мектеп формасын жеңілдікпен сату жыл сайын үрдіске айналды. Бізді күтетін тұрақты тұтынушылар бар. Инстаграм парақшаға салғаннан бастап, халық тез алып кетеді. Тіпті онлайн тапсырысты қабылдауға мүмкіндік болмады. Пекин, Түркия өнімдерін арзан бағада ұсынудамыз. Себебі біз тікелей сауда жасаймыз. Сондықтан халықтың қалтасына тиімді бағамен сатамыз. Барлық киімді көтерме бағада ұсынамыз, – дейді «Кәусар-Жан» дүкенінің иесі Шолпан Меңдібаева.

Жәрмеңке жеңілдік пе?

Жұрттар жарыса жарнамалап жатқан жәрмеңкеге бардым. Жыл сайын  жаңа оқу жылы басталар алдында дәстүрлі түрде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Осы акция аясында қаламыздағы жергілікті тауар өндірушілер А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің жанында мектеп жәрмеңкесі өтуде. Жәрмеңкеде мектеп тауарлары мен оқу құралдары қалтаға қонымды бағада сатылуда. Мектеп формасын «Саңыраулар оқу-өндірістік кәсіпорны» тігін цехы ұсынуда.  

– Әрбір жаңа оқу жылы оқушылар үшін үлкен мереке.  Осы мерекеде балалардың көзінен қуанышты көргіміз келеді. Мұнда жергілікті тауар өндірушілер өнімдерді төмен бағада сатуда.  Қарапайым халық келіп алуда. Бүлдіршіндерді мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етуде осындай шарапатты іс жасағымыз келеді. Мектеп формаларын, арнайы киімдер тігеміз. Тігін цехымда 20-дан аса тігінші бар. Бірнеше жылдан бері жәрмеңкеге мектеп киімдерін шығарамыз. Бастауыш сынып оқушыларына ақ жейде, костюм-шалбар тігеміз. Ақ жейделер 2000 теңгеден басталады. Шалбар да 2000-нан басталады. Жеке костюм 6000-8000 аралығында. Халық өзінің шамасына қарай алады. Әр мектептегі көпбалалы отбасыға тегін мектеп формасын беріп те көмектесемін, – деді «Саңыраулар оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС  директоры Орынкүл Оразбаева.

Иә, әркім көрпесіне қарай көсіледі. Қазіргі уақытта көпбалалы отбасылар үшін жәрмеңке мектепке дайындықтың жәрдемшісі болып тұр.

Мектепке дайындық: Қанша қаражат керек?

Талғамы бөлек, таңдауы басқа

Мектепке дайындық кезінде өзіміздің оқушы кезімізді еске аламыз. Рас, біз екі жыл сайын бір рет оқу формасын алатын едік. Ал спорттық киім алмайтын да едік. Қазір балалар жыл сайын жаңа киім киеді. Киімдері демде тарылып қалады. Тарылмаса да, ескіні немесе бауырынан қалған киімді «киемін» деп тұрған бала жоқ.

– Қазіргі балалардың таңдауы бөлек. Әр баланы   бөлек-бөлек ертіп апарып киіндіру қажет. Кейде киімдер сәйкес келмей қалып жатады. Есейген сайын керек-жарағы көбейеді. Тіпті телефон да керек. Мектепте бір-біріне еліктейді. Заманына қарайғы, қатарынан қалғысы келмейді. Ата-аналар соған орай әрекет жасайды. Көпбалалы отбасымыз, 6 баламыз бар, 4-уі мектепке барады. Мектепке дайындықты тамыз айынан бастадық. Бір қызға 100 мың теңге жұмсалды. Әлі түгел дайын емес. Мектептен алатын көмекке де құжат тапсырып қойдым. Мемлекет беріп жатқан мүмкіндікке рахмет айтамын. Ол да үлкен  көмек, – дейді Тасбөгет кентінің тұрғыны, көпбалалы ана Гауһар Ибрагимова.

Осы орайда, бұрын бір-бірімізден қалған киімді киіп жүретін едік деген ой келеді. Ал қазіргі балаларда ондай түсінік жоқ. Барлығы қатардан қалғысы келмейді. Одан бөлек, киім бір жылда тозып қалады. Сапасыз болғандықтан шығар. Баланы бағып-қағу, киіндіру әрбір ата-ананың міндеті. Сондықтан әр баланың қалауын орындап, шамасы келгенше мектепке дайындап жүр. Базарда баласын ерткен ананың бір ғана ниеті бар – қатардан қалмау. Қымбатшылықтың әсерінен қалтасындағы бар ақшаға бала алдындағы парызын орындаймын деп те жүр. Кейбірі несиеге алып жатыр. Амал жоқ…

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: