Дүйсенбі, 25 қараша, 02:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Мектептегі турникет: Бала қауіпсіздігі – басты назарда

27.08.2024

1052 0

Мектептегі қауіпсіздік қашанда басымдыққа ие. Бүгінде қала мектептерінің көбі қауіпсіздік құрылғылармен қамтамасыз етілген. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңашылдықтардың бірі – оқу орындарында турникет құрылғыларының орнатылуы. Бастапқыда ата-аналар мектепте турникет орнатуға күмәнмен қараса, уақыт өте келе пайдасын түсіне бастады. Осы жылдар ішінде ата-аналардың білім беру мекемесін таңдауда қауіпсіздік шаралары, оның ішінде білім ордаларында турникет болуы бірінші орынға шықты. Бұл құрылғылар келушілерді бақылап ғана қоймай, қауіпсіз білім беру ортасын құруға көмектеседі. Бұл құрылғылар ғимаратқа кіруді бақылауға көмектесе отырып, рұқсат етілмеген адамдардың кіруіне жол бермейді. Бұл оқушылар қауіпсіздігі үшін маңызды. Турникеттерде қауіпсіздіктің қосымша деңгейін қамтамасыз ететін бет-әлпетті тану немесе кіру картасы жүйелері жұмыс істейді. Сондай-ақ жан-жақты бақылау жүйесін жасау үшін бейнебақылау сияқты басқа қауіпсіздік жүйелеріне қосылады.

Әлемдік тәжірибе

Жаһандық турникет нарығы жыл сайын 3,4%-ға өсіп, 2025 жылға қарай 94 миллион долларға жетеді, бұл 2019 жылғы 83 миллион доллармен салыстырғанда әлдеқайда көп, – дейді «Market Insight Reports» зерттеу компания­сының сарапшылары. «Мedium» сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, сенсорсыз өту және инте­грацияланған шешімдер қазіргі уақытта бұл нарықтың негізгі драйвері. Мұны сараптамалық сауалнамаға қатысқан турникет өндірушілері растайды. Қытайлық турникет сарапшыларының мәлі­метіне сүйенсек, турникеттер қыз­меті үшке бөлінеді: қауіпсіздікті бақылау, рұқсатты басқару, деректерді тіркеу және статистика. Қауіпсіздікті бақылау – турникеттер адамдардың кіруі мен шығуын тиімді бақылайды, рұқсатсыз кіру­ді болдырмайды және жеке басын куәландыратын және рұқсаты бар заңды пайдалану­шылар ғана кіре алады. Рұқсатты басқару – турникет жүйелеріндегі жеке басын куәландыра­тын қатаң тексеру бірнеше адамның кіру картасын пайдалануына жол бермейді, бұл өту қауіпсіздігін арттырады. Деректерді тіркеу және статистика – турникеттер уақытты, бағытты және жеке басын тексеру әдістеріне қоса, пайдаланушының өтуі туралы ақпаратты жазады. Бұл деректер статистикалық талдау, есеп беру және шолу жасау үшін маңызды.

Мектеп қауіпсіздігіне талап күшейді

Жақында Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті болып қала беретінін айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік мектептердің 72 пайызы лицензиясы бар күзет агенттіктерімен келісім-шарт жасасқан.

– Өртке қарсы және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесінің, бейнебақылау жүйесінің, турникеттердің және лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөнін­дегі талаптар күшейтілді. Алғаш рет білім беру ұйымдарын қауіпсіздік жүйелерімен барынша жарақтандыру қамтамасыз етілді. Осыған орай жергілікті атқарушы органдардың 2024-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспарлары бекітілді. Мектептердің 87 пайызы ғана дабыл түймелерімен жабдықталған. Турникеттерді орнату мектептердің 62 пайызында жүргізіл­ді. Мектептердің 70 пайызы ішкі істер орган­дарының жедел басқару орталықтарына қосылған, – дейді министр.

Турникет түрлері мен ерекшеліктері

Мектептердегі турникеттер – белгілі бір нүкте арқылы адамдардың өтуін басқаратын құрылғылар. Әрқайсының өзіндік ерекшеліктері бар. «Novacom Technology» ЖШС 8 жылдан аса мекемелер мен мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Озық қауіпсіздікті қамтамасыз ету құрылғылары 2018 жылы «Алтын сапа» сыйлығын иеленген. Бүгінде Тараз қаласында орналасқан компания аймағы­мыздағы мектептерге 5 түрлі турникет түрлерін ұсынады. Әрбір турникетте өзіндік қауіпсіздік технологиясы бар. Турникет құрылғыларының ерекшелігі мен түрлерін «Novacom Technology» ЖШС  компаниясының программист маманы Аян Кенжебектен сұрадық.

– Компания турникеттердің бірнеше түрлерін ұсынады. Қақпа ретіндегі турникеттер қауіпсіздікті басқаруды қамта­масыз ететін қарапайым құ­рылғы, ол се­німділігі мен пайдаланудың қарапайымды­лығына байла­нысты мектеп­терде жиі қол­данылады. Әрбір турникет­­те өзін­дік қауіпсіздік технологиясы бар. Қақпалы турникеттер арнайы карта арқылы ашылатын технологиямен қамтылған. Сондай-ақ тұғырлы турникеттер бар, олар ықшам және шектеулі кеңістікте орнатылуы мүмкін. Турникетті таңдау мектеп қажеттіліктеріне сай болуы және оқушылар мен қызметкерлер үшін қауіп­сіздік пен ыңғайлылықты қамтамасыз етуі маңызды. Мәселен, тұғырлы турникеттер бала­бақшаларға жиі қойылады, бағасы жағы­нан да тиімді. Турникеттер мектепке кіруді бақылауға көмектесіп ғана қоймай, сонымен қатар әкімшілік жұмысын жеңілдете отырып, сабаққа қатысу жүйелерімен біріктіре алады. Олар рұқсатсыз кіруді немесе шығуды бол­дырмау арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Мектепке турникетті таңдаған кезде сыйымдылық, дизайн, төзімділік және басқа қауіпсіздік жүйелерімен біріктіру мүм­кіндігі сияқты факторларды ескеру қажет. Жалпы, турникеттер оқу мен даму үшін қауіпсіз және ұйымдасқан ортаны құруға көмектесетін заманауи мектеп инфрақұрылымының маңызды бөлігі, – дейді Аян Кенжебек.

Болашақ инновациясы

Бүгінде бұл құрылғылардың жүйесі тек ағылшын және орыс тілдерін қолданылуда. Компания алдағы уақытта құрылғыға қазақ тілін енгізу жобаны қолға алды.

– Біз қазақ тілінде «сөйлейтін» бірегей «Qazaq Language» атты бағдарлама жасадық. Яғни құрылғы келген адамның есімін атап қазақша сәлемдесіп қарсы алатын болады. Бұл бағдарлама біздің инновациялық жобамыздың нәтижесі және біз оны жүзеге асырып қана қоймай, жүйені жасанды интеллект арқылы жақсартуды жалғастырамыз. Сонымен қатар бізде «Qazaq bilim» атты смарт мектеп жүйесі бар. Бүгінде қосымша мен бағдарлама Қазақстан бойынша 20 мектепте орнатылған. Қосымша баланың ата-анасына асханадағы тағамның ақысын интернет арқылы төлеуге мүмкіндік береді. Оқушы төлем жасау үшін бетін камераға қойып, төлей алады. Сондай-ақ қолданба мәзірді көруге, теңгеріміңізді немесе тапсырыстар тарихын тексеруге арналған бөлімдерді ұсынады. Одан бөлек қосымшада тағы көптеген артықшылық бар, – дейді Аян Кенжебек.

 «СКУД» технологиясы деген не?

Мамандардың айтуынша, турни­кеттерде скуд технологиясы қол­данады, яғни құрылғы арнайы микросхемамен жабдықталады. Бұл технология арқылы оқушылар мен қызметкерлердің келіп-кетуін бақылап ғана қоймай, қай уақытта келгенін бағдарлама тарихына енгізіп отырады.

– «СКУД» – бұл адамдардың белгілі бір аймақтарға немесе ақ­параттық ресурстарға қолжетім­ділігін реттеуге бағытталған бағдар­ламалық жасақтама түрі. Яғни ғимаратқа кірген адамдарды анықтау үшін магниттік карталар, биометриялық деректер, PIN-кодтар қолданылады. Идентификациядан кейін жүйе қолданушының белгілі бір орынға кіруге құқығы бар-жоғын анықтайды. Жүйе барлық ақпаратты тіркеп, кіру журналын жасайды. Жүйе қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл технология мектептерде кеңінен пайдаланады. Оқушылар, мұғалімдер және қызметкерлер арнайы карталар арқылы мектепке кіреді. СКУД жүйесі оқушылардың мектепке келу мен қайту уақытын дер кезінде тіркеп, ата-аналар мен мектеп әкімшілігіне сабаққа қатысу туралы нақты ақпарат береді, – дейді маман.

«E-HUB» жобасы немесе балаңыздың мектептегі әрекетін білгіңіз келе ме?

«Транстелеком» АҚ тамыз кеңесінің көрмесі аясында мектептерге арналған «E-HUB» жобасымен таныстырып, мектептерде қолдануға ұсынуда.  «Транстелеком» АҚ корпоративтік тұтынушылармен жұмыс бөлімінің менеджері Рахымжан Бақытжанұлына хабарласып, жоба туралы сұрадық.

– «E-HUB» бұл – аппараттық-бағдар­ламалық кешен. Кешен болғандықтан бұл жобаға бірнеше жүйелер кіреді. Кіру және шығуды бекіту жүйесі, яғни, басқа жүйелерден артықшылығы ата-ана сол мезетте баласының мектепке келгенін және шыққанын мобильді қосымшадан хабарлама арқылы алады. «E-HUB» жобасын тұтынушылары еліміздің 6 өңірінде бар. «E-HUB» аппараттық-бағдар­ламалық кешеніне «Ekitaphana» – кітап­хана қызметін автоматтандыру және оқырмандардың алған кітаптарын бақы­лау, «FoodCard» – ақылы, тегін және жеңіл­детілген тағамдарды есепке алудың автоматтандырылған жүйесі, «КББЖ» – кіру/шығуды бекіту және ата-ананы хабарландыру, «Eportfolio» – мұғалімдерді аттестациялаудың автоматтандырылған жүйесі бар. «FoodCard» артықшылығы – ата-аналарға мәзірді бақылау мүмкіндігі, егер балада аллергия болған жағдайда, бұл ақпаратты мәзірде көрсету мүмкіндігі қарастырылған. «E-HUB» ата-ананың да, мектеп ұжымының да мүддесіне қызмет ететін, білім беру ортасын жақсартып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды кешен, – дейді «Транстелеком» АҚ корпоративтік клиенттермен жұмыс істеу бөлімінің менеджері Рахымжан Бақытжанұлы.

Турникеттер қауіпсіздік жүйесінің элементі ретінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Нәтижесінде білім беру ұйымының оқушылары мен қызметкерлер үшін қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастырады. Сайып келгенде, мектептегі қауіпсіздік техниканың ғана емес, мәдениеттің, білімнің және қоғамдық жауапкершіліктің мәселесі.

Мектептегі турникет: Бала қауіпсіздігі – басты назарда

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: