Конституцияның жаңа жобасының жариялануы – еліміздің саяси дамуындағы маңызды әрі жауапты кезең. Бұл құжат – тек заңгерлер мен саясаткерлердің талқылайтын мәтіні ғана емес, әрбір азаматтың болашағына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт-бағдар. Сондықтан оны кеңінен талқылап, жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдау бастамасы – демократиялық қағидаттарға сай, ашық әрі әділ қадам.
Жобадағы басты басымдықтардың бірі – халықтың мемлекет ісін басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейту. Өкілеттіктерді қайта бөлу, жауапкершілікті арттыру, саяси бәсекелестікті дамытуға бағытталған нормалар – елдегі демократиялық институттарды нығайтуға қызмет етеді. Мұндай өзгерістер биліктің ашықтығын арттырып, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді күшейтеді.
Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше назар аударылғаны қуантады. Конституция – ең алдымен азаматтың мүддесін қорғайтын құжат. Жаңа редакцияда құқықтық кепілдіктерді нақтылау, әділеттілік қағидаттарын бекіту, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы нормалардың күшеюі – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам.
Референдум өткізу бастамасының өзі – халық үніне құлақ асатын мемлекеттің белгісі. Конституция – бүкіл халықтың келісімінің көрінісі болуы тиіс. Сондықтан оны қабылдау үдерісіне әр азаматтың қатысуы аса маңызды. Бұл тек саяси шара емес, ел тағдырына ортақ жауапкершілікті сезінудің көрінісі.
Сайлаубай Әбішев,
облыстық «Ұрпақтан –Ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!