Сенбі, 08 қараша, 13:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№85 (2197)
08.11.2025
PDF мұрағаты

Мемлекеттік бағдарламаға иек артқан ақсуаттықтар

08.11.2025

47 0

Ақсуат ауылы – қалаға жақын орналасқан елді мекеннің бірі. Ең бастысы «көгілдір отынның» игілігін көріп отырған ауылда ауызсу, аяқсу, жол, жарық мәселесі шешімін тауып келеді. Жұмыссыздық мәселесі бұл ауылды айналып өткендей. 11 мың­нан астам халыққа құтты қоныс болған елді мекендегі эконо­микалық белсенді халық саны – 4346, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 548. Кәсіпкері көп ауылдың бірі болғандықтан болса керек, бюджет пен салық базасын кеңейтуде де белсенділік бар.

Мәселен, 9 айлық көрсеткіш бойынша бюджет  93,6%-ға орын­далып,  салық түсімі жоспар­дағыдан 133,2 %-ға артқан. Іргелі елді мекен инфрақұрылым игілігін де көріп отыр.

Инфрақұрылым игілігі

Соңғы жылдардағы деректерге сүйенсек, ауылдық округтің даму динамикасының өскенін байқаймыз. Әрине, кәсіпкерлік қанатын жайған жерде ауылдың әлеуеті халықтың  тұрмысы жақсарады.

Мәселен, осыдан екі жыл бұрын ауылдық округ  табиғи газбен толық қамтылып,  ел игілігіне пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны –  4 млрд 775 млн теңге.     Ауыл орталығындағы  3,1 шақырымдық 3 көшеге  жарық бағанасы орнатылып, 8 көшеге асфальт төселген. Ал мемлекеттік бағдарлама игілігі ауылға  жаңалық әкелді.  «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1,4 шақырымдық  1 көшеге жаяу жүргінші жолы салынып,  «Samruk – Kazyna Trust»  корпоративті қоры  ауыл орталығынан спорт кешенін, демеуші қаражаты есебінен  кіші футбол алаңын салып,  пайдалануға берді. №268 мектеп-лицейінің футбол алаңына газон төселіп, алаң сыртынан жүгіру жолағы жасалды.

Өткен жылы демеушілер қаржысымен ауылдық округтегі 23 көшеге  жоба-сметалық құжат  әзірленіп, 5 көшеге «Қызылорда жолдары» ЖШС жол төсесе, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2 көшеге «Орда Автодор» мекемесі  асфальт төседі. «Хан» ЖШС мекемесі 3 спорт ойын алаңын жөндеп,  «Стройинвест ГС-Қызылорда» ЖШС мен  «Хан» ЖШС 2 трена­жер құрылғысын орнатты. Аяқсу құрылғысының тозуына байланысты жеке кәсіпкер «Мусахмет» трансформатор  орнатып, ауылдағы аяқсу мәселесін шешті.

Ал биылғы жылдың ақжолтай жаңалығы  – ауылдағы А.Арысбаев, Орманбаев, О.Жакенов көшелері  жарықтандырылды. Сонымен қатар  қоғамдық көлік  қатынайтын П.Тлепбаев, А.Найзағараев, Б.Жүсіпбеков, Канал-2  көшелері жөнделуде.

– Жаңадан қоныстанушылар тұратын 32 көшеге электр желілері тартылуда. Әрі қарай электрмен қамтылмаған 22,5 шақырымдық желінің  мәселесі шешіледі.  Биыл округтегі  И.Дауылбаев, М.Бажиев, №3 В, №7 В, №8, №9 В, №15, Ж.Әубәкіров, К.Иманбердиева, А.Смайлов (№10), Е.Боранқұлов (№11), Ш.Атеев (№14) көшелерінің құрылысына «Орда Автодор» ЖШС-мен  келісім жасалып, жұмыс  қызу жүруде.  А.Абиев, Жаңа тұрмыс, Қырық байтақ, №10 В, Б.Алимов, Т.Қаратаев көшелері құрылысы  бойынша мердігер мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС-мен келісімшарт жасалды.  Қ.Үсенбаев, Б.Жонбаев, Байтен және Сарыкөл көшелері жаңғыртудан өтпек. Бұл мақсатта «Қызылорда жолдары» ЖШС-мен келісімшарт жасалды, – дейді ауыл әкімі Нұрболат Бақытов.

Мемлекеттік бағдарламаға иек артқан ақсуаттықтар

Бүкіл ел жұмылған «Таза Қазақстан» акциясына ақсуаттықтар да белсене атсалысуда.  Олар бұл бағытта туған жерін көркейту үшін  «Қызылорда тазалығы» мекемесімен бірлесе жұмыс атқаруда.

Ауыл әкімінің айтуынша, елді мекенде мал шаруашы­лығымен айналысатын тұрғындарға ауыл сыртынан жер телімі белгіленіп, құжаттары рәсімделіп,  қоршалуда.

Демеушілікке ден қойған                                         

Елдің көркеюіне атсалысатын  азаматтарға ауыл тұр­ғындарының алғысы шексіз. Ауылдық округтегі «Асыл ай» бөбекжай бақшасының, дәрігерлік амбулаторияның алдына демеушілікпен брусчатка төселсе, Тағзым алаңы мен орталық алаңның кіре берісіне арка салынды.         

Орталық алаңға сахна салуға бюджет есебінен құрылыс заттары алынса, демеушілердің қаржысымен құрылыс жүргізілді. Ауылды абаттандыру мен көгал­дандыруға да ауыл  кәсіпкерлері мен  ерікті азаматтар жұмыла жұмыс істеуде. Мәселен,  Н.Төребаев көшесі бойына  екі қатар 500 ағаш көшеті егіліп, қоршалса, биыл ауылдың шығыс жақ кіре берісі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойына 300 ағаш егіліп, қоршалды. Биылғы қала күні мерекесіне орай, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ибрагим Исаевты еске алу мақсатында «Есімің сенің мәңгілік» атты республикалық деңгейде мәдени іс-шара өткен болатын. Шара аясында ұйымдастырылған ауыл өнімдерінің жәрмеңкесі, көрме, ұлттық спорт түрінен сайыста да демеушілердің үлесі болды.

Мемлекеттік бағдарламаға иек артқан ақсуаттықтар

Байыпты бағдарлама жемісі

Батыр атын иемденген ауылда мемле­кеттік бағдарламаның пайдасын көріп кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар көп. Шынында, ақсуаттықтардың берекесі жеке кәсіппен кіріп, гүлденіп, өркен жаюда.  Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы қолдаудың арқасында 602 кәсіпкерлік нысан тіркелсе, 56-ы  шаруа қожалығы, 22-і ауыл шаруашылығы коперативі,  жеке мектеп,  жеке балабақша және  524-і жеке кәсіпкер. Ауыз толты­рып айтатын жаңалық, «Ауыл ама­наты» жобасы аясында 10 жоба  (темір бұйымдарын өндіру, массаж орталығы, омарта шаруашылығы, тігін цехын ашу, жылыжай, брус­чатка, кондитерлік өнім өндіру және автокөлік жөн­деу орталығы мен құс шаруа­шылығы және мобильді құрыл­ғы мен гаджетті жөндеу) қаржы­ландырылса, несие бойын­­ша сыйақы мөл­шерлемесін субсидиялау ар­қылы 1 жоба қолдау тапса, басқа да несие серіктестері арқылы 3 кәсіп­керге мал шаруашы­лығын дамытуға қолдау көрсетілді. «Бастау Бизнес» курсын 25 адам оқып, сертификатын алып, (400 АЕК) мемлекеттік қайтарымсыз грант бойын­­ша 31 жоба қолдау тапты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында  19 жоба ұсы­­нылып, шұлық шығаратын шағын цех, 3 жылыжай, 2 тігін цехы, темір бұйы­мын өндіру цехы, массаж орталығы, наубайхана, конди­терлік цех, автокөлік жөндеу орталығы ашылды. Асыл тұқымды мал, құс шаруашылығын өсіруге де жергілікті тұрғындарға қолдау көрсетуге мемлекеттік бағдарлама  көмек­тесуде.  Енді ауыл тұрғындары мобильді құрылғы мен гаджетті жөндеу үшін қалаға сабылмай, ауылда  ашылған арнайы орталық мамандарының қызметін пайдалана алады.

Мемлекеттік бағдарламаға иек артқан ақсуаттықтар

Өзіміздің өнімге сұраныс жоғары

Жеке кәсіпкер Сәрсенкүл Аралбаеваның шұлық өндірісін бастау мақсатындағы жобасы  жеңілдетілген 2,5 пайызды құрайтын «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында  1 станок, өз қаражаты есебінен тағы да 1 станок сатып алып, жұмысын  бастады. Араға жыл салып «Қызылорда өңірлік микроқаржылық ұйымы» арқылы тағы да қосымша несие алып, үш станок алып, кәсібін кеңейткен.

– Шұлық негізі өтімді бұйым ғой.  Әсіресе ауылдағылардан сұраныс көп. Себебі жылы, бағасы тиімді. Кәсіппен айналысқан жақсы. Ауылымызды көркейтуге де үлес қосып жатырмыз. Ынта болса, екі қолға бір күрек табылады. Істің көзін тапқанға мемлекет жәрдем беріп жатыр. Пайызы төмен несие алып, кәсіпті өрістетіп жатырмын. Қаладағы «Сұлтан» сауда үйі жанынан дүңгіршек ашып, шұлық өнімін 150-400 теңге аралығында  сатып жатырмын.  Қазір күн салқындады. Саудасы жүретін мезгіл. Бүгінде 7  адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Өңірде кәсіпкерліктің дамуына теңізге тамған тамшыдай үлес қоссақ та таза еңбектің нәтижесі. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген ғой. Отбасым берекелі кәсіптің жемісін көріп отыр, – дейді кәсіп иесі.

Мемлекеттік бағдарламаға иек артқан ақсуаттықтар

Шынында, бейнетсіз рахат жоқ. Мемлекет талаптанған адамға түрлі бағдарламамен төмен пайызда несие беріп жатыр. Осындай қолдаудың игілігін көріп отырған жанның бірі – Ақсуат тұрғыны Нұрғазы Сүлейменов.

– 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 300  шаршы метр аумаққа  жылыжай салып, 2024 жылы  «Қызылорда өңірлік микроқаржылық ұйымы» арқылы тағы да қосымша 6 пайызбен  жеңілдетілген несие алып, жылыжайын 1500 шаршы метрге кеңейтіп, қазіргі таңда  ауыл, қала тұрғындарына қияр өнімін тиімді бағада сатып жатырмын. Жобаның  есік алдындағы шағын жылыжай кешенін дамытуға сеп болғанына қуаныштымын. Ең бастысы, ақсуаттықтар қысы-жазы көкөністен кенде болмайды. Бағасы да нарықтан төмен. Мемлекеттік бағдарламаның көмегі зор. Ұқыптап жұмсай білсең, пайдаға кенелесің, кәсібіңді кеңейтесің. Сырттан келген өнімнің сапасы төмен, әрі қымбат болады. Қанша дегенмен жергілікті өнімге сұраныс та жоғары, – дейді жылыжай өсіруші кәсіпкер.

Ал ауыл әкімі Нұрболат Бақытов жергілікті кәсіпкер­лердің ісі көпке үлгі екенін айтады.

– Берекесі мен бірлігі жарасқан ауылда ынтымақ бар. Біз үнемі ауыл ақсақалдарымен елдің өзекті мәселесін бірге талқылап, оң шешімін табамыз. Алақандай ауылда аз қамтылған отбасы көп емес. Десе де оларға көмек қолын созу – адамгершіліктің белгісі. Оның үстіне, үйге газ кіргізуге жағдайы келе қоймайтын отбасылар бар. Өткен жылы осындай  аз қамтылған 3 отбасына,  биыл тағы 3 отбасына демеушілер тарапынан газ желісі тартылды.  Әлеуметтік аз қамтылған 61 отбасына  атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, 50 отбасына азық-түлік жеткізілді. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасындағы мыңнан астам оқушылар ыстық тамақпен қамтылып отыр.  2024-2025 оқу жылында  мектеп бітіруші 128 оқушының 127-і ҰБТ-ға қатысса,  11-і алтын белгіге қол жеткізіп, 85 оқушы грант иегері атанды. Ал 17-і үздік аттестат алды. 2 мемлекеттік және 5 жеке балабақшаларда  барлығы 595 бала тәрбиеленуде, – дейді ауыл әкімі.

Ауылдық округте танымдық кештер, мәде­ни іс-шаралар жиі өткізіледі.  150 орындық мәде­ниет үйі жанынан құрылған «Дәстүрлі дом­быра», «Жас дарын», «Балдәурен», «Бұлбұл» ән, хор үйірмесінде 109 бала  талантын шыңдап, халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға қатысып, бақ сынап, жүлдемен оралуда. Осы ғимаратта орналасқан №8 кітапхананың қорында  17388 кітап бар. Ауыл тұрғындарына жаңа кітаптар таныс­тырылып, оқырмандармен кездесу ұйым­дастырылады. Ауылдағы  дәрігер­лік амбулатория тұрғындардың ден­саулығын жіті бақылап отырады. Мұнда 9 төсектік күндізгі стационар, зертхана, ЭКГ, егу, емшара, әйелдерге кеңес беру бөлмесі бар.  Жедел жәр­дем көлігімен қамтамасыз етілген. Жергілікті тұр­ғындарға №2, 12 ба­ғыт­тағы үлкен сыйымдылықтағы қоғамдық авто­көліктер сапалы қыз­мет көрсетіп келеді.

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деген жыр жолдарындағы­дай Жақыпбек Маханбетов ауылы жылдан-жылға көркейіп, гүлде­ніп келеді. Оң өзгерістің көпші­лігі мемлекеттік бағдарламаның игілігімен жүзеге асуда.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: