Сейсенбі, 03 ақпан, 01:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№9 (2221)
03.02.2026
PDF мұрағаты

Мемлекеттің ғана емес, бүкіл халықтың ортақ құжаты

03.02.2026

44 0

Қазақстанның жаңа Конс­ти­туциясының жобасы ресми түрде жарияланды. Бұл – елі­міздің саяси-құқықтық жүйе­сін түбегейлі жаңғыртуға ба­­ғыт­тал­ған ауқымды әрі жауапты қадам.

Конституцияның жаңа нұс­­қасының басты ерекшелігі адам­ға бағдарланған мемлекет қағидатының айқын бекітілуі. Алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекет­тің не­гізгі басымдығы ретінде Преамбулада көрсетілді. Әді­леттілік, Заң мен Тәртіп, таби­ғатқа ұқыпты қарау, цифрлық ортадағы құқықтарды қор­ғау сияқты қағидаттар Консти­туция деңгейінде бекітуге ұсынылып отыр.

«Біз, біртұтас Қазақстан хал­қы, байырғы қазақ жерін­де мемлекеттілікті нығай­та отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық та­ри­хының са­бақ­тастығын сақ­тап, мем­ле­кеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағы­ның тұтастығына қол сұғу­ға болмайтынын нақты­лап, Әділетті Қазақстан идея­­сын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, азамат­тардың құқықтары мен бостан­дықтары мүлтіксіз сақта­ла­тынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қа­ғи­­даттарына сүйеніп, мәде­ниет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағ­дарға алып, табиғатты ая­лау қажеттігін мойындап, бей­бітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоға­ры жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республика­сының Ата Заңын – осы Консти­туцияны қабылдаймыз», – деп басталатын Жаңа Ата Заң жобасындағы бастапқы мәтін­нен преамбулаға «Ұлы Дала» ұғымы енгізіліп, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» және «Құқық пен тәртіп» ұғымдары да нақтыланғанын байқауға болады.

Сондай-ақ білім мен ғылым, мәдениет пен инно­вация мем­лекеттің страте­гиялық болашағын айқын­дайтын басты құндылықтар ретінде белгі­ле­ніп, Қазақстан дамуының табиғи байлықтарға емес, адами капиталға негіз­делетінін аңғартатын маңыз­ды бетбұрыс ретінде көрініс табуда.

Жобада бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құру, Халық Кеңесін қалыптас­тыру, Вице-Президент инсти­тутын енгізу, адвокатура мен зияткерлік меншікке консти­туциялық кепілдік беру, аза­­маттардың құқықтарын қор­ғауды күшейту сынды бірқатар маңызды жаңалық­тар бар. Қазіргі таңда Конституция жобасы бойын­ша ұсыныстар e-Otinish және eGov порталдары арқылы қабылданып жатыр. Ал жаңа Ата Заңның тағдыры еліміздің азаматтарының дауыс беруі­мен жалпыұлттық рефе­рен­думда шешіледі.

Конституция – ішкі рег­ла­мент те, ведомстволық құжат та емес. Ол – мемлекет пен қоғам арасындағы не­гізгі қоғамдық келісім. Сон­дықтан оны талқы­лау үдерісі қаншалықты ашық әрі айқын болса, қабылданатын шешім­дердің де тұрақтылығы сон­шалықты жоғары болады.

Референдумда қабылдауға ұсынылатын Жаңа Ата заң жоба­сы – мемлекеттің ғана емес, бүкіл халықтың ортақ құжаты. Осы өзгерістер әрбір азаматтың ел болашағына тікелей ықпал етуіне берілген тарихи мүмкіндік.

Руслан Рүстемов,

Парламент Сенатының депутаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: