Корея Республикасы Тэджон қаласы Юсонгу ауданы әкімі Чон Ен Рэ бастаған делегация Қызылорда облысына іссапармен келді. Делегация Корея елінің халық қаһарманы Хон Бом Доның мемориалдық кешенінде болып, Корей елі батырларының құрметіне гүл шоқтарын қойды.
Айта кету керек, өткен жылы Корея Республикасы Тэджон қаласының әкімшілігі және Қызылорда облысының әкімдігі өзара ынтымақтастықты дамыту және екіжақты алмасуларды жалғастыру мақсатында бауырластық қатынастар орнатқан.
Өткен жылы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Корея Республикасы Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырза өңірлер арасындағы байланысты өркендету үшін бауырластық қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойған еді.
Осы Меморандум аясында қала әкімі Нұржан Ахатов Тэджон қаласы Юсонгу ауданы әкімі Чон Ен Рэ мырзамен кездесті. Кездесуде Корея Республикасы мен Қызылорда облысы арасындағы жан-жақты байланысты, әр саладағы озық көрсеткіштерді сөз етті. Сондай-ақ инвестиция, туризм, ауыл шараушылығы және көгалдандыру бағытындағы даму көрсеткіштері жөнінде айтылды.
Шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы меморандумда көзделген бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Айта кету керек, Қызылорда облысы мен Кореяның ең ірі қалаларының бірі және ғылыми-технологиялық астанасы – Тэджон қаласын тарихи байланыс біріктіреді. 2021 жылдың тамыз айында Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан осы Тэджон қаласының Ұлттық зиратына жерленген. Сондай-ақ меморандумда сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастықты дамыту көзделген.
А.СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!