Сенбі, 08 қараша, 13:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№85 (2197)
08.11.2025
PDF мұрағаты

Мен, бірақ, жыр түнеген ауылданмын…

08.11.2025

45 0

Смайлов Жақсылық Дайрабайұлы Қызылорда обылысы Қармақшы ауданы Тұрмағанбет ауылында (бұрынғы Ленин совхозы) 1948 жылы 9 қарашада дүниеге келген. 1964 жылы Ленин совхозындағы № 29 Ворошилов атындағы мектептің 8 класын бітіріп, сол жылы Шымкент қаласындағы кооператив техникумының «Бухгалтерлік есеп» бөліміне оқуға түскен. 1967 жылы оқу бітіріп, еңбек жолын  туған жерінде жұмысшылар кооперациясында есепші болудан бастаған. 1971 жылы (бұрынғы Жаңақала совхозы) қазіргі Көмекбаев ауылына қоныс аударып, мамандығы бойынша қызмет істейді. 1979 жылы  Қызылорда қаласына қоныс аударып, бұдан кейінгі жылдары түрлі салаларда мамандығы бойынша қызмет атқарып, 2012 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. 2025 жылдың 2 шілдесінде дүниеден озды.

Жақсылық Дайрабайұлы мамандығы есепші болғанмен, жазуға жаны құмар жан болған екен.  Тұрмағанбет ауылы туралы ел ішінде «Бұл ауылдың кез келген баласын тоқтатсаң жырлап қоя береді» деген сөз бар. Өлең жазуға деген құштарлық автордың өзі айтқандай жыр түнеген ауылдың қасиеті болса керек. Бақиға аттанған әкенің артында қалған өлеңдерін балалары редакцияға жолдаған екен. Әкені сағынған балаларының өтінішімен Жақсылық Дайрабайұлының өлеңін өзгертпестен оқырманға ұсындық.

Жазсам деп жүрдім ұзақ көп ойланып,

Көзімді жеткізе алмай бұған анық.

Ел жақты көп ойлаймын содан болар,

Кетемін кейде өзімше шабыттанып.

Қолға алдым тәуекел деп көп ұзамай,

Өзімді еркін ұстап бұрынғыдай.

Кеңестім Прозаммен ойымды айтып,

Дегендей сұрақ қойып, мұным қалай.

Осылай басталып ед алғаш қадам,

Өлеңнің өлкесіне ұстап қалам.

Қол жүрмей бүгежектеп тер де шықты,

Ойымды жинай алмай шашыраған.

Ұзамай шықтым шыдап қиындықтан,

Өзенге кез болғандай ағып жатқан.

Құштарлық арта түсті еселеніп,

Тарихын жазған сайын тұнып жатқан.

 Осылай тәуекел деп жасап қадам,

Ұстаған Жақсылық ем қолға қалам.

Арнау-жыр жаздым өрем жеткенінше,

Құрсаудан шығайын деп ой қамаған.

Елу жыл жүріп есеп саласында,

Келмепті өлең жазу ойыма да.

Мен, бірақ, жыр түнеген ауылданмын,

Туыстық қатысым бар Базарға да.

Алты жүз жиырма шумақ жаздым өлең,

Құрметім болсын оймен елге деген.

Айтылар мен туралы түрлі пікір,

Табылып қалар мүмкін, өкпелеген.

Жыр көші үзілмейді, сірә, тоқтап,

Ел-халық аман тұрса қалпын сақтап.

Ауылдан шығып жатыр таланттар,

Қырда өскен көктемдегі гүлдей қаптап.

Осылай қостым жырға ел тарихын,

Жылдарды өткізгенін бастан қиын.

Баспасөз беттерінде қалам тартып,

Жазғандар болғаны анық маған дейін.

Тартуым осы болып тойға деген,

Сырымды сыйға тарттым ойда жүрген.

Алпыс жас құтты болсын, туған елім!

Қабыл ал,  арнауды  шын көңіліңмен.

Жасымнан естіп өстім жер-су атын,

Қайтып ел Қарақұмнан мал қыстайтын.

Біздің үй болды іргелес Шаханаймен,

Тамы деп Дайрабайдың аталатын.

Ол  мекен Көздіқара деген жер ед,

Тұрақты Метеостанция тұрған істеп.

Электр жарығын да көрдім сонда,

Жарқырап жанып тұрған алғаш рет.

Үй жақтан қарайтын ем түнде шығып,

Жарықты алыстағы қызық көріп.

Қорада ұстап әкем ат пен түйе,

Жүретін қызметке кезек мініп.

Баратын «отчетқа» ол айына бір,

Өткізіп түнді ұйқысыз қыста небір.

Колхозға жету үшін түйе мініп,

Шығатын қас қарая түскенде іңір.

Мектепке келдім алғаш сегіз жаста,

Қоштасып балалықпен осы жақта.

Өсірген тәрбиелеп әжем еді,

Өткізген бар өмірін тау «Қарақта».

Шешемнің аты Айнакүл, Кете рудан,

Туған екен Түпбөгетте, жылы қоян.

Келтіріп он бір бала дүниеге,

Атанып «Батыр Ана», жұлдыз таққан.

Әкемді жаздым атап кіріспеде,

Туғанын Жаңақала тұрған жерде.

Қаласқан алғашқының бірі болып,

Ауылдар колхоз болып бірігерде.

Қазір мен он баланың үлкенімін,

Көтеріп ағалықтың жүрген жүгін.

Жетпістің алтауында биыл, міне,

Отырмын әлі ұшырып көңіл құсын.

Өтіпті алпыс жылдай содан бері,

Класстас қызды сүйіп үйленгелі.

Анасы балдарымның Проза ол,

Теңі жоқ, ең сұлу қыз әлемдегі.

Екі қыз, екі ұлым бар Құдай берген,

Бақытты өмірі бар, бәрі үйленген.

Үлкен ұл Бексұлтаным енші алған,

Өзінше бір шаңырақ, бөлек менен.

Баланың үлкені қыз Ғазиза еді,

Қасында құдай қосқан Батырбегі.

Баласы Руслан теміржолшы,

Батыр ел Қуат найман шыққан тегі.

Отыз үш жылдан асты бір салада,

Мұнайшы Бексұлтаным «Петрода».

Көрсетіп табандылық қызметте,

Есесін жібермей жүр қытайларға.

Айгүлім екінші қыз қожа елінде,

Күйеуі баламыздай Алмас бізге.

Бес бала тәрбиелеп отыр олар,

Екеуі оқып жатыр «Универде».

Қолдағы ұл теміржолда жолсерігі,

Жасынан көрді аралап талай жерді.

Әлі мен бала көрем Жасұланды,

Әкесін төрт баланың елудегі.

Айткүл мен Нұргүл менің келіндерім,

Мақсаты бақытты ету келген жерін.

Оқыған екеуі де бухгалтерлер,

Кәсіпке жұмсап жүрген білімдерін.

Барлығы он үш жиен, немерем бар,

Тұратын ата-әже деп, алып хабар.

Сонша жыл өмір сүріп Прозамен,

Жинаған бар байлығым, міне, осылар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: