Сенбі, 18 қазан, 13:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79, 2191
18.10.2025
PDF мұрағаты

«Мен сүйетін бір қала бар…»

18.10.2025

45 0

Қызылорда  – талай ақын мен сазгерге шабыт берген қасиетті өлке. Сырдың сұлу табиғаты мен жомарт мінезін әнге қосып, халық жүрегіне жеткізген туындылар аз емес. Бұл – туған жерге деген сағыныш­тың, сұлу Сырға деген шексіз махаббат­тың көрінісі. Биыл Қызыл­орданың астана болғанына жүз жыл толып отыр. Сан ғасырлық тарихында бұл өңірді жырлаған, Сыр сұлулығын өлеңмен өрнектеген ақындар аз болған жоқ. Уақыт өткен сайын талғам өзгерсе де, Қызылорда туралы әндер тыңдарман жүрегінен ешқашан өшкен емес. Себебі бұл әндер жүректен-жүрекке жеткен шынайы туындылар.

Осы орайда, Қызылорда туралы есті әндерге шолу жасадық.

Уақытында тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген туындылардың бірі – «Қызылорда вальсі». Бұл ән­нің әуені естілсе болғаны, Қызыл­орданың әр тұрғынының жүрегін мақтаныш сезімі кер­нейді. Тіп­ті бұл ән Сырдың бей­ресми гимніне айналған екен. Еңкей­ген қарттан еңбектеген балаға дейін әннің әсем әуезін жатқа біледі. Туған жер жайлы сыр шерткен ақынның бірі – Махмұтбай Әміреев. Ақынның есімі аталса, елдің есіне алдымен «Қызылорда вальсі» түседі. Қанша уақыт өтсе де, бұл есті ән әлі де ұмы­тылған емес.

«Баулары жайқалған қызыл алма,

Бақтары жайқалған қызыл ол да…»

деген жолдармен басталатын ән жолдары Қызылордаға деген мақтаныш сезімін оятады. Бұл әнді естігенде алыстағы ауыл баласы да қиялына ерік беріп, дария жағасындағы көрікті қаланы елестетіп, бір сәт тұң­ғиыққа батады. Әннің құдіретін айтсаңызшы. Туған жерге деген махаббатты оятып, әнге жан бітіреді. Барша жұртты тамсандырып жүрген бұл ән көрікті қаланы көруге ынтықтырып, өзіне ғашық еткен екен.

Бұл әннің тарихы бір дәуірдің куәсі дерсіз. Ақынның естелігінен білгеніміздей, бұл өлең студент кезінде жазылған екен.

– 1962 жылдың күзі еді. Қызылорда пединституты­ның қазақ тілі мен әдебиеті және ән факультетінің үшінші курсында оқимын. Сол кездері күріш орағында көмекте болып келген студенттерге төрт-бес күн демалыс берген кезі еді. Ескі базар маңында ауылға кететін автобусты күтіп тұр едім. Ұстазым, сазгер Тәңірберген Қалауовпен кездесіп ұалдым. Сол жерде ол жаңа жазған әуенін айтып, сөзін маған жазуға ниетін білдірді. Әннің атын әзірге «Қызылорда жастарының жыры» деп қойыпты, – деп жазады ақын.

Осылайша, дария жағасындағы қала туралы әннің алғашқы жолдары жол үстінде туған. Жас ақын ауылға кетіп бара жатып, Қызылорданың көрінісін ой-елегінен өткізіп, өлеңнің әр жолын іштей жазып отырады.

– Көз алдыма қала бейнесі келеді. Бір-біріне жап­сарлас салынған жатаған үйлер. Жеке қоралар. Асфальт­сыз тар көшелер. Шымбай, Шанхай деп атала­тын жақтары өзіміздің ауыл кейпіндегі көрініс. Тіпті бірлі-жарым екі қабатты үйлер орталық көшелерде ғана бар. Қырық сегіз пәтерлі дейтін төрт қабатты үйлер қала сыртында енді бой көтеріп жатыр. Енді бау, бақтарды, көше бойларындағы тал-теректерді еске түсіремін. Осы­лардан сұлулық іздеймін. Көше бойларында түзу, жиі өскен теректерді ақ қайыңдарға балаймын, – дейді ол.

Сөйтіп, Қызылордаға деген махаббат пен дарияның үндестігінен алғашқы шумақ өмірге келді:

«Шалқыған шаттық әні бақтарында,

Бөленген көшелері ақ қайыңға.

Дарияның жағасында бір қала бар,

Айналған Сыр елінің мақтанына…»

Ол кезде Қызылордада ірі зауыт, зәулім ғимарат көп емес еді. Тіпті жоқ деуге болады.  Бірақ жас ақын үшін қала қашанда сұлу кейіпте еді. Міне, осылайша, «Қызылорда вальсі» дүниеге келді. Әуелі бұл әнді жас әнші Зина Рысбаева орындады. Бірақ әнді жұртшылық жылы қабылдай қоймады. Ал 1963 жылдың жазында, облыстық көркемөнерпаздар байқауында талантты әнші Сәбит Жаңабаевтың орындауында шырқалған сәтте  халық дүр сілкінеді. Зал дүркірете қол соғып, әнді үш мәрте айтқызды. Сол сәт – «Қызылорда вальсінің» жұлдызы жарқыраған сәті еді. Кейін бұл ән «Лениншіл жас» газетінде жарияланып, республикаға кеңінен тарап, Сырдың әнұранына айналды. Жылдар өтті, заман өзгерді, қала да түрленді. Бірақ қай уақытта, қай жерде айтылса да, «Қызылорда вальсінің» әуені ел жүрегінде жаңғырып тұрады. Қазір өлең жолдарында өрілгендей, ақын көзіне елестеткендей дария жағасы келбеті келіскен әсем ғимараттарға толы. Яғни, ақын қиялы шындыққа айналды.

 Тағы бір туған жер тақырыбы арқау болған ән белгілі ақын-композитор Елена Әбдіхалықованың «Сыр елім» атты туындысы.

«Сыр елім менің,

Жыр елім менің,

Түлеткен тұлпар,

Түбегім менің»,

деген жолдар перзенттік сүйіспеншіліктің, туған жерге деген сағыныштың үні іспетті. Бұл әнде тек әуен ғана емес, тұтас Сыр өңірінің рухы мен тектілігі жатыр. Шынында да, тұлпарды да, тұлғаны да түлеткен мекен – Сыр елі.

Сондай-ақ ақын Сейтмұрат Ембергеновтің сөзіне жазылған, композитор Рамазан Таймановтың «Қызыл­орда – туған жерім» атты әні де халықтың сүйіс­пеншілігіне бөленген әндердің бірі. Әнші Мәдина Сәдуақасованың орындауында бұл ән тіпті бөлек.

Туған өлкеге арналған тағы бір әсем туынды –Төреғали Төреәлінің «Сыр елім» әні.

«Алтын бесік деп білемін,

Тектілік тұнған түбегім.

Жыр-әннің елі, Тұранның төрі,

Жасай бер, жайна, – Сыр елі!» деп басталатын өлең жолдары қандай керемет десеңші. Иә, Сыр елі – тектілік тұнған, ізгілікке толы мекен. Тіпті, туған жерге деген махаббатты бір өлеңге сыйдыра алмасымыз сөзсіз.

Соңғы жылдары жарық көрген жаңа туындылар да тыңдарман ықыласына бөленіп жүр. Солардың бірі – ақын Елжас Әбділдә мен композитор Жарасхан Төлебайдың «Біздің Қызылорда» атты әні. Бұл ән  қысқа уақытта-ақ жүректен-жүрекке жетті.

«Тау жоқ десең даласында,

Тау мінез бар баласында.

Мен сүйетін бір қала бар,

Сырдария жағасында…» –

деп басталатын бұл өлең жолдары Қызылорданың көркем келбетін ғана емес, ел мінезін де айшықтайды.

Ал бүгінгі таңда Қызылорда туралы заманауи бағыттағы әндер де көптеп жазылуда. Солардың бірі – жастар арасында кеңінен танылған хип-хоп жанрындағы «Стиль таза Қызылорда» әні. Әлеуметтік желілерде 8 миллионнан астам қаралым жинап, TikTok пен Instagramның хитіне айналды.

«Біз жақта тау жоқ,

Бірақ тау қопаратын браттар бар.

Біз жақта тал жоқ,

Бірақ тал шыбықтай қыздар бар», – деген өлең жолдары жастардың аймаққа деген мақтаныш сезімін оятты.

– Бұл ән арқылы Қызылорданы көпшілік жаңа қырынан таныды. Бұрын «Қызылорда қандай қала?» деп сұрайтындар көп еді. Қазір, керісінше, қызыға қарайтын болды. Бұл туынды біздің өңірдің брендіне айналды, – дейді тыңдарман Әйгерім Отарбай.

Әнде Қызылорданың әр ауданы ерекше мақтаныш­пен сипатталады.

«Менің стилім Аққұм, стилім Жосалы,

Байқоңырдан ғарышқа қойдық жол салып.

Менің стилім Төретам, стилім таза бастама,

Стилім Қармақшы, стилім алғашқы астана»

– Бұл өлеңде тек Қызылорда ғана емес,  аудан­дарда ерекше  мақтанышпен айтылған. Осы өлең арқылы аудандарды таныдық. Жастар жатқа білетін ән, – дейді Аймереке Ахатова.

Иә, заман өзгереді, әуен түрленеді. Бірақ туған жерге деген сүйіспеншілік ешқашан өзгермейді. Ән болып шырқала бер, Қызылорда!

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: