Сейсенбі, 13 қаңтар, 04:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3 (2215)
13.01.2026
PDF мұрағаты

Менің өмірім біреуге үміт сыйлар…

13.01.2026

48 0

Өткен жыл соңында облыстық психологиялық қолдау орталығы психологтардың кәсіби мерекесіне орай жасөспірімдер мен колледж студенттері арасында эссе байқауын өткізді. Байқау шарты бойынша қатысушылар психолог туралы шағын эссе жазу керек. Қазылар алқасының құрамында болып, эсселерді оқыдым. Алақандай эсселерді тез-тез оқып шығармыз деп ойлағам. Жо-жоқ, әр эссені жайбарақат оқу мүмкін емес екен. Ата-анасы екі жаққа кеткенде жаутаңдап қалған баланың жан дүниесіндегі төңкеріс, анасынан ерте айырылған жеткіншектің айналадан жылу іздеуі… Тіпті ата-анасы жанында болса да, отбасынан ала алмаған жылуды сырттан іздеген жасөспірімнің жүрек түкпіріндегі сырын психологпен бөлісе алуы… Бір сөзбен айтқанда, алақандай ғана эсселерде түрлі тағдыр, түрлі өмір бар. Байқауға түскен 300-ге жуық эссе еңбегі  елене бермейтін психолог мамандығының қадірін, қоғамға ізгілік дәнін себу үшін тер төгіп жүрген маман иелерінің өлшеусіз еңбегінің бағасын берді десем артық айтқандық емес. Бұл жай ғана эссе жазу емес, психологтардың мәртебесін көтерген, олардың еңбегін бағалаған байқау болды. Байқауға түскен эсселердің арасынан үздіктерін газетке жариялағанды жөн көрдік. Бүгін оқырманға ұсынып отырған эссе авторы 6 сыныпта оқитынын  білгенде таңқалдық. Оны өмір ерте есейткені байқалады. Эссе авторы мына әлемді сақтап тұрған мейірім екенін көпке тағы бір ұғындырғандай болды. Айта кетелік, эссе авторын жарияламадық. 

(Редакциядан )

Эссе байқауы туралы есті­генде таңертең ұстазым айтқан байқау екені есіме түсті. Жазайын ба, жазбайын ба деп ұзақ ойлан­дым. Жазсам, барлық жағдайымды басынан баяндап, өміріме қалай әсер еткенін айтуым керек. Жазбай қойсам, ешкім білмейді, ешкім сұрамайды. Жай ғана үнсіз қаламын. Осындай ойлар арасында бір дауыс: «Сені тыңдаған, түсінген адамды, көмек берген адам туралы неге айтпасқа?» дей берді. Бірақ іштей қорқыныш… Басқалар түсінбейді деген қорқыныш… Бірақ бұл эссе бағалау үшін ғана емес шығар…. Бұл алғыс айту, өзіңді қолдаған жанға рахмет айту мүмкіндігі шығар деген ой тағы келді. Мүмкін, менің өмірім біреуге үміт сыйлар деген оймен жазуды жөн көрдім. 

Менің есімім Кәусар. Менің өмірімде көптеген қиындықтар болды. Бірақ менің жан дүниемді түсінетін адам бар. Ол менің нағашы апам еді. Ол мені әрдайым қолдап, мені түсінуге тырысатын.

Менің анам ерте қайтыс болды, бұл мен үшін өте ауыр соққы болды. Ол ауырып жатқанда мені жақсы көріп, құшақтап, қатты-қатты иіскеп алатын. Онымен бірге болған күндерді сағынамын. Анасыз өскенім мені кейде жалғыздық сезіміне душар ететін. Әкемнің ішкілікке жақын болуы да мені уайымдатады. Маған өз әжем қарайды. Бірақ ол кісі қартайған соң, «енді менің шамам жоқ, өзің тәрбиеле» деп, нағашы апама берді.

Нағашы апам Айнұр мені әрдайым қолдайды. Ол мені тыңдайды, қасына алып жатады. Қайғы-қасіретімді бөліседі, жан дүниемді түсінеді. Оның мейірімі мен жылы сөзі мені қуантады. Оның қызы жоқ. Тек ұлдары ғана бар. Ол мені әрдайым демеп, менің күшті жақтарымды көрсетуге көмектеседі. Әдемі киімдер алып береді.

Мені ең алғаш  басқа мектепке әкелген кезі болатын. Мені көрші ауылдағы мектептен нағашы апам  өз ауылындағы жаңа мектепке алып келді. Мен ол кезде 2-сыныпта оқитынмын.  Жаңа мектепке екінші тоқсанда келгенім есімде. Сынып жетекшім Гүлмира апай екен. Өзінің аты-жөнін таныстырды. Мен есіктің аузында сыныпқа кірмейтінімді нағашы апама айттым. Өйткені менің бұрынғы мектебімде достарым бар болатын. Директор Жанна апай да  қасымызда болды. Сонда менің көңіл күйімді түсірмеген Гүлмира апайыма әлі риза боламын. «Егер сыныпқа кіруге дайын болмасаң, онда жеке бөлмеге барып сөйлессем бола ма?» – деді. Мен басымды изедім. Гүлмира апай бір кабинетке әкелді, басқа апайларға «Кәусармен жеке сөйлессем бола ма?» деп, рұқсат сұрады. Олар келісті. Бөлмеде апай  екеуміз ғана қалдық. Менің сыныбым жайлы, достарымның аттарын сұрады. Бұрынғы сынып жетекшіммен сөйлесетінін айтты. «Кәусар,  папаңның  телефон нөмірін берсең, онымен сөйлесейін» деді. Мен ішімнен өзімді ересек адамдарша сезіне бастадым. Жалма-жан  папамның телефон нөмірін жатқа айт­тым. Сол жерде папама қоңырау шалып еді, алмады. «Қолы бос емес» шығар деді. «Ол жұмыста», – дедім.  «Сен жаңа достарыңмен танысқың келе ме?» деп сұрады. Мен басымды изедім. «Онда жеке-жеке келіп таныстырайын, жарай ма?» – деді. Мен өзімді үлкендерше ұстай бастадым. Бөлмеге Айсұлу, Нұрайым, Адина, Гүлназ, Нұрсұлтан, Бақдаулет және бөлем Жалғас келіп танысты. Кәусар деп жеке-жеке танысқаным өзіме ұнай бастады. Гүлмира апай маған «осы жаңа достарыңмен сыныпқа барғың келе ме?» деп сұрады. Мен басымды изедім. «Балалар, біздің сыныпқа Кәусар деген жаңа достарыңды қабылдай аласыңдар ма?» деп сұрады. Бәрі «иә» деп шу ете қалды. Мен оларға ілескенімді білмей, сынып бөлмесіне кірдім. Гүлмира апай «Жалғастың қасына отыра ғой», – деді. Мен қуанып кеттім.

Ең қызығы сол, менің сынып жетекшім Гүлмира апай  мектептің психологы болып жұмыс істейді екен. Менің жан дүниемнің тереңіне үңілетін тағы бір адам табылды. Психолог апайым мені әрдайым тыңдайды, менің сезімдерімді түсінуге тырысады. Оның жылы сөзі мені тыныштандырады, ал менің көз нұрым жарқырап, қуанышқа толады. Психолог апайыммен өткізген әрбір кездесу мен үшін жаңа әлемнің есігін ашты. Мен оған өзімнің қайғыларымды, қуаныштарымды, уайымдарымды айтуға мүмкіндік алдым. Оның көмегімен мен өзіме сенімді болуды, қиындықтарды жеңуді үйрендім. Психолог апайым мені әрдайым шабыттандырады, ынталандырады, менің күшті жақтарымды көруге көмектеседі. Мен қорқып сөйлейтінмін, ойымды ашық айта алмайтынмын. Сабақты үшпен  бітірген едім. Мен  төрт, тіпті бес ала бастадым. Мен жақсы оқи алатыныма сене бастадым. Себебі сынып жетекшім, әрі  психолог апайыммен кездескен сайын, менде үлкен өзгерістер болды. Оның қолдауымен өзімнің ішкі күшімді тауып, өмірдегі қиындықтарды жеңуге дайын бола бастадым. Өзімнің жарқырай түскенімді байқаймын, бұл мені шабыттандырады. Күнде түстен кейінгі уа­қытта оқушыларды қосымша сабақтарға шақырады. Мен қалмай келемін. Үш апта өтті. Ертесіне тағы қызық жағдай болды. Гүлмира апайым папамды мектепке шақырыпты. Маған келетінін ескертті. «Келмей қалмай ма екен» деп іштей уайымдадым. Келді. Ура! Папам келді.  Апай оны достарыммен таныстырды, оқитын сынып бөлмелерді, дәптерлерімдегі бағаларды, күнделігімді көрсетті. Бұрынғыдай лас дәптер жоқ, бәрі тап-таза жазылған еді. Папам да қатты қуанып тұр. Тап-таза киініп келіпті. Таңқалдым, ішімнен «папам өзгеріпті» деп қоямын. Мен де өзгердім. Кейін білдім, сүйікті Гүлмира апайым алдын ала  ауылдағы үйге барып, «мектепке келіп, қызыңызды, оқитын жерін көріп қайтыңыз» деп папамды бір апта жүріп, әрең көндірген екен. Оны маған кейін папам айтты. Мен қазір мамандық таңдау туралы ойланбаймын. Себебі мен өскенде Гүлмира апайым сияқты психолог болғым келеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: