Сенбі, 28 маусым, 13:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47,2160
28.06.2025
PDF мұрағаты

Мерей – үстем, мәртебе – биік

28.06.2025

55 0

Қаламның қасиетін бағалап, құдыретін сезінген бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мінберге шығатын мерейлі сәті Сыр елінің бас қаласы Ақмешіттің төрінде дүбірлеп өтті. Өнер орталығында өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, өңірдің БАҚ саласы мен зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау және жауапты сала басшылары қатысты.

– Бүгінгі мереке – мерзімді басылымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктер мен сайттарда қызмет істейтін шығармашылық өкілдерінің, журналист жасаған сюжет пен жазған мақаланың техникалық, көркемдік тұр­ғыдан толыққанды жарыққа шығуына еңбек сіңіретін оператор, дизайнер, режиссер, инженерлердің мерейлі күні. Сіздер жаңа бетбұрыстар кезеңінде қоғам мен биліктің ара­сында алтын көпір болып, жұртшылыққа реформалардың маңыздылығын жеткізуде жауап­ты міндет атқарып келесіздер. Мереке қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ қызметкерлерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда жерлесіміз, ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген «Qyzylorda» телеарнасының директоры Әмиша Нұрбек Шынтемірұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Бұл – Сыр журналистикасының бүгінгі беталысына берілген жоғары баға. Осыдан 100 жыл бұрын Қызылорда еліміздің тұңғыш астанасы болған тұста әлеуметтің рухани өмірінде ерекше серпіліс жасалды. Тарихи кезеңде республикалық мерзімді басылымдардың барлығы Сыр өңіріне көшірілді. Ұлттық сөз өнерінің майталмандары, Алаш зиялылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Сәбит Мұқанов журналистік шеберлігін шыңдап, халыққа ақпарат тарату ісіне белсене қатысты, – деген аймақ басшысы өңір журналистикасының тари­хына тоқталып өтті.

Мерекелік жиында салаға ізденісі мен кәсіби шеберлігін арнап, оқырман мен көрермен құрметіне бөленген журналистер марапат төрінен көрінді. Мемлекет басшысының Жарлығымен облыстық «Сыр бойы» газеті «Руханият» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі Дүйсенбек Беркінбаев «Құрмет» орденімен, республикалық «Казахстанская правда» газетінің меншікті тілшісі Әлібек Байшүленов пен «Қоғам ТВ» телеарнасының шеф-редакторы Баян Құлтанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар тілшілерге облыстың ең жоғарғы наградасы – Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет» грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты мен номинациялар табысталды.

Қала тынысын айшықтап, газет бетінде таңбалаған «Ақмешіт апталығы» газеті дәл осы күні құрмет төрінен көрініп, арнайы номинация­мен марапатталды. Ал газет тілшісі Гауһар Қожахметоваға «Ақпарат саласының үздігі» төс­белгісі табысталды.  

Бүгінде Сыр журналистикасының тарихы өзінің ғасырлық белесіне жақындады. Өткен жылы еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі – облыстық «Сыр бойы» газетінің жарыққа шыққанына 95 жыл толса, биыл «Кызылординские вести» газеті 95 жылдығын атап өтуде. Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» басылымына 90 жыл, Шиелі аудандық «Өскен өңір», Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеттеріне 85 жыл, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің жарық көргеніне 30 жылдан асып барады.

Жиын соңында өңір өнерпаздары әннен шашу шашып, Сыр сахнасын бимен көмкерді. Мереке иелеріне құрмет ретінде берілген облыс әкімінің ықылас гүлі де қадірлі мамандық иелерінің мерейін үстем етті.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: